Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардагерлерді Қарттар күнімен құттықтады

30.09.2026, 20:20 28

HALYQLINE.KZ

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов және Қазалы ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Әлімбаймен бірге аудандағы ардақты аға буын өкілдерінің шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Алдымен аудан басшысы Қазалы қаласында тұратын Нұржан Алқожаев ақсақал мен Шолпан Тұрымбетованың шаңырақтарына барып, өнегелі өмір жолдарымен танысып, ақжарма тілегін білдірді.

Нұржан ақсақал 1963 жылдан бастап Қазалы ветеринариялық станциясында малдәрігері болып, 45 жыл бойы абыройлы еңбек етті. Еңбек жолын бір мекемеде табан аудармай жалғастырып, құрметті зейнетке шыққан ардагер 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 11 немере мен 15 шөберенің қызығын көріп отырған бақытты ата.

Ал Тұрымбетова Шолпан апа – ғұмырын маңдай термен өріп, үш қыз тәрбиелеп, өмірдің талай сынағына қайсарлықпен төтеп берген ардақты ана. Қазалы қаласындағы туберкулез ауруханасының рентген бөлімінде 17 жылдан астам уақыт санитарка болып еңбек етіп, 1991 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бүгінде балалары мен немере-шөберелерінің ортасында берекелі ғұмыр кешіп отыр.

Бұдан кейін аудан әкімі Әйтеке би кентінің тұрғындары, ардагерлер Оразымбетов Жайылхан ақсақал мен Тұманбаева Күнипа апайдың шаңырақтарына арнайы барды. 1943 жылы туған Жайылхан ақсақал ұзақ жылдар бойы теміржол саласында машинист болып еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ардагер – бүгінде 7 немере, 6 шөберенің сүйікті атасы.

Ал 1939 жылы дүниеге келген Күнипа апай – 10 перзент тәрбиелеп өсірген, «Алтын алқа» иегері. Бүгінде 11 немере, 18 шөберенің ортасында ұрпағының қызығын көріп отырған аяулы ана.

Кездесу барысында аудан әкімі ардагерлерге аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының құттықтауын жеткізіп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тілеп, олардың елге сіңірген еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі қашанда құрметке лайық екенін атап өтті. Сондай-ақ ардагерлерге аудан әкімінің арнайы құттықтауын табыстап, иықтарына шапан, аналарға камзол мен жаулық жауып, арнайы сый-сияпат көрсетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: