Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тыңшылықпен ұсталды»: Астанада өзбекстандық профессор қамауға алынды

27.08.2026, 15:30 33

Астанада Өзбекстан азаматы, халықаралық қатынастар профессоры Икболжон Карабаев тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынды. Бұл туралы Exclusive.kz BBC-ге сілтеме жасап хабарлады.

Басылым мәліметінше, 46 жастағы профессорға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша айып тағылған. Карабаевтың туысының айтуынша, 3 шілдеде азаматтық киімдегі бірнеше адам оның Астанадағы үйіне келіп, профессорды алып кеткен. Ол елордада әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.

Икболжон Карабаев Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев университетінде халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Сонымен қатар Бельгиядағы БҰҰ университетінің Аймақтық интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабында шет мемлекеттің немесе ұйымның мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау тыңшылық ретінде қарастырылған. Шетел азаматтарына қатысты нормада Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді шетелдік барлау қызметінің тапсырмасы бойынша жинау үшін жауапкершілік көзделген.

Әзірге Карабаевқа нақты қандай әрекеттері үшін айып тағылғаны және тергеу нұсқасы бойынша ақпаратты кімге беруі мүмкін болғаны жөнінде ресми мәлімет жарияланған жоқ. BBC істің мән-жайын бірнеше апта бойы зерттегенін, алайда ақпараттың жабықтығына тап болғанын жазған. Басылым Бас прокуратураға, ІІМ-ге, Өзбекстан СІМ-іне және Қазақстандағы Өзбекстан консулдығына сауал жолдағанымен, жауап алмағанын хабарлады.

UNU-CRIS профессордың қамауға алынуына алаңдаушылық білдіргенімен, іс бойынша ресми мәлімдеме жасамаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: