Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Доктринадан кеткен қателік

25.09.2026, 21:05 28

 HALYQLINE.KZ

Ауырып жатсам да Маңғыстау облысында «Хазар қорғаны» әскери жаттығуы кезінде теңізде қаза тапқан 14 жас сарбаз туралы хабар көзден жасымды ыршытты. Құдай-ау, не жазығы бар еді қыршындардың? Соғыс кезі емес, тіпті соғыс кезінің өзінде әр солдат қымбат болмаушы ма еді.

Ажалды ақымақ бұйрықты берген кім? Неге айдың, күннің аманында сарбаз, сарбаз болғанда бір взвод жауынгер қырылып қалады? Бір сарбаз оқыстан қаза тапса да жас ғұмыр қиылды ғой деп жаның тыншымайды. Ал 14 бірдей ғұмыр басталмай жатып неге өшті?

«Қасапшы» атанған Георгий Жуковтың «бабы еще нарожают» дейтін кезі емес. Бұл не сұмдық?! Бізге қазақ халқына әр сарбазымыз, әр жауынгеріміз қымбат!

Неге бұл алдын ала дұрыс ойластырылмаған оқу-әскери жаттығу?

Ең болмаса әр жауынгерге құтқару жилеті неге берілмеген?

Шын мәнінде жаны ашымастық қой бұл!

Жаны ашымастық Ақтаудағы морг алдында қаза болғандардың аты-жөнін хабарлау кезінде де көрінді. Мұндай цинизм әдептен де, әдеттен де, салттан да жұрдай.

Мұның түп-төркіні неде?

Иә, «қызметіне салғырт қарады, кеме жүргізу тәртібін бұзды» деген айыптармен ҚР қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамынан бес лауазымды офицер қамауға алынды. Оны естідік. Тіпті әлгілер сотталуы да ықтимал.

Тура осындай жағдай тура сол Маңғыстау облысында 2015 жылы 18 қыркүйекте болған. Онда төрт жауынгер мерт болған. Төрт БТР суға батты. Алты адамға «қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылып, алды екі жарым жылдан, арты жарты жылдан жаза арқалады. Артынан бәрі амнистиямен жазасын өтеуден құтылып шықты.

Ата Заңымыздың бірінші бабында «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген ғой. Бұл қағида Қазақстан Республикасының Әскери доктринасында (15.10.2022) ескерілмеген сияқты. Доктринаны бірнеше рет сүзіп шықтым, бірақ жауынгерлердің қымбат өмірі туралы, оны жанашырлықпен қорғау туралы, командирлердің жауапкершілігі туралы ешнәрсе көзіме түспеді. Яғни жауынгердің өмірін көк тиынға бағаламайтын психология етек жайған.

Басшылық құрам әрбір жауынгер үшін жауапты болуға тиіс. Ресейден көшіріліп алынған Устав пен әскери доктрина бізге енді жарамайды. Мұның бәрі қайта қаралуға тиіс!

Уа, дәриға, сұм тағдыр,

Жалынды шақты қылдың тұл.

Теңізде анау толқыған

Қырылды неге жас ғұмыр?

Марат  Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Фейсбуктегі  парақшасынан  алынды.

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: