Елімізде дің жасушаларын трансплантациялауға жұмсалған 17,7 миллион теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы төленді. Биыл тоғыз айда балаларға осындай 36 операция жасалған, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, қазан айында жасалған дің жасушаларын трансплантациялау операциясының құны 17 684 387 теңгені құраған. Емдеуге жұмсалған қаражаттың барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен өтелді.
Дің жасушаларын трансплантациялау медицинадағы ең күрделі әрі қымбат емдеу тәсілдерінің бірі саналады. Мұндай операциялар қан мен сүйек кемігінің ауыр ауруларына шалдыққан науқастарға жасалады. Емдеу барысында науқастың ауру немесе қарқынды терапия салдарынан зақымданған қан түзу жүйесін қалпына келтіру көзделеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпаратына сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда балаларға дің жасушаларын трансплантациялау бойынша 36 операция жүргізілген. Медициналық көрсеткіштерге қарай науқасқа өзінің немесе донордың дің жасушалары көшіріледі. Бұл емдеу тәсілі арнайы медициналық дайындықты, заманауи жабдықтарды және ұзақ мерзімді дәрігерлік бақылауды қажет етеді.
Қордың түсіндіруінше, медициналық көрсеткіштер болған жағдайда мұндай қымбат емдеу шаралары МӘМС пакеті аясында қаржыландырылады. Ал 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет жарна төлейтін жеңілдік санатындағы сақтандырылған азаматтар қатарына кіреді. Сондықтан олар сақтандыру жарнасын өздері төлемейді.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматы қаласының медициналық ұйымдарында балаларға донорлық дің жасушаларын трансплантациялау бойынша 40 операция жасалған. Сол кезде бір операцияның құны 17–20 миллион теңге аралығында болған. Бұл балаларға көрсетілетін ең қымбат медициналық көмектің бірі ретінде тіркелген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!