Елімізде қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Осыған орай Қазалы ауданында сала мамандарына құрмет көрсетілген мерекелік қабылдау өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Қазыналы Қазалы жерінде газ саласының қызметкерлері ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Бүгінде аудан бойынша 498 нысан мен 12 385 отбасы табиғи газ отынын пайдаланып отыр. Ауданда елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Қазіргі уақытта Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев елді мекендерін газ отынына қосу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған нысандардағы жұмыстар аяқталуға жақын. Алдағы уақытта ауданда жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне магистралдық газ құбырын тарту, Ақсуат елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату станциясын салу көзделуде. Сонымен бірге Ақсуат және Байқожа елді мекендерінде елдімекенішілік газбен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі, — деді Мұрат Байғабылұлы.
Жиын барысында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жоғары кәсібилік танытып жүрген бірқатар сала маманына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың «Алғыс хаты» табысталды.
Кәсіби мерекеге арналған іс-шара аудан өнерпаздарының сала қызметкерлеріне арналған ән шашуымен жалғасты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!