АҚШ-тың Теннеси штатында өлім жазасына кесілген 50 жастағы Криста Пайкқа өлімге әкелетін препараттың екі дозасы енгізілгенімен, ол тірі қалған. Әйел жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Associated Press. Адвокаттары оның жағдайы туралы толық ақпарат алмағанын мәлімдеді.
Үкімді орындауға бір сағат қалғанда апелляциялық сот жазаны уақытша тоқтатқан. Сот Пайктың бала кезінде жыныстық зорлыққа ұшырағаны үкім шығару барысында жеткілікті ескерілгенін қайта қарауды қажет деп тапқан. Кейін АҚШ Жоғарғы соты бұл шешімнің күшін жойып, жазаны орындауға жол ашты.
Теннесидің түзеу мекемелері департаменті бекітілген хаттаманың барлық кезеңі орындалғанын хабарлады. Алайда хаттамада препараттың екінші дозасынан кейін де тұтқын тірі қалса, қандай әрекет жасалатыны көрсетілмеген.
Оқиғадан кейін штат губернаторы Билл Ли жыл соңына дейін жоспарланған қалған өлім жазасын тоқтатып, тәуелсіз тексеріс жүргізуді тапсырды. Пайк Теннесиде кейінгі 200 жылдан астам уақытта өлім жазасы орындалған алғашқы әйел болар еді.
Пайк 1995 жылы Коллин Слеммерді өлтіргені үшін сотталған. Қылмыс кезінде ол 18 жаста болған. Оның сол кездегі серігі, 17 жастағы Тадарил Шипп шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігімен өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!