Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Санитариялық қауіпсіздік: САН мен САУАЛ

12.11.2026, 8:00 25

Адам денсаулығының қадірі көбіне оған қауіп төнгенде ғана сезіледі. Ал аурудың алдын алу, жұқпалы індеттің жолын кесу, санитариялық талаптардың сақталуын қадағалау – қоғам қауіпсіздігінің ең жауапты бағыттарының бірі. Бұл саладағы салғырттықтың құны адам саулығымен өлшенеді.

Қызылорда қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуалға қатысты биылғы 9 айдың қорытындысы да бірқатар мәселенің басын ашып отыр. Ресми деректер бойынша кейбір инфекциялық аурулар азайғанымен, кене шағу, жануарлардан жарақат алу, туберкулез бен өзге де жұқпалы аурулар бойынша қауіп сейілген жоқ. Оның үстіне, санитариялық талаптардың сақталуына жүргізілген бақылау нәтижелері де көңіл  көншітпейді.

Аурудың азаюы – жақсы көрсеткіш. Алайда, статистикадағы  оң  өзгеріс  санитариялық  қауіпсіздік мәселесі толық шешілді деген сөз емес. Қызылорда қаласында жыл басынан бері 875 адамды кене шаққан, жануарлардан жарақат алған 853 жағдай тіркелген. Оның үстіне, алғашқы диагнозбен тіркелген Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 9 күдікті оқиғасының екеуі зертханалық және клиникалық жолмен расталған. Бұл сандардың  әрқайсысының  артында  адам  денсаулығы  мен  қауіпсіздігі  тұр.

Демек, санитариялық-эпидемиология­лық бақылаудың нәтижесін аурушаңдықтың төмендеуімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Қауіп­тің алдын алу, оның таралуына жол бермеу және бақылау тетіктерінің қаншалықты тиімді жұмыс істеп отырғаны да назардан тыс қалмауы тиіс. Облыс орталығындағы эпидемио­логиялық ахуал 5 қарашада қалалық мәсли­хаттың мәжіліс залында өткен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің көшпелі алқа мәжілісінде талқыланды.

Мәжіліске қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев та қатысып, санитариялық-эпиде­миологиялық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау – бас­ты басымдықтардың бірі. Осы ретте алдын алу шара­ларының тиімділігін арттырып, межеленген міндеттердің сапалы орындалуын қамтама­сыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда  болатынын  жеткізді.

Жиында 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындыланып, қалалық санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бейбіт Бидаш баяндама жасады. Есепте бірқатар ауру түрінің азайғаны айтылғанымен, келтірілген өзге деректер санитария­лық бақылау саласында шешімін күткен мәселелердің бар екенін аңғартады. Мәселен, биылғы 9 айда  жіті  ішек инфекциясының 761 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 836 жағдаймен салыстырғанда 5,4 пайызға аз. Әсіресе балалар арасындағы сырқат­танушылықтың 15 пайызға төмендеуі көңіл көншітеді. Былтыр 14 жасқа дейінгі балалар арасында 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 520 болса, биыл 438-ге дейін түскен.

Ал, 9 айда қалада ит-мысық және өзге жануар­лардың тістеуі, тырнауы мен сілекейі арқылы жарақат алған 853 адам тіркелген. Оның 554-іне ит, 280-іне мысық жарақат салған. Ең алаңдатарлығы, жарақаттаған жануар­лардың 55,2 пайызы белгісіз, яғни қаңғыбас ит-мысықтар санатына жатады. Қала­лық ветеринариялық станция мәліметінше, осы кезеңде құтыруға қарсы екпені небәрі 300 ит алған. Бұл көрсеткіш қаладағы қаңғыбас жануарлар мәселесін ветеринариялық бақылаумен қатар, жүйелі түрде шешу қажеттігін көрсетеді. Бруцеллез бойынша да сырқат­танушылық тіркелген. Биылғы тоғыз айда 20 жағдай  анықталып, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 5,19 болған. Ал туберкулездің 122 жаңа жағдайы есепке алынған. Өткен жылдың сәйкес кезеңін­де 129 науқас тіркелген. Жаңа жағдайлардың 103-і тыныс жолдары туберкуле­зіне тиесілі, оның 25-і аурудың  жұқпалы  түрімен  есепке  алынған.

Басқарма басшысы Бейбіт Молдахметұлының айтуынша, қаладағы ана мен бала орталығында болған бір жағдай туберкулезді дер кезінде анықтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жүкті әйел босану бөліміне тұмаудың ауыр түріне ұқсас белгілермен түскен. Нәрестесі пневмония диагнозымен дүниеге келіп, анасы мен баласы толық сауығып үлгерместен үйіне шығарылған. Алайда, көп ұзамай екеуінің де жағдайы күрт нашарлап, қайтадан медициналық көмекке жүгінуге тура келген. Тексеру кезінде туберкулез қоздырғышына, яғни Кох таяқшасына сынама алынып, зертханалық нәтижесі оң болған. Нәтижесінде анасының бір айлық сәбиіне және үйіндегі мектеп жасындағы екі қызына да жұқтырғаны анықталған. Анасы мен балалары 28 күн бойы оқшауланған жағдайда ем қабылдаған. Туберкулезбен күресте уақытылы диагностика мен жүйелі медициналық бақылаудың орны айрық­ша, өйткені кешіккен шешімнің зардабын тұтас отбасы тартуы мүмкін.

Сонымен қатар, басқарма басшысының есебінде санитариялық талаптардың сақталуына жүргізілген мониторинг барысында бірқатар нысанда заңбұзушылықтар анықталғаны айтылды.

– Балаларға профилактикалық егулерді ұйым­дастыру, иммундық-биологиялық препараттарды сақтау және тасымалдау кезінде салқын тізбек талаптарының сақталуын бақылау мақсатында жоспарланған 98 нысанның 97-сіне мониторинг жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 86 нысанда санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Нұсқаманы орындамаған нысандарға қатысты жоспардан тыс тексеру­лер жүргізіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-тармағы бойынша 14 айыппұл салынды. Ал 462-баптың 3-тармағына сәйкес тиісті материалдар қалалық сотқа жолданды, — деді басқарма басшысы Б.Молдахметұлы.

Қаладағы санитариялық жағдайды бағалау­да қоршаған орта сапасы да маңызды орын алады. Атап айтқанда, атмосфералық ауаның ластану деңгейіне жүргізілген мониторинг аясын­да тоғыз айда 1 633 сынама алынған. Бақылау 17 нүкте бойынша жүргізіліп, зертханалық талдау нәтижесінде шекті рұқсат етілген концентрациядан асу деректері анықталмаған.

Алқа мәжілісінде жауапты мекемелердің жұмысына қатысты бірқатар нақты тапсыр­ма мен ескерту де айтылды. Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ветеринария­лық қызметке қаңғыбас иттер мәселесін жүйелі түрде шешуді тапсырды. Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінің басшысы Гүлмира Сыздықова Сырдария және Шиелі аудандық басқармаларының жұмысына сын айтып, олардың қыз­метін жеке бақылауына алатынын жеткізді. Сондай-ақ Қызылорда қалалық санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бейбіт Молдахметұлына қоғамдық тамақтану орындарында жиілеп кеткен келеңсіз жағдайларға қатысты нақты есеп жүргізіп, анықталған мәселелердің шешілу барысын  бақылауды  тапсырды.

Жиында көтерілген осы мәселе редакция назарын да аударды. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі ретінде басқарма басшысына сауал қойып, қазан айының соңында қоғамда резонанс тудырған тағамнан улану оқиғасының мән-жайын сұрадық.

Әңгіме «Банзай суши Қызылорда» фаст-фуд желісінен тағамға тапсырыс берген бір отба­сының жаппай улану дерегі туралы. Оқиға­дан кейін отбасы мүшелері ішек инфекциясы диагнозымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Зардап шеккендер жағдайды әлеуметтік желіде жариялап, тиісті органдарға шағым түсірген. Жазбаға пікір білдірген желі қолданушылары да осыған ұқсас жағдайлар бұрын да болғанын айтып, қоғамдық тамақтану орындарындағы санитариялық талаптардың сақталуына қатысты алаңдау­шылық  білдірді.

Осы оқиғаға байланысты басқарма басшы­сынан тексеру жұмыстарының қорытындысын, нысанның қазіргі мәртебесін және жауап­ты тұлғаларға қатысты қандай шаралар қабылданғанын  нақтыладық.

– Қазіргі уақытта аталған нысанның қызметі толық тоқтатылды. Оқиғаға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, нысанда жұмыс істеген қызметкерлерге еңбек міндеттерін атқаруына шектеу қойылып, жұмыстан шеттету туралы шешім шығарылды. Бүгінгі күні  осы жағдайға байланысты ішкі істер органдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде, — деді  Бейбіт  Бидаш.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың тиімділігі атқарылған жұмыс пен өткізіл­ген тексерістің санымен өлшенбейді. Негізгі өлшем – тұрғындардың денсаулығына төнетін қатердің қаншалықты азайғаны. Жоғарыда айтылған 9  айдағы қорытынды деректер бақылау жұмысының әлсіз тұстарын ашып көрсетсе, әсіресе тағамнан улану оқиғасы бақылаушы органдардың жауапкершілігіне қатысты бірнеше сыни сауал туғызып отыр. Анығырақ айтқанда, нысанның қызметін тоқтату мен қызметкерлерді жұмыстан шет­тету – оқиғадан  кейін  қабылданған  шаралар.

«Ал оған дейін санитариялық талаптардың сақталуы қалай қадағаланды? Бұған ұқсас жағдайлардың қайталануына не себеп? Қоғамдық тамақтану орындарына жүргізілетін тексеру мен алдын алу жұмыстары нақты қауіптің алдын алуға қаншалықты қауқарлы?».

Осы сауалдарды облыстық санитариялық-­эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова қалалық басқарма басшысы Бейбіт Молдахметұлына жолдады. Бейбіт Бидаштың түсіндіруінше, кәсіпкерлік нысандардың меншік иелері нотариус арқылы жиі ауысуы, сондай-ақ, кейбір нысанның жабық тұруы бақылау жұмыстарын жүргізуге  кедергі  келтіріп  отыр.

Қорытындылай келе, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдағы әрбір олқылықтың ар жағында адам денсаулығы мен өміріне төнген қауіп тұр. Сондықтан бақылаушы органдардың жұмысы ауру тіркелгеннен кейінгі тексеру не шарамен шектелмеуі шарт. Қатерді дер кезінде анықтап, оның алдын алуға бағытталуы тиіс. Адам саулығына келгенде кешігіп қабылданған шараның құны тым қымбат.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: Қызылорда қаласы әкімдігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: