Қазақстандықтар зейнетақы жинағын жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына белсендірек бере бастаған. Қыркүйектің алғашқы 22 күнінде Ұлттық банктің басқаруынан инвестициялық портфельді басқарушыларға 19,425 млрд теңге аударылды. Бұл тамыз айының толық көрсеткішінен 70,3 пайыз көп.
Kazinform-ға БЖЗҚ берген мәлімет бойынша, 1-22 қыркүйек аралығында 15 289 салымшының жинағы бойынша 16 664 аударым жасалған. Ал тамыздың 31 күнінде 12 215 салымшыға тиесілі 11,409 млрд теңге жеке басқарушыларға берілген.
Аударым саны да айтарлықтай көбейді. Тамызда 12 912 операция жасалса, қыркүйектің 22 күнінде оның саны 16 664-ке жетті. Өсім 29,1 пайызды құрады. Жинағын жеке басқаруға берген адамдардың саны 25,2 пайыз артқан.
Мұндай қозғалысқа 7 қыркүйектен бастап күшіне енген жаңа мүмкіндік әсер етіп отыр. Енді қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен жиналған қаражатының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алады. Бұған дейін міндетті жинақтың бір бөлігін ғана аударуға рұқсат етілетін. BAQ.KZ
Kazinform келтірген деректе қыркүйекте Halyk Finance-ке 6,003 млрд теңге, «Сентрас Секьюритизге» 6,172 млрд теңге, BCC Invest-ке 3,438 млрд теңге, Alatau City Invest-ке 3,376 млрд теңге, Tansar Capital-ға 435,9 млн теңге аударылғаны жазылған. Айта кетейік, бастапқы материалда Halyk Finance «ең көп қаражат алған» компания деп көрсетілгенімен, жарияланған сандар бойынша «Сентрас Секьюритиздің» сомасы жоғары. Сондықтан рейтингті осы сандармен ғана берген дұрыс.
Жинақты жеке басқарушыға беру ақшаны БЖЗҚ-дан қолма-қол шешіп алу деген сөз емес. Қаражат зейнетақы жүйесінде қалады, тек оны инвестициялау стратегиясын Ұлттық банктің орнына салымшы таңдаған инвестициялық портфельді басқарушы жүзеге асырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!