Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында аграрлық сектордың маңызды көрсеткіштері мен биылғы күзгі егін жинау жұмыстарының барысы туралы брифинг өтті. Басқосуда облыстағы егіс көлемі, су үнемдеу технологияларын енгізу іс-шаралары және диқандардың жетістіктері кеңінен сөз болды.
Брифинг барысында сөз алған Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Абдирасулов Даулетбек Абдирасулов өңірдегі егін жинау науқанының қарқыны мен мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.
«Биылғы жылы егісті тұрақты суаруға 3 миллиард 250 миллион текше метр су лимиті бөлініп, барлығы 193 мың 700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Президент тапсырмасына сәйкес күріш алқабы 10 мың 900 гектарға оңтайландырылып, орнына суды аз қажет ететін дән жүгерісі 10 мың гектарға егілді. Бүгінгі күні негізгі дақылымыз – күріштің 64 мың 800 гектары орылып (92%), 294 мың 250 тонна өнім жиналды, орташа өнімділік гектарына 50,7 центнерді құрауда. Күрішті жинау жұмыстарын қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірмей аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деді Даулетбек Жәнібекұлы.
Сондай-ақ жиында су үнемдеу технологияларын енгізу және мал азығын дайындау мәселелері де атап өтілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 14 мың 200 гектарға жеткізілген. Ал қыс мезгіліне қажетті мал азығы толықтай қамтамасыз етіліп, жоңышқа мен шөп дайындау науқаны сәтті аяқталды. Аграрлық секторды қолдауға бұл жолы 35 миллиард 900 миллион теңге бөлініп, салаға тартылған инвестиция көлемі 2,1 есеге артқаны айтылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!