Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті

25.09.2026, 20:20 36

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-ші сессиясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері, мәслихат төрағалары онлайн байланыс арқылы қосылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Сессия басталмас бұрын қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов жүргізіп, күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.

Атап айтқанда, 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын, тұрғынжай реновациялау бағдарламасын, облыс әкімдігі жанындағы cәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамын бекіту, облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы өңірдің негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

«Қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қамтамасыз етіліп, аймағымыз республикада алдыңғы қатардан көрінді. Қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биылға 789 млрд 200 млн теңге инвестиция тарту жоспарланды.

Жыл басында облыс бюджеті 705 млрд 548 млн теңге көлемінде бекітіліп, нақтылаудың нәтижесінде 811 млрд 467 млн теңгеге жетті. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясымен облыс аумағында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, Жаңақорғанның Ақжол ауылында 150 орындық клуб, Жаңақорған кентінде емхана және Шиелі ауданының Бәйтерек ауылында заманауи спорт кешені салынуда. Аталған жобаларға «ҚазАтомӨнеркәсіп» есебінен 1 млрд 677 млн теңге бөлінуде», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабек, облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы Е.Бәкіров, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы А.Әнуар, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Б.Ідірісов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ә.Мұхамедияров баяндама жасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: