БҮГІНГІ САТИРА
(«Ақылды ақымақтар» сатиралық романымнан үзінді)
– Күйеусіз өмір – шайсыз өмір, — деді ол.
Жасы – жиырма сегізде. Жас кезінде еркек қараса, еркектер есінен танатын. Ал қазір өзі қараса, еркек біткен естерінен танып қалатындай көрінеді. «Мен мұндамын! Мен кәрі қызбын!» деп айғайлағысы келеді.
– Мейлі, тапқан табысы аз болсын, тек менімен бірге ұйықтасын, — дейді ол.
Бірақ ауылдың жігіттері шай ішсе де – шайдың ақшасын сұрайтын күйге жеткен. Жесір шешесі аурушаң. Күн сайын дәрі, компресс… Тіршілік деген – таусылмайтын сериал. Солай жүріп, оң босағаның сәндік элементіне айналғанын байқамай қалыпты. Айғайлап та көрді:
– Маған күйеу керек! Екеуміз отырып ішетін шай керек!
Бірақ айғайынан тек ит үріп, көрші Күләш терезеден сығалады. Күйеулер де қызық, біреуін іздесең – несие төлеп жүр, екіншісі – әйелінен қашып жүр, үшіншісі – Instagram-да өмір сүріп жүр. Сонымен Айзада шелегін сиырдың мүйізіне іліп қойып, ойланған қалпы тақтайшаға отыра қалып, жерге сауып жібере жаздады.
– Кешіріңіз, Сиыргүл апай, — деп әзілдеді ол.
Мүйізден шелекті алып, сиырдың бұтының астына қоя беріп, сар-сар еткізіп сауа бастады. Ойлана сауып отыр. «Шіркін, менің болашақ күйеуім қайда жүр екен? Түріңнен сол, түрі қандай екен? Жоқ әлде, жұмыртқаның сарысындай ма? Жоқ әлде, қазанның қара күйесіндей ме? Жоқ әлде, жіңішке ме, жоқ әлде түйедей ме? Е, мейлі, ең бастысы, адамгершілігі керемет болсын. Мені етпетімнен түсе қалып, құлап бара жатсам да сүйіп үлгеретін болсын. Ойбуй, мамандығы қандай? Ауылдағы электрші. Жоқ, қаладағы сантехник. Жоқ, кәсіпкер. Қолдан келіп тұрғанда айта салайыншы, қала әкімі! Ауыздан аяп қайтемін, мәдениет министрі! Қолымнан келіп тұрғанда қонышымнан басайын, Премьер-министр! Қойшы, не ойлап кеттім? Кім болса да қара нан мен қара су ішсек те мейлі, мені сүйіп, еркелетіп, мойнына мінгізіп алып зырылдап жүрсе болды!».
Мұхтар ШЕРІМ.
Фото: kartinkof.club
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!