Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін атқарған қызметінен босатылды.
Осылайша Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосын қайта басқаратын болды. Ол бұған дейін 2019 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы сәуірге дейін Сыртқы істер министрі, оның ішінде 2021 жылдан Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметін атқарған.
Мұхтар Тілеуберді 1968 жылғы 30 маусымда дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін тәмамдаған. Сондай-ақ Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында және Оңтүстік Кореядағы Йенсе университетінің Тілдер институтында тағылымдамадан өткен. Еңбек жолының алғашқы кезеңінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында жұмыс істеген.
Дипломатиялық қызметін 1993 жылы Сыртқы істер министрлігінде атташе болып бастады. Кейін Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінде, СІМ-нің орталық аппаратында және Қазақстанның Израильдегі елшілігінде қызмет атқарды. Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының сыртқы саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі де болған.
2003 жылы Сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды. 2004 жылдан Қазақстанның Малайзиядағы елшісі қызметін атқарып, кейін Индонезия, Бруней-Даруссалам және Филиппиндегі елші міндетін қоса атқарды. 2009 жылдан Швейцариядағы елші, сондай-ақ Лихтенштейн мен Ватикандағы елші және Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі болды.
2016–2019 жылдары Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылы алғаш рет Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалып, кейін Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметін қоса атқарды. 2023 жылдан бері Қазақстанның Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі әрі Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі қызметінде болды.
Мұхтар Тілеуберді Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын және корей тілдерін меңгерген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!