Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан деректер орталықтарынан жылына 3,1 млрд доллар табыс табуы мүмкін

06.11.2026, 10:25 63

Павлодар облысында салынып жатқан «Дата-орталықтар алқабы» жобасының жылдық экспорттық түсімі 3,1 млрд долларға жетуі мүмкін. Ал халықаралық KPMG компаниясының бағалауынша, деректер орталықтарының 20 жылдық жұмысы кезеңіндегі ықтимал инвестиция көлемі 115 млрд долларды құрайды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан «Дата-орталықтар алқабы» (Data Center Valley) жобасының құрылыс барысын қарады. Жиында нысандарды іске қосу мерзімдері, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және шетелдік инвесторларды тарту мәселелері талқыланды.

Жобаның алғашқы кезеңінде жалпы қуаты 304 мегаватт болатын үш деректер орталығын салу жоспарланған. Бірінші нысанның қуаты 68 мегаватт болып, оны 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал Firebird AI компаниясының 164 мегаваттық орталығы үшінші тоқсанда, қуаты 72 мегаватт болатын үшінші нысан төртінші тоқсанда іске қосылуға тиіс.

«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің мәліметінше, алғашқы орталықтың дайындық жұмыстары аяқталып, іргетасы мен инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Екінші орталықтың қазаншұңқырын дайындау жұмыстары 70 пайызға орындалған.

Жобаның келесі кезеңінде халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту қарастырылған. Қазір Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен жалпы қуаты 480 мегаватт болатын есептеу инфрақұрылымын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдер жасалған. Ал 2029 жылға қарай бүкіл кешеннің қуатын 1 гигаватқа дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жоба аясында салынатын деректер орталықтары үлкен көлемдегі ақпаратты сақтауға және өңдеуге, жасанды интеллект жүйелерін іске қосуға, сондай-ақ халықаралық компанияларға бұлтты есептеу қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. Осы арқылы Қазақстан цифрлық қызмет экспортын ұлғайтуды көздейді.

Үкімет отырысында KPMG компаниясының экономикалық бағалауы да таныстырылды. Оған сәйкес, жобаның жылдық экспорттық түсімі 3,1 млрд долларға жетуі, ал 20 жылдық кезеңдегі инвестициялардың жиынтық көлемі 115 млрд долларды құрауы мүмкін. Алайда бұл сандар нақты түскен қаржы немесе кепілдендірілген табыс емес, жобаның болашақ әлеуетіне қатысты болжамдар.

Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен «Қазақтелеком» компаниясына нысандарды белгіленген мерзімде іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: