Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтілді социолингвист

08.10.2026, 9:40 75

О,  туған  жер!

Түле әркез толайым,

Сен өркенде, мен өсейін Майлытоғайым!

Бұл өлең бірнеше жыл бұрын туған ауылға деген сағыныштан жазылды. Орайы келгенде айтып өткен дұрыс шығар, бүгінгі кейіпкеріміз де – Майлытоғай ауылының тумасы. Біз туған топырақ, таныс  аймақ,  таныс  маң…

Бүгінгі  жазбамызды 60 жасқа қадам басқан, филология ғылымдарының кандидаты, қауым­дастырылған профессор Аман ағаға, Аман ағайға арнаймыз. Ол кісі – есімі елге белгілі тілші-ғалым, Қазақстандағы танымал социолинг­вист, білім беру және тіл саясаты саласын­ың  жетекші  мамандарының  бірі.

Аман Мәделханұлы 1966 жылдың 9 қазанында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылында дүниеге келген. Мәделхан атамыз бен Нұрхан әжеміздің отбасындағы жетінші бала. Анасының толғағы қиын болып, басқа балаларындай үйде емес, медпунктке атарбамен келіп босанған екен. Анасының ауыр халін білмек болып сұраған ауылдас­тарына: «Өзім де аманмын, балам да аман» деп жауап беріп, кейін есімін де «Аман» деп қояды.

1973-1983 жылдары Майлытоғай ауылындағы №141 мектепте орта білім алады. Қоғам қайраткері, бірінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, соғыста ерлік­пен қаза тапқан жауынгер Қапан Сәбиров есімін иеленген білім ордасының іргетасы Сұлутөбе мен Тартоғой ауылдарының аралы­ғындағы «Қызыл үй» деген жерде 1921-1922 жылдары қаланған. Аудандағы алғашқы ұстаз­дардың бірі саналатын Мүсілім Мырзахметовтың бастамасымен осы жерде жетім балаларға арналған интернат ұйымдастырылған. 1934 жылы «КИМ» колхозында (Майлытоғай) бастауыш мектеп ашылды. 1938-1939 жылдары бастауыш мектеп 7 жылдық мектепке айналды. Осы жылдары мектепке «КИМ» есімі берілді. 1962-1963 жылғы оқу жылынан бастап мектеп 8 жылдық, одан кейін 1979-1980 жылдары орта мектеп  болды.

Алақандай ауылдан Алатаудай алыптар шықты. Осы орайда, филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсенов, философия ғылымдарының докторы Қажымұрат Әбішев, физика-математика ғылымдарының кандидаттары Базарбек Қашқынбаев пен Жақсылық Өтеулиев, техника ғылымдарының кандидаты Ишанбек Сыздықов, композитор Мүлкаман Қалауов, Қызылорда облыстық кәсіп­одақ орталы­ғының төрағасы болған Қуаныш Сәдібеков, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Сақтан Құлмаханов, «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқар­ған Расул Серіков, «Құрметті теміржолшы», Қызыл­орда қаласы мәслихатының бірнеше дүркін депутаты болған Алтынбек Әбді­реев, құрылысшы, «Құрмет» орденінің иегері Роза Иманова, облысқа танымал кәсіпкерлер Ыбрайхан Мұсабаев және Дүйсенкүл Тәжікова, Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған Марсбек Молда­беков, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Асқар Тәжиев, ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасын­да Әлем чемпионатының қола жүл­дегері Әділбек Балқаев, теміржолшы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрдәулет Сақ­тапбергенов сынды азаматтарды мектептің мақтаныштары  деп  айтуға  болады.

Әлбетте, осы тізімге көрік беретін бірден-­бір тұлға филология ғылымдарының канди­даты, қауымдастырылған профессор Аман Абасилов  екені  даусыз.

Сонымен, кейіпкеріміз мектеп бітірген жылы Алматыға жоғары оқу орнына түсе алмаса да, көрші Тартоғай ауылындағы кірпіш зауытының құрылысшы бригадасында жұмыс істеді. Содан соң зауыт Қызылорда қаласындағы көлік жүргізушілерін дайындайтын «ДОСАФ»-қа ай сайын стипендия төлеп, үш айлық оқуға жібереді. Оқуын бітіріп, жүргізуші куәлігін алып, әскер қатарына шақырылып, 1984-1986 жылдары алдымен Шешен-Ингуш автономиялы кеңестік республикасының астанасы Грозный қаласында, кейін Дағыстан Респуб­ликасының Буйнакск қаласында азаматтық борышын  өтейді.

1986 жылдың күзінде әскерден келісімен Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының дайындық бөліміне сырттай тыңдаушы ретінде қабылданады да, Тартоғай совхозына келіп, суретші-безендіруші болып жұмыс  істейді.

1987 жылы түсу емтихандарын сәтті тапсырып, Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеті филология факуль­тетінің 1-курс студенті болып қабыл­данады. Университте Н.Ғабдуллин, С.Қирабаев, Н.Келімбетов, С.Мақпыров, Ф.Мұса­бекова, Н.Оралбаева, Р.Сыздықова, Ғ.Қалиев, С.Хасанова және т.б. профессор-ұстаздардан білім  алған.

Университтетті бітіруші дипломдық жұмысын академик, профессор Шора Сарыбаевтың жетекшілігімен сәтті қорғап, 1992 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» деген біліктілікпен дипломын алады. Сол жылдың жазында жас маман ретінде минстрліктің жолдамасымен қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қазақ тілі кафедрасына оқытушылық қызметке жіберілді. Десе де, Ақмола қаласындағы С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институтқа жаңадан тағайындалған ректор Амангелді Құсайынов­тың «солтүстікке  баратын жас мамандарды жинап жатыр» дегенін естіп, жолдаманы Ақмола­ға  өзгертеді.

Сөйтіп 1992-1995 жылдары С.Сейфуллин атындағы Ақмола мемлекеттік университетінде қазақ тілі кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы қызметін атқарады. Солтүстік өңірде қазақ тілінің қолданылуына, білім және ғылым тілі ретінде дамуына атсалысады. Қазақ жастарын қазақ тілінде білім алуға, ана тілінде таза, сауатты сөйлеуге, туған тілінің маманы болуға үгіт-насихаттар жүргізіп, мамандыққа студенттерді  молынан  тартуға  үлес  қосады.

– 1992-1996 жылдары Ақмола мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алып жүрген студенттік жылдарым – өмірімнің ең қымбат, ең мағыналы кезеңдерінің бірі. Сол жылдары бізге дәріс оқып, жүрегімізге білімнің сәулесін жаққан аяулы ұстаздарымыздың бірі – Аман  Мәделханұлы  Абасилов.

Аман ағайдың  болмысы  бөлек болатын. Қара­пайым еді, бірақ сол қарапайымдылығының ар жағында тұтас бір білім әлемі жат­қанын  кейін, жылдар өте келе тереңірек түсіндім. Білімін биік мінберден көрсетпейтін, өзін өзгеден жоғары қоймайтын. Керісінше, шәкіртімен тең дәрежеде сөйлесіп, оның ойын тыңдап, білмегенін  сабырмен  түсіндіретін.

Ағайдың  тағы  бір ерекшелігі – күрделі  дүние­ні  қарапайым  тілмен  жеткізе  білетіндігі. Кейде кітаптан оқып, түсіне алмай отырған дүниең­ді Аман ағайдың бір ауыз сөзімен-ақ ұғып кете­тінбіз. Ғылыми ұғымды құрғақ анықтамамен шектемей, өмірмен байланыстырып, мысал келтіріп, санаңа сіңіріп жіберетін. Оның сабағынан шыққанда «осыны қалай түсінбей жүргенмін?» деп таңғалатын кездеріміз де бола­тын, — дейді шәкірті, Астана қаласындағы №106 ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің  иегері   Гүлмира  Ибрагимова.

1995 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекет­тік педагогикалық университетіне өндірістен қол үзбей оқитын аспирантураға қабыл­данады. Сол жылдың қыркүйегінде отасы­лық жағдайына байланысты қызметін Қызыл­орда педагогикалық институтына, қазақ тілі кафедрасына  ауыстырып,  келісімшартпен  жұмысқа  қабылданды.

1996 жылдың 15 наурызында Абай атындағы мемлекеттік университетінің өндірістен қол үзе отырып оқитын аспирантурасының 2 жыл күндізгі бөліміне ауысады. Сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің аспирантурасына ауысып, жалпы тіл білімі кафедрасының аспиран­ты болады. Ғылым жолындағы ізденісін тіл білімінің жаңа бір саласы – әлеуметтік лингвистикамен байланыстырады. Ғылымның осы бағытында бұрын өзі қызмет еткен Қазақстанның солтүстік аймағындағы мемлекеттік тіл проблема­ларымен айналысады. Филология ғылым­дарының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлының жетекшілігімен 1998 жылы 14 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік  университеті жанындағы дис­сертациялық  кеңесте  «Қазақстан  Республика­сының солтүстік аймағындағы мемлекеттік тілдің социолингвистикалық проблемалары: оларды шешу жолдары» деген тақырыпта диссерт­ациялық жұмысын  қорғайды.

1998 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің қазақ тілі кафедрасында аға оқытушы, 2007-2013 жылдары кафедра меңгерушісі қызметінде болды. 2014 жылдан осы университеттің қауымдастырылған профес­соры  қызметін  атқарып  келеді.

– Бүгінде Аман ағайдың дәрісін тыңдап, тәлімін алған талантты шәкірттері еліміздің әр өңірінде қызмет  етуде. Ұстаздан алған бағыттың әсері шығар, мен де социолингвистика саласында маманданып жүрмін. Мұны жай сәйкестік деуге келмес. Қазір өзіміз қызмет атқаратын институттың іргелі ғылыми зерттеулерінің міндеттерін орындауда, қоғамдағы тілдік үдерістерді зерттеуде Аман ағайдың ғы­лыми еңбектері мен теория­лық тұжырым­дарына үнемі сүйеніп отырамыз. Бұл ғалым­ның ғылыми пайым­дарының қазіргі әлеуметтік тілтанымдық зерттеулерге қажетті теориялық әрі әдіс­намалық негіз болып  отырғанын  көрсет­се  керек.

Біздіңше, Аман ағайдың ұстаздық болмы­сының ерекше қыры – ақыл-кеңес беруден аянып қалмайтыны. Қазір де еліміздің жоғары оқу орындарында ізденіп жүрген докторанттардың зерттеулеріне оппонент ретінде пікір беріп, үнемі жөн нұсқап келеді. Осы тұста ұстазымыздың «Қазақ тілінің көсегесін көгертетіндер – қазақ­тілді социолингвистер» деген сөзі ойға оралады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатқандай. Шын  мәнінде  қазақ қоғамындағы тілдік  ахуал­ды, мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметін зерттеу   үшін  әлеуметтік лингвис­тиканың  жалпы теориясын білу ғана жеткі­ліксіз. Зерттеуші сол қоғамның тарихи-мәдени болмысын, тілдік ортасын, ұлттық танымын терең түсініп, ондағы тілдік үдерістерді қазақ тілінде ғылыми тұрғыдан талдай білуі қажет. Аман ағайдың әлеуметтік лингвистика ғылымын қазақ тілінде дамытуға ерекше мән беруі де осыдан, — дейді шәкірті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвис­тика бөлімінің ғылыми  қызметкері  Айдана  Махамбет.

Аман  Абасиловтың  алғашқы  шәкірттері­нің бірі Гүлмира  Пәттеқызының да ой-пікірі жо­ғарыдағы  жайтты  қуаттай  түседі.

– Аман ағайдың есімін шәкірт жүрегінде ерекше қалдырған тағы бір қасиеті – адамға көмектесуге әрдайым дайын тұратын кеңпейіл­дігі. Қандай да бір мәселе бойынша көмек сұрап барсаң, «уақытым жоқ» деп кері қайтармайтын. Білмегеніңді сұрасаң – түсіндіретін, қиналғаныңды айтсаң – жол көрсететін. Ұстаз­дықтың ұлылығы да осындай қарапайым адамгершіліктен басталатынын біз сол кісіден үйрендік.

Мен үшін Аман Мәделханұлы – тек дәріс оқыған ұстаз ғана емес, ана тілімнің қадір-­қасиетін шәкірт жүрегіне сіңірген тіл жанашыры. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен өте жоғары жауапкершілігі бізге де әсер етті. Қазақ тілін жай ғана пән ретінде емес, ұлттың рухани тірегі, халықтың  жаны  ретінде  сезіндік.

Бүгінде өзім де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттеріме білім беру­демін, сол кездегі ұстаздарымның өнегесін жиі еске аламын. Демек, ұстаздың шын мұрасы тек өзі жазған кітаптарында ғана емес, шәкіртінің жүрегінде жалғасқан ілімінде екенін түсінемін.

Уақыт өте келе кейбір сабақ ұмытылады, кейбір оқиға көмескіленеді. Ал жақсы ұстаздың адамдық бейнесі ешқашан ұмытылмайды

Аман ағайдың бізге берген ең үлкен саба­ғы – терең білім мен биік адамгершілікті қатар алып жүруі. Білімді бола тұра қарапайым болу, көп біле тұра шәкіртін менсінбеу емес, керісінше оған  білі­мін  бөлісу, біреуге қажет кезде қол ұшын созу – бұл  да  ұстаздықтың  биік  өлшемі, — дейді  ол.

Ғалым  еңбектерінің  ішіндегі  шоқтығы биігі – «Әлеуметтік лингвистика» және «Әлеу­меттік лингвистика сөздігі» атты оқу құрал­дары (2009, 2016). Бұл – қазақ тілінде жазылған осы саладағы алғашқы әрі жүйелі оқулықтардың бірі. Онда тіл мен қоғамның байланысы, тіл саясаты, тілдік ахуал, тілдік жоспарлау және тілдік құрылым мәселелері терең талданған. Автор тілдің әлеуметтік басқалануын (жас ерекшелігі, кәсіби, аймақтық ерекшеліктер) қазақ қоғамының мысалында қарастырады. Осы бағытта ғалымның мемлекеттік тіл, тілді аймақтық тұрғыдан дамытудың негіздері, қазақ әдеби тілі, оның нормалары, код ауыстыру, сөз мәдениеті және қазақ тілін ЖОО-да оқытуға арналған бірнеше ғылыми талдамалы монографиялары мен әдістемелік еңбектері бар. Олар мемлекеттік қызметшілер мен студенттерге арналған негізгі құрал ретінде пайдаланылады. Оның ғылыми монографиялары мен мақалаларында топоним, ойконимэргоним, тағам атауларының табиғаты, қойылу уәжі, этмилогия­сы және оларды стандарттау мен тарихи атауларды қалпына келтірудің лингвис­тикалық тетіктері көрсетілген ономастикалық зерттеулер  бар.

«Халық» газетінің редакциясы бұған дейін тіл жанашыры Аман Абасиловтың тура ондыққа тигізіп айтқан пікірінің бір парасын жинақтап, «Екі тілді қатар қолдану лингвис­тикалық шизофренияға әкеледі» және «Тіл мәселесін «эмоциялық деңгейден» «экономикалық деңгейге» көтеру керек» деген тақырыптармен жариялады.

Қорыта айтқанда, Аман Мәделханұлы – рес­публика, облыс көлемінде тіл саясаты, мемлекеттік тіл мәселелері, тіл тазалығы мен мәдениеті, қазақ әдеби тілі, оның нормалары мен стильдері, терминология, әліпби, қостілділік, т.б. мәселелермен тұрақты айналысып жүрген тіл маманы, білікті, жаңашыл ұстаз. Қазақстандық әлеуметтік лингвистика ілімінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ғалым­дардың бірі. Ол – осы салада 170-тен астам ғылыми мақала жариялаған, 2 оқу құралы­ның, 14 монографияның, 3 сөздіктің, 9 ғылыми және әдістемелік жинақтың авторы және бірнеше республикалық және облыстық әлеуметтік-­аналитикалық зерттеу жобаларының  жетекшісі.

А.Абасиловтың ғылыми жолын қазақ тіл білімін әлеуметтік лингвистика (социо­лингвис­тика) тұрғысынан зерттеуге арналған жүйелі  жол  деуге  болатындай.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: