К.С.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрында Қызылорда облыстық филармониясы «Томирис» би ансамблінің 25 жылдығына арналған «Биге оранған Қызылорда» атты мерейтойлық концерті өтті. Республикалық гастрольдік карта аясында өткен ансамбльдің шығармашылық кешіне қоғам белсенділері, өнер ұжымдары, зиялы қауым және мәдениет пен өнер өкілдері арнайы қонақ болды. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Сыр еліндегі қазақ хореографиясының дамуына серпіліс әкелген ансамбль ширек ғасыр шеңберінде бекзат өнерді ардақтап, сахна төрінде табанды еңбек етіп келеді. Ұлттық би өнерін жаңғырту мен насихаттауды мақсат еткен ұжымның репертуары қазақтың дәстүрлі билерінен бастап, заманауи күрделі композияцияларға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Әр қойылымы – ізденіс пен еңбектің, шеберлік пен шығармашылықтың жемісі.
Осынау мерейтой аясында өткен өнер мерекесінде Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Алмаз Альжанов, Гүлдана Берікқызы, Айсұлу Әбді, Жаннұр Аманбай, Заманбек Нысанбаев, Рано Сабанкулова өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.
Мерекелік концерт барысында ансамбльдің әр жылдардағы үздік қойылымдары сахналанып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ұлттық нақыштағы билер мен заманауи хореографиялық композициялар үйлесім тауып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Кеш соңында «қара алтынға» толы қазыналы өлкенің тұрғындары өнер иелеріне гүл шоқтарын табыстап, естелік суретке түсті.
Ансамбльдің бас балетмейстері – «Шапағат» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Г.Мырзабаева.
Көркемдік жетекшісі – Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты М.Тойбазарова.
Кеш жүргізушісі – Амандық Жаппарбердиев.
Концерт режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Азиза Іздіқұлова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!