Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Идеяны жүзеге асыруға міндетті түрде Алматы мен Астана асудың керегі жоқ

27.08.2026, 7:40 53

Қолда бардың қадірін біліп, мүмкіндікті мүлт жібермейтін жас көп қазір. Жасыратын несі бар, технологияны игерген баланы «гаджеттен бас алмайды» деп жазғырып, бағы бар жасөспірімнің болашағына балта шабатын заман емес. Әңгіме ЖИ-ге, ақпарат дәуіріне тікелей байланысты. Цифрлық теңсіздік жайлы айтып келеміз, телефон мен компьютерді ұтымды пайдаланып, елге титтей де болсын пайда тигізудің жолы көп. Бірақ ол құр ынта-жігермен, біліммен шектелмейді, тапқан өнеріңе баға беріп, жобаңа жәрдем ететіндер керек-ақ. Ондай азаматтар бүгінде Қызылорданың өзінде жетіп артылады. Солардың бірі – жас болса да бас болып, өзі түлеп ұшқан білім ордасының студенттеріне мол мүмкіндік жасап жүрген KyzylordaHub жетекшісі Жанарыс Түбекбаев. Ол «әлеуметтік желіде контент жасаймын», одан бөлек «ешкімнің ойына келмеген кәсіп ашамын» деуші жас өнертапқыштарға қолдау білдіруден тайынған емес. Қызылорданың талантты жастарының «сенсейі» атанған Жанарыспен ЖИ және стартап  жобаларды  талқыға  салғанбыз.

– Ассалаумағалайкүм, Жанарыс. Ең алдымен сөз басын стартап жобалардан бастасақ. Себебі сізді жастардың демеушісі, IT, қаржы саласынан бөлек, кәсіп бастауға жол ашушы ретінде танимыз. Бүгінде студенттердің көпшілігі стартаптарға қатысып, жоба жасап жүргенімен, қатыспақ түгілі стартаптың не екенін білмейтіндер қаншама… Әйтпесе әлемнің мен деген миллиардерлерінің өзі бизнес жобаларын стартаптарға қатысу арқылы бастайды. Жалпы аудиторияға бұл саланы таныстыру мақсатында бірен-саран анықтама беріп, жеңіл  сөзбен  түсіндіре  кетсеңіз.

– Стартап дегеніміз – белгілі бір мәселені жаңа тәсілмен шешуге бағытталған тың жоба. Қарапайым тілмен айтар болсақ, адам күнделікті өмірде я болмаса қандай да бір салада бір мәселені байқайды және сол мәселені шешетін өнім ұсынады. Стартапшының міндеті сол идеяны тек ой ретінде қалдырмай, тексеріп, алғашқы өнімін жасап, адамдарға ұсынып, тұтынушы пікірін жинап, ары  қарай  дамыту  саналады.

Мысал келтірейік. Сізде бір идея пайда болды. Негізі оны жүзеге асыру­ға бірден үлкен компания құрып, кеңсе жалдап, 10-15 адамнан тұратын команда жинаудың қажеті шамалы. Алдымен идеяның адамдарға  қаншалықты қажет екенін ұғыну керек. Содан кейін өнімнің MVP саналатынын жасап, нақты қолданушыларға  ұсынып  көреді.

Сол себепті стартапты бірден түбе­гейлі  бизнеспен байланыс­тыру­ға болмайды. Стартап – мәселені анықтау, оған лайық шешім ұсыну, оны тексеру және жұмыс істейтін өнімге айналдыру процесі. Және ең маңыздысы, стартап орындау үшін IT маманы болу шарт емес. Жақсы, өнімді идеяның артында медицина, білім, ауыл шаруашылығы, экология, қаржы немесе басқа кез келген сала  маманы  тұруы  мүмкін.

– Білуімізше, KyzylordaHub-та 52 стартап  жоба бар. Олардың қайсы­сы жақсы қолдау тауып, жүзеге асып, халық­аралық  нарыққа  шығып  жатыр?

– Қызылордада талантты жас өте көп. Соның бірі – жас болса да бас болып, алға үлкен мақсат қо­йып жүрген Асылжан Абдуллаев. Ол жаса­ған Cortex AI жобасын ерекше атап өтсек болады. Бұл – трансплатанция саласында жасанды интеллект технологиясын қолданатын жоба. Жүйе операцияға дейін органның қабылданбау қаупін болжауға мүмкіндік береді. Ол генетикалық және  клиникалық деректерді талдап, дәрігерлерге  трансплатацияның  сәтті өту ықтималдығын алдын алу бағалауға көмектеседі.

Бұл жобаның нәтижелері  өте жақсы. Атап айтқанда, аталмыш жоба Шымкентте өткен финалда екінші орын алып, 5 млн теңге қаржыландыруға ие болды. Сондай-­ақ Сауд Арабиясының Инвестиция­лар министр­лігінен 81 мың АҚШ доллары  көлемінде  қаражат  тартты.

Тағы  бір  қызық  жоба – Qozy.  Бұл – қазақ тілінде ағылшынша үйре­нуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша. Қосымшада сөздерді тиімді меңгеруге арналған интервалды қайталау жүйесі қолданылады және ол iOS-пен Android платформаларында қолжетімді. Бүгінгі күнге дейін жоба аудиториясы 40 мың адамға  дейін  жетті.

Үшінші жоба ретінде Mazir App платформасын атап өтуге болады. Бұл – мейрамхана бизнесін кешен­ді автоматтандыруға арналған SaaS-­платформа. Оның ішінде тапсырыстарды басқару, өз-өзіне қызмет көрсету киоскісі, қызметкерлер панелі, қойма есебі және аналитика бір жүйеге біріктірілген. Қазіргі уақытта аталмыш платформаны қала ішінде бес кафе мен мейрамхана қолданып жатыр.

Жалпы бұлар – 52 жобаның ішіндегі санаулысы ғана. Олардың әрқайсысының даму деңгейі әртүрлі: біреуі идея кезеңінде болса, енді бірі алғашқы клиенттерін тауып, нарыққа шығып жатыр. Біздің мақсатымыз – осы жобалардың әрқайсысына даму кезеңіне сай қолдау көрсету.

– Қазіргі жастарда идея жетерлік. Бірақ та оны жүзеге асыруда кейде мотивация, кейде ресурс жетпей жатады. Осы тұста KyzylordaHub амбициясы биік жастарға қалай көмектесе алады?

– KyzylordaHub-тың негізгі міндеттерінің бірі – адамның идеясын жай ғана тыңдап қою емес, оны мүмкіндігінше нақты өнімге дейін жеткізуге  көмектесу.

Бізде стартаптың әртүрлі кезеңіне арналған мүмкіндіктер бар. Мысалы, идеясы бар, бірақ оны қалай бастау керегін білмейтін жастар үшін консультациялар, воркшоптар, оқыту бағдарламалары және буткемптер өткізіледі.

Сонымен қатар, бізде Startup Orda инкубациялық бағдарламасын негізге алсақ болады. Оның негізгі мақсаты – қатысушының идеясын жүйелеуге, нарықты зерттеуге, өнімнің алғашқы нұсқасын жасау­ға және оны ары қарай дамытуға көмектесу. Өткен жылы бағдар­ламаға 70 өтінім түсіп, олардың ішінен 20 жоба таңдалды, нәтижесінде 15 жоба  бағдарламаны  тамамдады.

Бұдан бөлек, хакатондар ұйым­дастырамыз. Хакатон кезінде қа­тысу­шылар нақты проблемаларды қысқа уақыт ішінде шешуге тырысып, командалық жұмыс пен өнім әзірлеу  тәжірибесін  алады.

Тағы бір маңызды формат – Pizza Pitch. Бұл жерде стартап автор­лары өз жобаларын инвесторлар мен сарап­шылар алдында таныстырып, кері  байланыс  алады.

Сондықтан біздің рөлімізді белгілі бір мағынада фаундерлер мен инвесторлардың арасындағы көпір деп айтуға негіз бар. Біз идеяның пайда болуынан бастап, оны дамыту­ға қажет­ті білім, орта, сарапшы және байланыстарды табуға дейін сүйе­мел­деуге  тырысамыз.

– Көп жас «мүмкіндік» дегенде тек Алматы мен Астанаға бет бұрып, біржақты ойлап жатады. Қызылордада туған идеяның басқа жаққа кетпей-ақ, өңірімізде дамуына жағдай жеткілікті деп  ойлайсыз  ба?

– Менің ойымша, бүгінде міндетті түрде Алматыға немесе Астанаға көшу керек деген түсінік біртіндеп өзгеріп келе жатқан секілді. Қазір технологиялық жобаны дамыту үшін ең маңыздысы – адамның қай қала­да тұрғаны емес, оның идеясы, командасы, интернетке, білімге, сарапшыларға  және  нарыққа  шығу  мүмкіндігі.

Қызылордада бұл бағытта қажетті орта біртіндеп қалыптасып келе­ді. Мысалы, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінде Жасан­ды интеллект институтын атап өтсе болады. Бұл – IT және жасанды интеллект бағытында білім алатын жастар  үшін  маңызды  мүмкіндік.

Ал KyzylordaHub-та жастарға жұмыс істеуге арналған коворкинг кеңістігі бар. Яғни студенттің жеке кеңсесі немесе қымбат жұмыс орны болмаса да, Хабқа келіп, командасымен жұмыс  істеп,  басқа жастармен танысып, іс-шараларға қатысып, өз жобасын  дамытуына  мүмкіндік  бар.

Сонымен қатар, қазір техно­ло­гия­лық өнімнің аудиториясы міндетті түрде Қызылордамен шектел­мейді. Мысалы, Qozy сияқты қосымшаның қолданушысы басқа қалада неме­се тіпті басқа елде болуы мүмкін. Демек, өнім Қызылордада жасалып, нарығы бүкіл Қазақстан немесе халық­аралық деңгейде болу ықтимал­дығы  жоғары.

Біздің мақсатымыз да – жастарға «үлкен мүмкіндік тек басқа қалада» деген түсінікті өзгерту. Идеяны Қызыл­ордада бастап, өнімді осында дамытып, кейін  республикалық және  халықаралық  нарыққа  шы­ғару – қазіргі сәтте әбден мүмкін сце­нарий.

– Көпшілік  стартап  дегенде  бір­ыңғай IT немесе қаржы, кәсіпкерлік бағытындағы дүниені еске түсі­реді. Бұл  рас  әңгіме  ме? Жалпы стартапта гуманитарлық  не  меди­циналық ба­ғытта білім алушы студенттерге қандай  мүмкіндіктер  қа­расты­рылған?

– Жоқ, стартапты нақты салалармен шектеу – қате. IT көбіне стартаптың құралы болуы мүмкін, бірақ оның шешетін мәселесі кез келген салада болуы ықтимал. Мысалы, біздің экожүйеде білім беру, медици­на, сұлулық және басқа да бағыттарға  қатысты  жобалар  бар.

Мысалы, Kutim.kz – жасанды интел­лект негізінде тері күтімін ұйым­дастыруға арналған платформа. Ол қолданушыға бет терісінің жағдайын талдауға, жеке күтім жос­парын қалыптастыруға және қажетті косметикалық құралдарды таңдауға мүмкіндік  береді.

Тағы бір мысал – Zein AI. Бұл – мектептер мен мұғалімдерге арнал­ған үштілді AI-экожүйе. Жоба педагогтердің күнделікті бюрократиялық жүктемесінің 40%-ына дейін автоматтандыруға және әр оқушыға жеке оқыту траекториясын қалыптас­тыруға бағытталған. Ең маңыздысы – бұл жоба Қызылордада пайда болған және Қазақстан мен Орталық Азиядағы білім беруді цифрлан­дыруға  бағытталған.

Сондықтан медицинаны оқып жүрген студент өз саласындағы мәселені жақсы біледі, педагог білім беру саласындағы проблеманы жақсы түсінеді, ал гуманитарлық бағыттағы студент те өзінің саласындағы нақты мәселені тауып, оған жаңа шешім ұсына  алады.

Яғни жақсы стартаптың негізі – «мен IT білемін» дегеннен бұрын, «мен нақты бір мәселені жақсы білемін және оны шешудің жолын ұсынамын»  деген  ұстаным.

– Әңгімені жаңа оқу жылына бұрсақ. Себебі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде IT, ЖИ бағытына едәуір басымдық беріліп жатыр. Тиісінше сіздердің де жұмыс­тарыңыз өрге басатынына шүбә жоқ. Осы орайда келер жылға нақты қандай  жоспарлар  бекітіліп  жатыр?

– Биыл Президентіміздің бастамасымен Жасанды интеллект жылы болып бекітілді. Сондықтан болар, бұл бағыт біздің жұмысымыздың негіз­гі  басымдықтарының  біріне  айналды.

Жыл бойы жасанды интеллект бойынша тұрақты түрде оқыту бағ­дарламаларын, кездесулер мен практикалық іс-шараларды өткізіп келеміз. Бұл жұмысты ары қарай да жалғастыру жоспарланып отыр. Яғни біздің мақсатымыз – AI туралы тек теориялық ақпарат берумен шектелмей, жастар мен мамандарға оны нақты жұмысында және өз жобаларында  қолдануды  үйрету.

Стартаптарды дамыту бағыты бойын­ша да акселерациялық және инкубациялық бағдарламаларды жал­ғастыру жоспарымызда бар. Мұнда жобалардың идеядан нақты өнімге, ал дайын өнімнен нарыққа шығуына  көбірек  көңіл  бөлінеді.

Біздің алдағы кезеңдегі бас­ты мақсаттарымыздың бірі – тек іс-­шаралар санын көбейту емес, олардың нәтижесін күшейту. Яғни іс-шараға қатысқан адам одан кейін Хабтың басқа бағдарламасына келіп, команда құрып, стартап жасап немесе өз жобасын дамытатындай жүйе қалыптастыру.

– Қазір ЖИ-ге назар қатты ауып жатқаны бесенеден белгілі. Нейро­жүйені жетік меңгерген жастарға қалай қол ұшын соза аласыздар? Қызыл­орда жастары ЖИ-ді қаншалықты дайын құрал ретінде емес, өз өнімдерін жасау  үшін  пайдаланып  жүр?

– Сұрағыңыз өте орынды. Бүгін­де жасанды интеллект құралын пайдалану мен оны дұрыс пайдалана білу – екі түрлі нәрсе.

Кез келген адам ChatGPT немесе басқа AI құралын ашып, сұрақ қоя алады. Бірақ нақты нәтиже алу үшін мәселені дұрыс қою, тапсырманы нақты түсіндіру, контекст беру және алынған нәтижені тексеру қажет. Яғни AI-ды басқару үшін адамның өзі де белгілі бір дағдыларға ие болуы керек.

Сондықтан біз оқыту барысында тек дайын AI құралдарын көрсетіп ғана қоймай, олармен тиімді жұмыс істеу мәдениетін де қалыптастыруға тырысамыз. Мысалы, дұрыс промпт жазу, AI арқылы ақпаратты өңдеу, контент жасау, күнделікті жұмысты автоматтандыру сияқты дағдыларға көңіл  бөлеміз.

Ал келесі деңгей – AI-ды жай ғана  дайын  құрал ретінде қолданбай,  оның  көмегімен өз өніміңді жасау. Қазір бұл үшін технологиялық табал­дырық бұрынғыдан әлдеқайда төмендеді. Адамның идеясы болса, AI құралдарын пайдалана отырып, алғашқы прототипін жасап, оны тестіл­еуге  мүмкіндік  бар.

Сондықтан жастарға айтарым: AI-ды тек дайын жауап беретін құрал ретінде емес, өз идеяңды жүзеге асыру­ға көмектесетін серіктес ретінде  қарау  керек.

– KyzylordaHub-ты бес жылдан соң  қалай  елестетесіз?

– Бес жылдан кейін KyzylordaHub-ты Қызылордадағы IT-ге қызығатын жастар ғана емес, кәсіпкерлер, стартаптар, IT-мамандар, студенттер, сарапшылар мен инвесторлар тоғысатын үлкен технологиялық орталық ретінде  елестетемін.

Мен үшін Хаб тек іс-шара өтетін ғимарат болмауы керек. Адам Хабқа бір рет келіп, семинарға қатысып кететін орын емес, өзінің кәсіби немесе кәсіпкерлік жолын дамытатын тұрақты  орта  саналуы  керек.

Мысалы, студент Хабқа келіп, алды­мен AI немесе бағдарламалау бойынша оқуға қатысады. Кейін өзінің идеясын қалыптастырады, Startup Orda сияқты бағдарламаға қатысады, команда жинайды, хакатонда өз шешімін сынайды. Кейін Pizza Pitch арқылы инвесторлар мен сарапшыларға шығады. Егер жоба сәтті болса, ол жергілікті нарықта ғана қалмай, Қазақстанға, одан әрі халықаралық нарыққа шығуы мүмкін.

Менің ойымша, бес жылдан ке­йін Хабтың негізгі көрсеткіші тек қанша іс-шара өткізілгенімен емес, сол орта­дан қанша нақты жоба, компания, маман және жаңа мүмкіндік пайда  болғанымен  өлшенуі  керек.

Сондықтан бес жылдан кейін жоғарыда айтылғандай, 52 жобаның тәжірибесі жаңа жүздеген жобаның пайда болуына негіз болғанын  көргім  келеді. Ең  бастысы – Қызыл­ордадан шыққан жас «жақсы мүмкіндікке жету үшін міндетті түрде басқа қалаға баруым керек» деп емес, «мен өз идеямды осы жерде бастап, әлемдік нарыққа шығара аламын» деп ойлайтын деңгейге жетсе, мен үшін KyzylordaHub өз миссиясын орындады  деген  сенімдемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! Ісіңізге береке  берсін.

Сұхбаттасқан 

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: