Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тұрақты әуе рейстерінің рұқсат етілген саны аптасына 28-ден 70-ке дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Эр-Рияд қаласында Қазақстан Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Құжат екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын дамытуға және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қол қою рәсіміне Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сауд Арабиясы Азаматтық авиация бас басқармасы президентінің міндетін атқарушы Сулейман бин Ахмед Альбассам қатысты.
Жаңа келісім аясында тараптар аптасына орындалатын тұрақты рейстер санын 28-ден 70-ке дейін көбейтуге уағдаласты. Сонымен қатар әуе компаниялары Астана мен Эр-Рияд арасында тікелей тұрақты рейстер ашуды және Сауд Арабиясының өзге қалаларына ұшатын бағыттар санын арттыруды жоспарлап отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл келісім екі ел арасындағы сауда-экономикалық және іскерлік байланысты дамытуға, инвестиция тартуға, сондай-ақ туристік және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!