Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сын  айту мәдениеті

02.11.2026, 15:10 111

HALYQLINE.KZ

Гүлзат КӨБЕК

киносыншы,

Өнертану PhD докторы,

«Тұран» университетінің профессоры

Сыни ойлау – шындыққа апаратын жалғыз жол. Бір мәселені әртүрлі ракурстан қарап көру мүмкіндігі. Ыңғайсыз сұрақтар – мәселенің жанды жерінен басатын ыстық нүкте.

Сын айту – жеке тұлғаның сағын моральдық тұрғыдан сындыру емес, 6 санаға ықпал ету, тығырықтан шығатын сауатты жолын көрсету.

Ең оңтайлы тәсіл – адамға өткір сауалдар қоя отырып, жауабын жеке өзі табуына ықпалдасу.

Кәсіби сыншы маманы ретінде сын айтудың өзіндік мәдениеті мен әдеп негіздерінің басты қағидаларын жүйелеу маңызды деп есептеймін.

СЫН  ТАБИҒАТЫ

Сын табиғаты батыл ойға негізделеді. Ой еркіндігі іс-әрекетке ықпал етеді.

Сөз бен іс үйлеспесе, сенім жоғалады. Үйлесімділік жоғалса, сыни сараптама жасаудың қажеттілігі бар.

Сын – шындыққа тура қарау. Іс шындыққа жанаспаса, мойындау. Ой әрекетін өзгертуге ықпал жасау. Қабылдау ракурсын өзгерту. Жарамсыз қағидаларды сындыру.

Сынның табиғаты күрделі. Ол вирусқа қарсы егілетін вакцина іспетті. Өткір сын – сананы сауықтыруға ықпал жасайтын күш.

СЫННЫҢ  МАҚСАТЫ

Сын – қозғаушы күш. Сын – әрекет. Өзгеріске жасалатын батыл қадам.

Иллюзияны залалсыздандыру маңызды. Шындықты қабылдамау – көп қайшылықтың басы.

Сын мақсатты түрде өз миссиясын атқарса, бұл – эволюция. Ескінің күші жойылмай, жаңашылдыққа қадам жасалмайды.

Сынның мақсаты – деңгейді өсіруге ықпалдасу. Кемшіліктер арқылы келемеждеу емес, процесті сауатты жүргізуді жүйелеу.

 Ескірген қағидалар – даму процесін тежейтін кедергілер. Сынның мақсаты – жалған қағидаларды батыл ойдың күшімен сындыру.

СЫН  АЙТУ  МӘДЕНИЕТІ

Сын айту мәдениеті жеке тұлғаның өресі мен ішкі әдебін айқындайды. Орынды сын айту үшін көрегендік, дұрыс қабылдау үшін кемелдік керек. Сын айтудың жауапкершілігі зор. Өзіндік саясаты мен мәдениеті бар.

Кім өзіне сын айтылғанын қалайды?! Ешкім. Әркім өзін керемет санайды. Сын айту үшін қырағылық қана емес, көрегендік керек. Мергендік сияқты нысанаңа дөп басуың керек.

Адамның ар-ұжданына тимей, түзеудің сауатты жолдарын ұсына отырып, дамуына оң ықпал жасау маңызды. Жаңаша ойлануына мүмкіндік беру, жігерлендіру. Орынды сын жаңа деңгейге көтереді.

СЫНҒА  ИММУНИТЕТ

Қорғаныс механизмдері барлық адамға тән. Қорғану – жеке өміріңдегі құқыңды қорғау. Сын өмірде әртүрлі тараптан болуы ықтимал.

Сынға иммунитет – қисынға келмейтін тарапты қабылдамауға да құқың бар деген қағида. Шындыққа жанаспайтын, жалған факторлармен қарсы шабуыл адамның жанына жарақат салу деңгейіне дейін түсірмеуі тиіс.

Әр адам өз бағасын және кемшіліктерін белгілі бір деңгейде сараптай алауға қабілетті. Өз тарапынан кәсіби сынға ашық болса, деңгейінің өсуіне ықпалдаса алады.

Орынды сын – мәселені шешудің сауатты жолдарын ұсыну. Сынға иммунитет – ақиқатқа жанаспайтын ойды қабылдамау құқы.

ӨЗІН—ӨЗІ  БАҒАЛАУ

Әр адамға өзі жайында сыни ойлай білу маңызды. Бұл өзіңді, өміріңді, ойларыңды, жаратылысыңды, талғамыңды – рентген аппаратынан өткізгендей әсер береді.

Яғни, осал, емдеуді қажет ететін тұстарыңды дөп басып табасың. Жаман қасиеттеріңнен, дағдыларыңнан, ойларыңнан арыласың.

Сыни ойлау деңгейіңді өсіреді. Айнаға қарағандай, кейде, өз кемшіліктеріңе тура қарай білу керек. Барыңды да, жоғыңды да әділ мойындау маңызды.

Жеке адамдар өздерін жақсы жаққа өзгертсе, қоғам сөзсіз өзгереді.

Өзіңе әділ сұрақ қою маңызды. Өз бағаңды білу өз жаратылысыңды толық түсінген сәттен басталады.

СЫНҒА  ҚАРСЫЛЫҚ

Қарсылық процесі қорғану инстинктеріне негізделеді. Әділ сынды қабылдамау – шындықты мойындамау. Жалғаншылдықтың тұзағында қалу. Өзгеріске қарсы тұру.

Өз шындығыңды мойындамау өз болмысыңды қабылдамаумен бірдей. Қателіктерден сабақ алмау – өзін толық түсіне алмаудың нәтижесі.

Қарсылық бір ғана жағдайда әділ қадам болып есептеледі. Сын жеке тұлғаның сағын мақсатты түрде сындыруға, рухын түсіруге, адам ретінде кемсітуге бағытталса.

Әділ сын әр адам өз кемшіліктерін өзі таразыласа, залалсыз. Жаңашылдыққа деген ішкі қарсылықтарын өзі жеңе білсе, бұл – өзіңе-өзің жол ашудың жалғыз сауатты қадамы.  

СЫНҒА  АШЫҚТЫҚ

Сын – алға жүруге ықпал жасайтын күш. Тұралап қалмау. Дамуыңа жол ашу. Сын бейнелі түрде айтқанда, әр жеке тұлғаның потенциалының толық ашылуына ықпал жасайтын санадағы алып жарылысқа тең.

Екі объектінің бір нысанаға дөп түсуі үшінші мағына тудырады. Бұл – сынның табиғатына тән формула.

Әділ сынға ашық болу – дамуға қарсы тұрмау. Сауатты сын даму жолдарын ұсынады.

Айтылған сынға анализ жасау маңызды. Қандай мақсатта айтылды?! Ақиқатқа жанаса ма?! Көздегені не?! Әділ ме?!

Сын – кез келген кемшіліктің түзетілуіне деген ниеттен туса ғана әділ.

СЫН  АЙТУ  ТӘСІЛІ

Сынның мақсаты – жүрекке жара салу емес, санаға ықпал жасау.

Жеңіл формада салмақты ой тастау – санаға сіңімді тәсіл. Қарапайым түсінікті тіл өтімді. Дәлелді ой салмақты. Мазмұны терең сараптама – салмақты сын.

Сын нәтижеге жеткізсе ғана құнды. Ықпал жасаса, салмақты. Сананы жаңғыртса, сауатты.

Тәсіл – жеткізу формасы. Сыни ойды дәлелді сараптамамен салыстыру маңызды. Салыстыру – әділ таразы. Сана салыстыру арқылы ең үздік үлгіні қабылдауға шешім қабылдайды. Сын салыстыру арқылы таңдау жасау мүмкіндігін ұсынады.

Фото: akparat.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: