Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада биыл асқазанға алғаш рет ашық ота жасалды

11.10.2026, 10:45 48

Қызылорда облысында жас хирургтердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шеберлік сағаты ұйымдастырылды. А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының жетекші мамандары шеберлік сағаты аясында асқазанның қатерлі ісігі диагнозы қойылған екі науқасқа хирургиялық ота жасады, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

Бірінші ота ашық әдіспен асқазан резекциясы арқылы орындалды.
— Бұл — асқазанның қатерлі ісік орналасқан бөлігін хирургиялық жолмен алып тастауға бағытталған күрделі операция. Ота барысында зақымдалған тіндерді алып тастап, аурудың таралу ерекшеліктерін ескере отырып, хирургиялық емдеудің тиісті кезеңдері жүзеге асырылады. Асқазанның қатерлі ісігі кезінде мұндай операцияның көлемі мен тәсілі науқастың жағдайына, ісіктің орналасуына және аурудың сатысына қарай анықталады. Асқазанға ашық әдіспен жасалатын мұндай ота биыл өңірде алғаш рет орындалды. Бұл облыстық хирургия саласының тәжірибесін кеңейтіп, күрделі онкологиялық ауруларды хирургиялық жолмен емдеу мүмкіндіктерін арттырудағы маңызды қадам болды, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы. 

Екінші науқасқа лапароскопиялық әдіспен асқазан резекциясы жасалды. Бұл — заманауи аз инвазивті хирургиялық тәсілдердің бірі. Операция кезінде құрсақ қуысына бірнеше шағын тілік арқылы арнайы құралдар мен бейнекамера енгізіліп, хирургиялық әрекеттер экрандағы кескіннің көмегімен орындалды.

— Лапароскопиялық әдістің басты ерекшелігі — операциялық жарақат көлемінің аз болуы. Науқастың жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне байланысты бұл тәсіл операциядан кейінгі ауырсынуды азайтуға, қалпына келу кезеңін жеңілдетуге және ауруханада жату мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Асқазанның қатерлі ісігі кезінде лапароскопиялық резекцияны орындау хирургиялық топтан жоғары кәсіби шеберлікті, дәлдікті және заманауи технологияларды меңгеруді талап етеді, — делінген хабарламада. 

Шеберлік сағаты облыстық көпбейінді облыстық аурухананың симуляциялық орталығында тікелей онлайн-трансляция арқылы көрсетілді. Оған аудандардан келген хирург дәрігерлер қатысып, күрделі оталардың орындалу барысын бақылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: