Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылтайдың күзгі күн тәртібі қандай?

27.08.2026, 16:00 58

Күні ертең бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтеді. Сарапшылар жаңа саяси маусымда бір палаталы Құрылтайдың жұмыс тәртібі, комитеттер құрамы, Үкіметпен қарым-қатынасы және жаңа Конституция талаптарына сай заңнамаларды жаңарту негізгі бағыттардың бірі болады деп бағалап отыр.

Құрылтай сайлауында сайлаушылардың белсенділігі 74,19 пайызды құрады. Бұл 2023 жылғы Парламент сайлауындағы 54,1 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Сайлау қорытындысында «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс алып, 110 мандатқа ие болды. «Ауыл» партиясына 10, Respublica-ға 9, ЖСДП мен «Ақ жолға» 8 мандаттан бұйырды.

Саясаттанушы Таир Нигмановтың пікірінше, биылғы сайлаудың басты ерекшелігінің бірі пікірсайыстар болды. Оның айтуынша, дебаттардың саны мен сапасы артып, партиялардың сайлаушылармен коммуникациясы жаңа деңгейге көтерілген.

— Күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген адам сайлауалды бағдарламаны егжей-тегжейлі оқуға уақыт жұмсамайды. Сондықтан сайлау штабтарының міндеті – ауқымды бағдарламаның мәнін бөліп алып, оларды түрлі коммуникация арналары арқылы сайлаушыға жеткізу. Бұл тұрғыдан алғанда, пікірсайыс – ең маңызды құрал, — деді сарапшы.

Алдағы кезеңде Құрылтайдың өкілеттігі де саяси күн тәртібінің өзегіне айналмақ. Жаңа орган Премьер-Министр мен Вице-президентті тағайындауға келісім береді, Конституциялық сотты, Орталық сайлау комиссиясын және Жоғары аудиторлық палатаны қалыптастыруға қатысады. Сарапшылар Құрылтай жұмысының тиімділігі қабылданған заңдардың санымен емес, қоғам сұранысына қаншалықты жауап беретінімен өлшенуі тиіс деп есептейді.

Мәскеудегі Талдау және стратегиялық коммуникациялар орталығының директоры Александр Дроговоздың пікірінше, күзде Құрылтайдың толық құрамы жасақталып, басшылық органдары мен комитеттері құрылып, ішкі жұмыс тәртібі белгіленеді.

— Құрылтайда азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер талқылануы маңызды. Атап айтқанда, халық табысы, жұмыспен қамту, баға саясаты, коммуналдық және көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері назарда болатыны анық, — деді ол.

Сарапшылар күзгі саяси күн тәртібінің тағы бір бағыты заңдарды жаңа Конституцияға бейімдеу болатынын айтады. Сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық мәселелер, экономикалық және сыртқы саясат, өңірлердің мүддесін Құрылтайда жеткізу мәселесі де алдыңғы қатарға шығады.

Өзбекстандық саясаттанушы Равшан Назаров күздегі саяси күн тәртібі үш бағытта шоғырланады деп есептейді.

— Олар – конституциялық реформаларды жалғастыру, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге екпін түсіру және саяси тұрақтылықты сақтап қалу. Ең ықтимал сценарий – жалпы саяси жүйені басқару тетіктерін сақтай отырып, институттарды біртіндеп жетілдіру, — деді сарапшы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: