Үкімет биыл Қызылорда облысындағы күріш алқабын 70 мың гектардан асырмауды ұсынды. Себебі Сырдариядағы су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болуы мүмкін. «Тоқтоғұл» су қоймасындағы қор былтырғыдан 1,5 миллиард текше метрге кем. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылордаға шамамен 1,3 миллиард текше метр су жеткізуге мүмкіндік барын айтты. Бірақ бір шартпен: көрші елдер келісілген су беру режімін сақтауы керек. Министр сөзіндегі осы бір «сақталса» деген тіркестің ар жағында тұтас Орта Азияның су саясаты жатыр. Өйткені, Сырдың төменгі ағысында отырған Қазақстан үшін егінге қанша су келетінін табиғат қана емес, дарияның жоғары жағындағы мемлекеттердің шешімі де анықтайды. Ендеше Орталық Азия елдері арасында суға байланысты мүдде қайшылығы күшейіп келе ме? Тарқатып көрейік.
Қазақстан егіс көлемін белгілеп, каналдарды жөндеп, су үнемдеуді күшейте алады. Бірақ сырттан келетін судың көлемін жалғыз өзі шеше алмайды. Үкімет дерегіне сәйкес, еліміздің жыл сайынғы жерүсті су қоры шамамен 100 текше шақырым, оның 44 пайыздан астамы шекара сыртында қалыптасады. Судың 67 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Көрші елдегі су қоймасының режімі өзгерсе, оның әсері егін мен азық-түлік бағасына дейін жетеді. Мұндай тәуелділік кеше пайда болған жоқ. Кеңес кезеңінде Қырғызстан мен Тәжікстандағы қоймалар Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанның жазғы егісіне су жіберетін. Оның есесіне жоғарыдағы республикаларға қыста көмір, газ және электр берілді. Одақ тараған соң әр мемлекет су мен энергияны өз қажетіне қарай басқара бастады, ал бұрынғы айырбас жүйесінің орнына бәріне тиімді жаңа тәртіп толық орнықпады.
Дүниежүзілік банк көрсеткен негізгі қайшылық та осы: төменгі ағыстағы елдерге су көктем мен жазда егін үшін керек, жоғары ағыстағы мемлекеттер оны электр өндіру үшін қыста көбірек жіберуге мүдделі. Сондықтан судың көлемімен бірге қашан босатылатыны да маңызды. Қаңтарда келген мол су сәуірдегі егінге көмектеспейді, ал жазғы ағын Қырғызстан мен Тәжікстанның қысқы энергия тапшылығын шешпейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда ірі өзендердің көбі көрші мемлекеттерден бастау алатынын айтып, мәселенің көп бөлігі су дипломатиясына байланысты екенін жеткізді.
– Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек. Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет, — дейді Мемлекет басшысы.
Бұл ұсыныстың қажеттігі су азайғанда анық көрінеді. Қай елдің қанша су алатыны, қоймалардан су қай мерзімде жіберілетіні және қуаңшылықтың салмағы қалай бөлінетіні алдын ала жазылуы керек. Ортақ өлшеу мен дауды қарайтын тетік болмаса, әр тарап өз есебін дұрыс деп санайды.
Жасыл экономика мен табиғи ресурстарды басқару саласының сарапшысы Владимир Рич су тапшылығы мемлекеттер арасындағы қатынасқа әсер етуі мүмкін екенін айтады.
– Келесі қақтығыс су үшін болуы әбден мүмкін. Дегенмен, дипломатиялық механизмдер мен халықаралық келісімдер арқылы оның алдын алуға мүмкіндік бар, — дейді сарапшы.
Рич айтқан қақтығысты бірден қарулы текетірес деп түсінудің қажеті жоқ. Су қоймаларының режімі, жазғы лимит, жаңа бөгеттер мен каналдар жөніндегі мүдде таласы қазірдің өзінде бар. Ендігі мәселе Орталық Азия елдерінің оны су аз жылдары да келіссөзбен шеше алуына байланысты.
2026 жылғы жағдай мәселенің қаншалықты нақты екенін көрсетті. Үкімет ақпан айында Сырдария алабындағы су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болуы ықтимал екенін хабарлады. «Тоқтоғұл» су қоймасы энергия тапшылығына байланысты қыста күшейтілген режімде босатылды. Вегетация басталғанда қойма қайта су жинауға көшеді. Соның салдарынан жазда төменгі ағысқа жіберілетін суға шектеу тууы мүмкін.
Үкімет отырысында министр Нұржан Нұржігітов «Шардара» мен Қызылордаға келетін судың есебін былай түсіндірді.
– Су беру режімдері келісілген деңгейде сақталған жағдайда су қоймасына кемінде 8,3 миллиард текше метр су келуі күтілуде. Бұл «Шардара» су қоймасын шамамен 5 миллиард текше метрге дейін толтыруға, «Көксарай» контрреттегішіне 2 миллиард текше метр жинауға және Қызылорда облысына шамамен 1,3 миллиард текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді, — дейді министр.
«Қызылорда үшін мұны құр сан десек, сан соғып қаламыз ба?» деген қауіп бар. Күріш алқабы, ауылдағы жұмыс және Аралға жететін су осы есепке байланысты. Бірақ барлық салмақты диқанға артып, күрішті қысқартумен шектелу дұрыс болмайды. Шаруаға су үнемдейтін технология, өтімді балама дақыл және тұрақты нарық қатар ұсынылуы қажет. Әйтпесе су үнемделгенімен, ауылдың табысы азаюы мүмкін. Мәселенің екінші жағы ел ішіндегі ысырапқа тіреледі. Көрші мемлекеттерден қосымша су сұрап отырып, өз каналдарымыздағы жоғалтуды азайтпасақ, Қазақстанның келіссөздегі уәжі де әлсірейді. Президент Жолдауында осы жағдайды ашық сынады.
– Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның су саясаты сыртқы келіссөз бен ішкі тәртіпті қатар қамтуы керек. Маусымдық су бөлу келісімдерінде құрғақшылық кезіндегі тәртіп көрсетілгені жөн. Су қоймаларындағы қор мен өзен ағысы барлық тарапқа бір мезетте көрінетін ортақ цифрлық жүйеге жиналуы қажет. Төменгі ағыстағы елдер жоғарыдағы көршілердің қысқы энергия тапшылығын өтеуге қатысса, олар да жазғы су режімін сақтауға мүдделі болады.
Аймақтық есепке Ауғанстандағы Қош-Тепа каналы да қосылды. БҰҰ бағалауында канал мен климат өзгерісінің әсерінен 2030 жылға қарай Әмудария алабындағы су қолжетімділігі 29,4 пайызға дейін азаюы мүмкін делінген. Ауғанстан бұрынғы су бөлу тәртібіне қатыспайды. Канал ол ел үшін егіншілікті дамыту мен жұмыс орнын көбейтудің құралы саналады. Сондықтан жобаны жай ғана қауіп деп атау мәселені шешпейді. Оның нақты қанша су алатыны ашық есептеліп, Ауғанстан ортақ су келіссөзіне қатысуы керек. Әйтпесе, бес мемлекеттің өзара мәмілесі алтыншы тараптың мүддесін ескермей толық жұмыс істей алмайды.
Аралдың тағдыры суға қатысты шешімді кейінге қалдырудың салдары қандай болатынын көрсетіп берді. Енді сол қатені қайталамау үшін мемлекеттер су мол кезде ғана емес, тапшылық қысқанда да орындалатын тәртіпке келуі керек. Сондықтан, «Орталық Азиядағы жаңа тартыс су үшін болуы мүмкін бе?» деген сауалға біржақты жауап жоқ. Мүдде қайшылығы қазірдің өзінде бар. Бірақ оның үлкен жанжалға айналуы судың көлемінен бұрын елдердің келісімге қаншалықты берік болатынына байланысты. Қазақстан үшін басты міндет – өз үлесін талап етумен шектелмей, ортақ есеп пен тұрақты келісімнің қалыптасуына бастамашы болу. Судың да сұрауы бар. Бұл жолы оның жауабын әр мемлекет жеке емес, көршілерімен бірге табуы тиіс.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Коллаж: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!