Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 264 млн теңгеден астам алимент қарызы өндірілді

09.10.2026, 9:45 60

Биылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес қызылордалық жеке сот орындаушылардың өндірісінде алимент өндіру жөніндегі 15 321 атқарушылық іс бар. Оның 2368-і толық аяқталды. Сот орындаушылар мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жүйелі жұмысы тиімділігін дәлелдеп отыр деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

  • Алимент берешегін өтеу үшін 264 млн 720 мың теңгеден астам қаржы өндірілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес 151 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай жандарға қатысты әкімшілік қамау немесе айыппұл салу шаралары да қолданылады. Алимент төлеуден жалтарып, ескертуге құлақ аспай жүрген 42 борышкерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы аясында жауапқа тарту туралы ұсыныстар жолданды. Нәтижесінде 20 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, — деді облыстық әділет департаментінің басшысы Баукен Әлмеш.

Бүгінде 202 борышкерге іздеу жарияланған. Барлығының шоты мен мүлкіне тыйым салынды.

  • Берешекті өндірудегі негізгі мәселелер — борышкерлердің туыстарының атына мүліктерін тіркеп, табысын жасыруы, тұрақты жұмыс орнының болмауы және қарызды төлеуден қасақана жалтаруы. Бұл мәселелерді шешу және берешекті өндіріп алуды жеделдету бағытында кешенді жұмыс атқарылып жатыр. Прокуратура органдарының бастамасымен, жеке сот орындаушылар және жергілікті әкімдік өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңестер өткізілді. Нәтижесінде борышкерлер үшін 32 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 40 борышкер жұмыспен қамтылды, — деді департамент басшысы.

Еске салайық, 2026 жылғы 25 тамыздан бастап кәмелетке толмаған балаларды және еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған алимент қаражатын арнайы банктік шоттарға аударудың жаңа тәртібі қолданылады.

Мақсат – алимент ретінде өндірілген қаражаттың мақсатты түрде пайдаланылуын, балалар мен алимент алушылардың құқығының қорғалуын қамтамасыз ету.


Коллаж: Kazinform/ Canva

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: