Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол ережесін бұзсаң, куәлігіңнен айырыласың

12.11.2026, 7:20 19

2026  жылдың  1  қаңтарынан  бері  елімізде  автокөлікті  мас  күйінде басқарғаны және жолдың қарсы жолағына шығып кеткені үшін 21,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған. Соның ішінде 17 мыңнан астам адам мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылған. Әкімшіліқ құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша автокөлікті мас күйінде жүргізіп ұсталған адам 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Мұндай өрескел заңбұзушылық қайталанғанда куәліктен айыруы мерзімі 8 жылға, жекелеген жағдайларда  9 жылға дейін ұзарады. Бір алаңдататын нәрсе, елдегі жолдағы апаттар деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Өйткен себебі, көлік жүргізушілері (кей жағдайда жаяу жүргіншілер де) тиісті ережелерді елемейді, қозғалыс мәдениетіне немқұрайды қарайды. Осыған орай, Үкімет  жолда  жүру  ережелерін  қасақана бұзатын  автокөлік  жүргізушілеріне айыппұл  мөлшерін  еселеп  арттыруды қарастыруда.  Өзекті  мәселені  талдап  көрейік.

Көптеген автокөлік жүргізушілері қандай жағдайда куәлігінен айырылатынын білмейді. Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы (ӘҚБтК) және Қылмыстық кодексте (ҚК) ІІМ-нің куәлікті алып қоюына негіз болатын 34 түрлі себеп бар. Осы екі кодекстегі кейбір нормаға сәйкес, жолда жүру ережесін өрескел бұзып,  басқа  бір  адамның   денсаулығына зиян келтірген я  болмаса  өліміне  әкеліп  соқ­тырған жағдайда куәліктен айырылып қана қоймай, түрмеге қамалады. ӘҚБтК-тің 606-бабы  бо­йынша жолда апаттық жағдай туғыз­са, 10 АЕК  (43250 теңге)  көлемінде айып­пұл төлейді. Ал бір жыл ішінде екінші рет жолда апаттық жағдай туғызса, 6 ай көлік жүргізу құқығынан айырылады. Жолдың қарсы бөлігіне өту, қауіп­ті маневр жасау және басқа көліктен озатын кезде ереже бұзу 6-9 айға де­йін  көлік тізгіндеу  құқығынан айырады. ӘҚБтК-тің 611-бабы бойынша жүргізуші жол ереже­сін бұзып, өзi қатысқан жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалса, 50 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 1 жылға куәлігінің мерзімі тоқтайды. ҚК-тің 345-бабы бойынша автокөлік жүргізу­шісі жол ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауырлы­ғы  орташа зиян кел­тір­се, 160 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (неме­се 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады), я болмаса 40 тәулікке қамалып, 2 жылға дейін авто­көлік жүргізе алмайды. Ал абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келуі­не себеп болған дәл сол іс-әрекет – 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартуға я болмаса 2 жылға  дейін  бас бостандығын  шектеуге  немесе дәл сол мерзімге қамауға және 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруға әкеледі. Абайсызда адам өліміне әкелген іс-әрекет – 5 жылға дейін бас бостандығынан да, жүргізуші куәлігінен де айыруға себеп болады. Абайсызда екі не одан көп адамның өліміне әкелген әрекет – 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамап, 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыруға себеп болады.

Спирттік ішімдік ішіп, есірткі тұтынып, жол апатын  жасаған  жүргізуші (ҚК-тің 345-1-бабы) абайсызда адамға орташа зиян келтірсе – 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып,  1000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді не 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады, не 1 жылға бас бостандығы шектеледі (абай­сызда адам денсаулығына ауыр зиян келсе – 10 жылға куәлігінен  айырылып, 3000 АЕК  айыппұл  төлейді я  болмаса 3 жылға түрмеге қамала­ды; ал абайсызда адам өліміне себеп  болса – 10 жылға куәлігін тапсырып, 7 жылға бас бостандығы шектеледі; ал абай­сызда екі не одан  көп  адамның өліміне әкелген әрекет өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, 7 жылдан 10  жылға  дейін бас бостандығын шектеуге  себеп  болады).

ӘҚБтК-тің 613-бабы бойынша полицияға (әскери полиция, көлік бақылау органы қызметкері) бағынбаған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, 1 жылға куәлігінен айырылады. Ал алкоголь не есірткі тұтынғанын тексертуден бас тартса, 15 тәулікке қамалып, 8 жылға куәлігін тапсырады. Әкімшілік жазаның мерзімі өткен соң 1 жыл ішінде дәл сол әрекеті  қайталанса, 20 тәулікке бостандығы шектеліп, 9 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бұл жерде 34 түрлі себептің барлығын тізбектеп жаз­бадық.

Қазір айыппұлды елемей, жол жүру ережелерін қасақана бұзатын көлік жүргізушілері аз емес. Бас Прокуратура таратқан ресми мәліметке сүйенсек, 2026 жылдың 6 айында 15188 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы оқиғалардың жартысынан астамы жол жүру ережелерін қасақана және жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің кінәсінен болған. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде 5971 адам жарақат алып, 208 азамат, соның ішінде 40 бала қаза тапқан. Мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен 209 адам зардап шегіп, 8 адам қайтыс болыпты. Бір назар аударатыны, ең ауыр зардаптар бұрынғыдай жылдамдықты арттыру мен қауіпті маневр жасауға байланыс­ты болған. Дәл осы құқықбұзушылықтардың салдарынан 8 мыңнан астам адам жарақат алып, 676 азамат қаза тауыпты. Сол себептен қазіргі кезде жол бұзақыларына қатысты ұсақ бұзақылығы үшін жауапкершілікке тарту тәжірибесі белсенді түрде енгізілуде. Соттар прокурорлардың құқықтық ұстанымын қолдап, құқық бұзушыларға әкімшілік қамақ жазасын белгілеуде. Жыл басынан бері ӘҚБтК-тің 434-бабы бойынша 29 жол бұзақысы  әкімшілік  қамаққа  алынған.

Отандық тәжірибе көрсетіп отырғандай, ауыр жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкер­шілікке тартылған жүргізушілер жасайды. Тіпті, кейбір есерлер үшін айыппұл төлеу заң талаптарын елемеудің бір тәсіліне айналғаны рас. Мысалы, Алматыдағы үш адамның өмірін қиған қорқынышты жол апатына кінәлі жүргізуші бұған дейін көлік жылдамдығын 21 рет асырып, әкімшілік жазаға тартылған. Ақмола облысындағы адам өліміне әкеліп соқтырған жол апатына себепші болған жүргізуші жол жүру ережелерін 13 рет бұзыпты. Бірер жыл бұрын, түркістандық полицейлер 73 рет жол жүру ережелерін бұзған такси жүргізушісін ұстады. Оған салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңгеге жетіпті. Тіпті, жол жүру ережелерін 100 рет бұзған тараздық жүргізушіні де білеміз. Қазір жол бойындағы бейнетіркегіштердің жазбасынан я болмаса азаматтардың дер кезіндегі хабарламасынан жол бұзақыларының қыл­мысын  жедел  анықтауға  мүмкіндік  мол.

Құзырлы  ведомство  қасақана   жол  ере­желе­рін бұзатын жүргізушілермен күресудің халық­аралық  тиімді  бір  тәсілін  пысықтап  жатыр. Бұл жаңалықты қыркүйектегі Үкімет отырысында  Ішкі  істер  минисрі  Ержан Сәде­нов  жария  етті.

«Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, қолданысқа енгізуді ойластырамыз. Қазір айыппұлды елемейтін өрескел құқық бұзушылар бар. Солармен күресу мақсатында «балдық жүйені» енгіземіз. Ол әрбір заң бұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр заңбұзушылық іс-әрекеттер жасағаны үшін жүргізуші куәлігінің күшін 1 жылға тоқтату көзделеді» деп түсіндірді  ноу-хауды  Е.Сәденов.

Ішкі істер министрлігі заңға енгізілетін мұндай түзетуді 2026 жылдың соңына дейін Құрылтайға  жолдайды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов  жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштері төмендегенімен, жол ережелерін жүйелі түрде бұзу мәселесі сақталып отырғанына қын­жылды.

«Жалпы ахуалдың жақсарғанына қарамастан, елімізде жол апаттарының деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Көлік жүргізушілері тиісті ережелер мен талаптарға және жол қозғалысы мәдениетіне немқұрайды қарай­ды. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауап­сыз жүргізушілер де бар. Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет» деді ол құзырлы министрлік басшысына  тапсырма  беріп.

Премьер-Министр жол ережелерін жүйелі түрде бұзатын көлік жүргізушілерінің жауапкершілігіне қатысты қолданыстағы тәсілдерді қайта қарауды және балдық жүйе енгізу мүмкіндігін  зерделеуді  тапсырды.

«Жол жүру ережелерін қасақана бұзатындарға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуі тиіс. Керісінше, заң­бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Біздің ортақ міндетіміз – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апаттарын тұрақты түрде төмендету және  адам  өлімін  азайту»  деді  ол.

Балдық жүйе деген не? ІІМ-нің орын­басары Игорь Лепеханың айтуынша, министрлік алдын ала бір жылға 20 балл лимит бекітуді ұсынуда. Балдардың саны құқықбұзушылық іс-әрекеттің ауырлығына байланысты болады. Мысалы, жолда көліктің жылдамдығын 10 шақырым/сағатқа көбейтсе, бір балл есептеледі. Ал бағдаршамның тыйым салынған дабылына  құлақ аспай, өтіп кетсе, үш балл есептеледі.

«Алайда мұндай параметрлер әлі нақты бекітілген жоқ. Егер жол жүру ережелерін қасақана бұзатын жүргізу­шілер 20 балл жинаса, лайықты жазасын алады. Яғни, жүргізуші куәлігінен айырылады. Әзірше бұл мерзімге де нақты тоқталған жоқпыз: 6 ай мен бір жылды қарас­тырып отырмыз. Осы уақыт өткеннен кейін әлгі жүргізуші жол жүру ережелері туралы білімін тексеруі үшін қайта емтихан тапсырады. Сәтті тапсырса, куәлігін алады. ІІМ Бас Прокуратурамен бірлесіп іс жүзінде балдық жүйе қалай жұмыс істейтінін тексерді. Қанатқақты жоба аясында біз күтпеген нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ заң әлі қабылданған жоқ, сол себептен ешкімді жауапкершілікке тарт­падық. Құрылтай депутаттарымен осы мәселені заңға енгізуді бірге талқылаймыз. Олар қолдаса, онда жаңашылдық қолданысқа енеді»  деп  түсіндірді  И.Лепеха.

Астанада күн сайын кем дегенде 3 мыңнан астам жол жүру ережелерін бұзу деректері тіркеледі. Оның бір себебі, бас қалада автокөліктер саны тез өсіп келеді. Ресми мәліметке жүгін­сек, қазір елордада 471 мың көлік құралы тіркеліпті. Бұл сан жыл сайын 25-30 мың көлікке көбейіп отырады. Мұндай жағдайда көлік қозғалысын бақылау да оңайға соқпайды. Алайда көлік ағындарын басқару интеллек­туалды ITS жүйесі арқылы іске асырылады. Бұл жүйеге  қаладағы  бағдаршам нысан­дарының 80 пайызы кіріктірілген. Жол қозғалысын ұйым­дастыру орталығы бүгінгі таңда 12 мобильдік кешенді іске қосқан. Демек ақылды  жүйе  жолдағы  ахуалды осылайша бақылауға, реттеуге  мүмкіндік  туғызады.

Елорда көлік жүйесі бойынша өзге өңір­лерден озып тұр. Бұған бір мысал, бейне­бақы­лау инфрақұрылымы тұрақты түрде жаңғыртылып отырады. Қала әкімі Жеңіс Қасым­бектің айтуынша, Smart Sity жобасы аясын­да бас қала­да жол қозғалысы ережелері­нің сақ­талуын тіркеудің 1,2 мыңнан астам кешені іске қо­сыл­ған. Ахуал орталығына 60 мыңнан астам бейнекамера кіріктірілген. Мұндай жаңару автом­атты түрде тіркелетін жол ережелерін бұзу оқиғаларын 4-тен 15 түрге дейін  арттыруға  жол  ашыпты.

«Қаланың көшелеріндегі жолдарына жыл сайын ұлғайып келе жатқан жүктемені ескере отырып, көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Жасан­ды интеллект базасында бейнесараптаманың 35 түрін енгізу жол-көлік оқиғаларының санын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді» деп түсіндірді жаңалықты Ж.Қасымбек Үкімет  отырысында  сөйлеген  сөзінде.

Жасанды интеллектінің жақсылығы аз емес. Ал еліміздің барлық жолындағы қауіп­сіздікті 30 мыңнан астам бейнекамера жазып, бақылайды. Соған қарамастан, жол апат­тары­ның саны азаймай отыр. Бұл көрсеткішке жүргізушілердің рөлде отырып ұялы телефон қолдануы да айрықша әсер етеді. Әсіресе, елді мекендерде болатын жол апаттарына смартфоннан көзін алмайтын жүргізушілер кінәлі болып жатады. Осыған орай, Үкімет басшысы Олжас Бектенов жолдағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуы тиістігін мәлімдеді. Ол ІІМ-іне әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық бейнекамераның жұмысын тексеріп шығуға пәрмен берді. Жол-көлік оқиғаларына жаяу жүргіншілердің өздері де кінәлі болатын кезі көп. Сол себептен Үкімет басшысы жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін адамдарға қатысты жауапкершілікті қатайтуды тапсыр­ды. Айтпақшы, құзырлы орган дрондардың көмегімен де жол жүру ережелерін бұзу оқиғаларын тез анықтайды. Биылғы 8 айда дрондардың көмегімен жол жүру қағидаларын бұзудың 20  дерегі  анықталған.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: