Бүгін Шиелі ауданында «Алтын күз — 2026» мерекесі аясында даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев ауылында қазақтың әйгілі күріш өсірушісі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына арналған «Ыбырай Жақаевтың еңбек мектебі: дәстүр, тағылым және сабақтастық» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Тағылымды іс-шараның шымылдығы Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтайдың «Жұлдызы жарық Шиелі» атты кітабының тұсаукесерімен ашылды.
Алматы қаласындағы «Аннұр сапа» баспасынан 300 данамен жарық көрген кітапта Шиелі өңірінің тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық даму жолы кеңінен қамтылған. Туған өлкенің өткені мен бүгінін сабақтастырған туынды – ауданның танымдық шежіресіне қосылған құнды еңбек.
Конференция жұмысына аудан әкімі Айтбай Жандарбеков модераторлық етті. Жиынға Қазақстанның Еңбек Ері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бакиров, «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетов, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаев, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Конференцияда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмірі мен еңбек жолының бүгінгі ұрпақ үшін маңызына тоқталды.
— Ыбырай атамыздың еңбек жолы – кейінгі диқан буынға бағыт-бағдар беретін үлкен мектеп. Оның жерді күтіп-баптау, суды тиімді пайдалану және еңбекті қадірлеу жөніндегі тәжірибесі бүгінгі ауыл шаруашылығы үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі конференцияның мақсаты – даңғайыр диқанның бай мұрасын зерделеп, еңбек дәстүрін дәріптеу және озық тәжірибесін келер ұрпаққа жеткізу, — деді аудан әкімі өз сөзінде.
Сондай-ақ аудан басшысы өңірде ауыл шаруашылығын дамыту, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Шиелі диқандарының бүгінгі жетістіктері Ыбырай Жақаев қалыптастырған еңбек мектебінің заңды жалғасы екенін атап өтті.
Қазақ даласында күріш өсірудің жаңа белесін қалыптастырған Ыбырай Жақаев – еңбек ерлігінің қайталанбас символы. Ол 1949 жылы күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алып, әлемдік деңгейдегі рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – оның жер құнарын, судың қадірін және егіншіліктің қыр-сырын терең меңгерген нағыз шебер диқан болғанының айқын дәлелі.
Ерен еңбегі мен ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесі үшін Ыбырай Жақаевқа екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оның есімі қазақ егіншілігінің тарихында алтын әріптермен жазылып, еселі еңбегі бірнеше буын диқанға үлгі болып келеді.
Конференция барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Бақыт Қалиұлы, аудандық әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Құттықыз Шайыхқызы, №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Түменбаева Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмір жолына тоқталып, оның диқаншылық еңбектегі жаңашылдығы мен ұрпаққа қалдырған мол мұрасын сөз етті.
Жиын барысында ғалымдар мен өлкетанушылар даңғайыр диқанның бай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның еңбек тәжірибесін қазіргі аграрлық салада пайдалану және жас ұрпаққа насихаттау мәселелерін талқылады.
Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына арналған облыстық конференция тұлға есімін ұлықтап қана қоймай, оның еңбек мектебінің бүгінгі ауыл шаруашылығымен сабақтастығын айқындаған тағылымды басқосу болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!