Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жолақы қымбаттасын!»

31.01.2020, 12:40 638

Мектеп қабырғасында білім алып жүрген шағымыз. Сабақ барысында әлем халықтарының астарлы айтылған сөздерінің мағынасына шама-шарқымыз жеткенше үңіліп жатырмыз. Сонда «Біз арзан заттарды тұтынатындай бай емеспіз» деген сөзді естіп таңғалғаным бар. «Қалай болғаны, қалтасы жұқа адамға арзан дүниелер дұрыс емес пе?» деген ой келді. Түсініксіздеу! Сол секілді, мемлекет көмегімен жолақы құнының тең жартысын ғана төлеп жүрген ақсақалдың «Жолақы қымбаттасын!» деп ұрандауы  таңдандырады.

Оқу ордасында естіген сөзіміздің «біз арзан әрі пайдалану мерзімі қысқа, сапасыз заттарды қайта-қайта алып қолданатындай бай емеспіз» деген мағынада айтыл­ғанын мұғалімнің сөзінен кейін барып­ түсіндік. Қазақтың «арзанның сорпасы­ татымайды» дейтін қолданы­сындай. Ал, атаның бұлай айтуына не себеп­ болғанын мен баяндайын. Бәрі­міз­ге  белгілі жергілікті биліктің қолдауымен­ 70 жастан асқан зейнеткерлер қоғамдық көліктегі жол жүру ақысының тең жартысын ғана төлеу құқығына ие, яғни өңірі­мізде билет құны 90 теңге болса, соның 45 теңгесін ғана төлеуге мүдделі. Ендеше­, қалтаға қолайлы бағаны не үшін қымбаттатуы қажет? Ақсақал неліктен «бұл баға біздің сорымызға қойылған» деді?

Бұл сөзін аса бір қиналыспен жеткізіп отырған – Қызылорда қаласының егде жастағы­ тұрғыны. Атаның айтуынша, бұл жағдай өз басында жиі болатын көрінеді. «Біздің беретін бес-он тиынымызды азсын­а ма білмедім, әйтеуір автобустар жиі тоқтамай кетеді» дейді ол. Осындай бір сәт атамыз №31 бағытта қатынайтын қоғамдық көлікті тоқтатады, алайда қоғамдық көлік айтқанымыздай бір өзі ғана тұрған ақсақалдың қасынан зулап өте шығады. Күйінген қарияны көрген кейіні­рек келе жатқан жеңіл көлік жүргізушісі дереу тоқтай қалып, атаны отырғызып, автобусты қуып жетіп, ескерту жасаған. Жүргізуші тоқтамай кету себеб­ін «көрмедім, байқамай қалдым» деп түсіндіріпті. «Таяқ көтеріп, көз алдында тоқтатып тұрған еңгезердей адамды көрмей қалатын не деген көрсоқырлар бұл, олар түгілі 80-ге тақап, көздің қуаты қайтқан мен байқаймын» дейді ата. Көлік  жүргізушілері  құныққан  ба? Қаламызда кейіпкеріміз секілді жеңілдікпен жүретін жандар қаншама, сол кісілердің бәрі осындай қиындықтарға тап болып жата ма? Не десек те, үлкенді сыйлау – ардың жұмысы. «Бір өзі тұр екен, қырық бес теңгеге бола тоқтаймыз ба?» деген түсініктегі қызметкерлері бар біздің қоғамымыз соншалықты сорлаған ба? Бұл мәселені шешу үшін не істемек ке­рек­? Бірде кондуктор жүргізушіге «мына 180 теңгені алып кетейік» (180 теңге­ деп аялдамада тұрған 2 адамды айтады – ред.) деп пәрмен бергенін көргенмін, сол себеп­ті адамды ақшамен атап, қаржыға құныққандар бар кезде бір ескертумен заң аясында мәселенің шешімін табу қиын секілді. Сондықтан да жолақы құны бәріне бірдей болғаны дұрыс. Тек зейнеткерлерімізге қаржылай көмек жеке қарас­тырылса, сонда апам да риза, жеңгем де риза. Бір есептен «Жанармай қымбат, қосалқы бөлшектерді сатып алуымыз қажет, олар да тегін берілмейді» деп жүрген екінші тараптың да мәселесі шешіл­ер еді. Тек бір ескеретін дүние, арна­йы зерттелу нәтижесінде зейнеткерлердің жол жүруіне берілетін көмек жет­кілікті түрде болу керек. Бұл – менің ұсы­ны­сым, барлық қоғамдық көлік қызметкерлеріне күйе жағудан аулақпын. Осы бір болған оқиғаны баяндап, үлкен кісі­лердің мәселесі шешілгенін қалаймын.

Шернияз   ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер:
  • Отте жаксы жазылган дуние екен…
    Мен негизи бундай жаналык дегендерди окымайтынмын. Кызык осы Рыскелди деген жигиттин аркасында барин карап окитын болдык.
    Жарайсын…
    Бир Мактап коиыныздар…

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: