Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дәурен Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметінен босатылды.
Кадрлық шешім Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң қабылданып отыр. 24 қыркүйекте Каспий жағалауында өткен оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 сарбаз қаза тапты.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және «кеме жүргізу қағидаларын бұзу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.
25 қыркүйек Қазақстанда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметіне 2025 жылғы маусымда тағайындалған еді. Ақорданың бүгінгі Жарлығында оның қызметтен босатылу себебі көрсетілмеген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!