Қызылорда облысы Полиция департаментінде Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің күніне орай «Өнегелі өмір – ұрпаққа аманат» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шарада саналы ғұмырын қоғамдық тәртіпті сақтауға арнаған ардагерлер марапатталды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Мерекелік басқосуға ішкі істер органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагерлер мен полиция қызметкерлері қатысты. Жиында аға буынның ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы еңбегі дәріптеліп, олардың жас қызметкерлерді тәрбиелеудегі рөліне ерекше мән берілді.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында ішкі істер органдары ардагерлерінің 13 ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамында 2200 зейнеткер тіркелген. Ардагерлер ұйымдары қызметтен кеткен мамандардың өзара байланысын сақтап, жинақтаған тәжірибесін кейінгі буынға жеткізу бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Салтанатты жиында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ол ішкі істер саласының дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін атап өтіп, олардың қызметтік тәжірибесі мен өнегелі өмір жолы жас полицейлер үшін маңызды екенін жеткізді.
Мерекелік шара барысында бірқатар ардагерге Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің Қазақстандық ұйымының төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековтің бұйрығымен «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ ұзақ жылғы қызметі үшін ардагерлер Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Қазақы дәстүрге сай Төлеш Әлиев, Тастемір Рахимов, Есентай Қозыбаев және Кенжетай Жарылқасынованың иығына шапан жабылып, арнайы марапаттар берілді. Жиынға қатысушылар аға буын өкілдеріне алғыс білдіріп, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.
Іс-шара ардагерлерге құрмет көрсету және ішкі істер органдарындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!