Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маркетплейске салық, халыққа шегерім – Салық кодексі тағы өзгереді

28.09.2026, 15:40 62

Қазақстанда биыл күшіне енген Салық кодексіне жаңа түзетулер әзірленіп жатыр. Қоғамдық талқылауы 25 қыркүйекте аяқталған құжатта қарапайым азаматтардың табыс салығынан бастап, маркетплейстер, көлік импорты, бизнес пен мұнай компанияларына дейін қамтылған. Түзетулердің бір бөлігі биыл, негізгі бөлігі 2027 жылдан кейін күшіне енуі мүмкін. Бұл туралы «Власть» жазды. 

Қарапайым азаматтарға қатысты ең елеулі ұсыныстың бірі – салық шегерімі. Жұмыс істейтін әр қазақстандыққа ай сайын 30 АЕК, жылына 360 АЕК-тен аспайтын көлемде шегерім беру көзделген. Соның есебінен салық салынатын табыс азайып, азамат төлейтін жеке табыс салығы да төмендейді. Шетелдік стипендиялар, гранттар мен сақтандыру төлемдерін салық салынбайтын кірістер қатарына қосу ұсынылған. 

Көлік әкелетіндерге де өзгеріс бар. Қозғалтқыш көлемі 3 литрден асатын немесе құны 18 мың АЕК-тен жоғары автомобиль импорттаған жеке тұлға арнайы акцизді өзі төлейді. 2028 жылдан ЕАЭО елдерінен әкелінетін бірқатар көлікті Қазақстанда алғаш тіркеу бажын автомобильдің шыққан жылы мен тозуына қарай көтеру жоспарланған. 

Бизнеске қатысты үлкен өзгеріс интернет саудаға тиеді. Шетелдік компаниялардың тауарын сататын қазақстандық маркетплейстер мұндай сауда үшін 16% ҚҚС төлеуі мүмкін. Салық талабын орындамаған сатушылардың маркетплейстегі аккаунтын заңбұзушылық түзетілгенше бұғаттау тетігі де ұсынылған. 

Салық органдарына бизнесті интернеттен бақылауға мүмкіндік беретін тағы бір норма бар. Жоба қабылданса, 2GIS пен «Яндекс» кәсіпкердің орналасқан жері, тапсырыстары мен клиенттеріне қатысты мәліметті салық органдарына беруге міндеттеледі. Мұндағы мақсат – тіркелмей жұмыс істейтін кәсіпкерлерді анықтау. 

Салық берешегіне қатысты бақылау да күшеюі ықтимал. Қазір салық органдары банктерден шот туралы мәлімет сұрата алатын берешек шегін 2 500 АЕК-тен 45 АЕК-ке дейін түсіру ұсынылып отыр. Талап етілген салыстыру актісін тапсырмаған борышкердің банк шотындағы шығыс операциялары бұғатталуы мүмкін. 

Криптоактив иелеріне уақытша мүмкіндік қарастырылған. 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін криптоактивін алғаш рет жариялап, Қазақстандағы заңды биржаға аударған азаматтардың бұрынғы айыппұлы мен өсімпұлын кешіру, өткен кезеңге қосымша салық есептемеу ұсынылған. 

Түзетулер әзірге жоба күйінде. Сондықтан құжаттағы нормалардың барлығы дәл осы нұсқада күшіне енеді деп айтуға ерте. Қоғамдық талқылау аяқталғанымен, ұсыныстар заңнамалық рәсімдерден өтуі керек. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: