Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» – тағдырлы ақынның сахналық шежіресі

28.08.2026, 9:20 74

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қалалық «Жастар» театрының репертуарындағы тағылымды қойылымдардың бірі – ақын, жыр сүлейі Зейнолла Шүкіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Неге, жаным, шығарып сала алмадың? атты лирикалық драма.

Қойылым ақынның бала күнгі тағдырлы кезеңінен басталады. Сегіз жастағы Зейнолланың атан түйеден құлап, белінен ауыр жарақат алуы оның өмірін күрт өзгертеді. Қос аяғы сал болып, арбаға таңылса да, жас бала тағдырға мойымай, өз бетімен білім алып, кітапқа құштар болып өседі. Оның өлеңге, өнерге және өмірге деген шексіз сүйіспеншілігі шығарманың негізгі арқауына айналған.

Спектакльде дімкәс денеге қарамастан мұқалмаған ақын рухы, жүрек арпалысы, махаббат сезімі мен өмірдің сан қилы сынақтары көркем бейнеленеді. Зейнолланың өнердегі тұлғалармен кездесулері мен Әйкерімге деген мөлдір сезімі де оқиға желісін тереңдете түседі.

Қойылымның негізгі идеясы – тағдырдың ауыр сынына қарамастан адам рухының беріктігін таныту, өмірге деген құштарлықты жоғалтпау. Ақынның қайсарлығы мен өнерге адалдығы көрерменді ойға жетелеп, жастарды жігерлі болуға, арманға ұмтылуға үндейді.

«Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» – Зейнолла Шүкіровтің тағдырлы ғұмырын арқау еткен, адам рухының биіктігін танытатын әсерлі сахналық туынды. Ақынның өмір жолы мен жүрек сырын сахна тілімен жеткізген қойылым көрерменге терең ой салып, тебірентерлік әсер қалдырады.

Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: