Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен мәжілісте кадрлық өзгерістер таныстырылды. Жиында бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ділмұхамед Әбізов жаңа қызметке шығарып салынды.
Қала басшысы Ділмұхамед Мінуәрбекұлының мемлекеттік қызметтегі еңбегіне жоғары баға беріп, оның қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде Ділмұхамед Әбізовтің жетекшілік еткен салалардағы жұмысты жүйелеп, жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындағанын айтты. Сондай-ақ оның жауапкершілігі мен іскерлігінің арқасында қала өміріндегі бірқатар маңызды бағыттарда нәтижелі жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
Мәжіліс барысында Ділмұхамед Мінуәрбекұлына Қызылорда қаласының ең жоғары марапаттарының бірі – «Құрмет грамотасы» табысталды. Қала әкімі оған алдағы қызмет жолында сәттілік тілеп, жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Жиында сондай-ақ қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жаңа басшысы таныстырылды. Бұл қызметке Әнуәр Айдын Серікұлы тағайындалды.

Айдын Серікұлы 1990 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Құрылыс» мамандығы бойынша, сондай-ақ Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінде «Мемлекеттік және аймақтық басқару» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2008 жылы «СКА СтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде техник-жобалаушы болып бастаған. Кейін әр жылдары түрлі мекемелерде бас инженер, директор секілді жауапты қызметтер атқарған. 2020-2025 жылдар аралығында Қармақшы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқармасына қарасты «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының» басшысы, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары сияқты лауазымдарда еңбек еткен. 2025 жылдың маусым айынан бастап осы уақытқа дейін қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.
Қала әкімі жаңа тағайындалған бөлім басшысының кәсіби тәжірибесіне тоқталып, оның мемлекеттік қызметте сатылап өсіп, өзін білікті әрі жауапты маман ретінде көрсете білгенін айтты.
«Айдын Серікұлы – мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған маман. Тапсырманы тиянақты орындайтын, жауапкершілігі жоғары азамат. Сондықтан жаңа қызметте де өзіне жүктелген міндеттерді кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін», – деді Нұржан Ахатов.
Осылайша, қала әкімдігінде өткен мәжілісте бір қызметкер жаңа лауазымға шығарып салынса, енді біріне жауапты салаға жетекшілік ету міндеті жүктелді. Қалалық әкімдік бұл кадрлық өзгерістер шаһардың инфрақұрылымдық және әлеуметтік бағыттағы жұмыстарын одан әрі жүйелеуге серпін береді деп күтеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!