АҚШ билігі әлем бойынша иммиграциялық виза алуға өтініш берген азаматтармен сұхбат өткізу уақытын уақытша тоқтатты. Бұл шешім АҚШ елшіліктері мен консулдықтарындағы қызметкерлерді қосымша оқытуға байланысты қабылданған.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, барлық дипломатиялық өкілдікте консулдық қызметкерлерге арналған жаһандық оқыту бағдарламасы басталған. Оның мақсаты – визаға өтініш берген әр азаматтың құжаттарын бірізді әрі жан-жақты тексеру тәртібін күшейту. Оқыту кезінде виза қызметтеріне жазылу кестесі қайта қаралады.
Бұған дейін сұхбат уақыты белгіленіп қойған кейбір өтініш берушілерге кездесудің тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберілген. Оларға жаңа күн мен уақыт кейінірек хабарланатыны айтылған. Әзірге сұхбаттардың қашан қайта басталатыны туралы нақты мерзім жарияланған жоқ.
АҚШ әкімшілігі соңғы уақытта виза мен грин-картаға өтініш берушілерді тексеруді күшейтіп келеді. Мемлекеттік департамент өтініш иесінің АҚШ-та мемлекеттік әлеуметтік көмекке тәуелді болып қалу қаупін де бағалауға басымдық беріп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтатқан болатын. Алайда 21 тамызда АҚШ федералдық соты бұл саясатты заңсыз деп танып, Мемлекеттік хатшының мұндай шектеу енгізуге өкілеттігі жетпейді деген шешім шығарды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!