Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі оқырман сарай ақындарын емес, шынайы өлеңді іздейді

20.08.2026, 7:00 50

Қазіргі  қазақ  поэзиясының  кеңістігінде өзіндік өрнегімен, ақындық парасатымен дараланып жүрген Мөлдір Айтбайдың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Бүгінде ол жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, еліміздің әр өңірінен келген жас дарындардың басын қосқан ауқымды  «Мөлдір өлең» жобасын жүзеге асырып жатыр.

Жақында  ақын  Сыр  өңіріне  арнайы  келіп, Қызылорда  төрінде  өзінің  акустикалық кешін  өткізген еді. Қайшылық  пен  ізденіске толы  шығармашылық жол, қоғамдағы ақынның  орны,  «Мөлдір  өлеңнің»  салмағы  мен  жүрек  түкпіріндегі  сырлары  жайлы дәл осы сапар барысында ақынмен аз-кем тілдесіп,  тұшымды  сұхбат  өрбіткен  едік.

– «Мөлдір өлең» жобасын қолға алуыңызға не түрткі болды? Сұхбатымызды  осыдан  бастасақ…

– Бұл жобаның басталуына себеп көп. Біріншіден, бүгінгі қоғамдағы ақындардың қадірсіздігі жаныма батты. Екіншіден, әншілер, КВН-шілер мен тиктокерлер сияқты таны­мал тұлғалардың соңынан қыруар жас еріп жүрген заманда, «Артында тәрбиелік мәні бар, жүрекке ой салып, сүйіспеншілік ұялататын поэ­зия тұрғанда, неге біз жеңіл-желпі нәрселерге құмар болуымыз керек?» деген  сауал  мазаламай  қоймады.

Оның үстіне, өздеріңіз білетіндей, мен  әнге  сөз де жазамын. Әділет Жау­ғашардың орындауындағы «Маған, ұнаған» әнінің қаралымы 120 миллионнан асты. Сол ән таныл­ғаннан кейін күніне 20-30 әншіден «Маған да сөз жазып беріңізші» деген ұсыныстар түсе бастады. Ал мен бір өзім мұның бәріне үлгермеймін. Егер сұлулық салоным немесе тігін цехым болса, тапсырысты басқа мамандарға беріп, орында деп тапсырар едім. Ал өлең жазу – біреу­ге тапсыра  салатын жұмыс емес. Содан «Қалай үлгерсем болады?» деп ойлана келе, елімізде қаншама талантты ақын бар екенін түсіндім. Тек оларға арнайы сахна, жарнама және өзін танытатын алаң жетіспейді екен. Сол себепті, басқа ақындар да сахнаға шығып, жүрегіндегі жырын  көпшілікпен  бөліссін деген ғибратты мақсатпен осы жоба­ны  бастадым. Былайша айтқанда, әрбір қазақтың жүрегіндегі қара өлеңді ояту – басты  мұратым.

– Бұл жобаның негізгі мақсатын ұқтық. Дегенмен, жобаның авторы да, демеушісі да өзіңіз екенсіз. Мұндай жанкештілік қыз балаға ауырлық  етпей  ме?

– Иә, авторы да, демеушісі де өзің болғаннан кейін оңай тимейді екен. Бастап алғаннан соң ғана салмағын терең сезіндім. Әр апта са­йын түрлі қиындық кездеседі. Кейбір ақын жылына бір рет 100 адам жинап, биле­тін 10 000 теңгеден сататын концер­тін өткізе алмай жатады. Ал мен ондай кештерді апта сайын ұйымдастырып отырмын. Алла қуат берсін! Бұл орайда маған үлкен демеу болып  жатқан – осы жобаға қатысу­ға келісім берген 60 ақын мен өлеңді  сүйетін қарапайым көрер­мен. Көрер­меннің  билет сатып алған қара­жатымен шағын шығындарымызды  жауып  отырмыз.

Шыны керек, әлі де бұл жобадан табыс тауып отырған жоқпын, тек шығындалу үстіндемін. Тіпті біраз ақынға қарызбын. Әу баста қатыс­қаны үшін әр ақынға 100 000 теңгеден беремін деп айтқан едім, бірақ үшінші аптадан кейін қаржы тоқтап қалды. Содан жобаның соңында бере­мін деп келістім. Бұйырса, жомарт  азаматтар табылып жатса, есептесеміз  деген  үмітім  бар.

– Жобаға қатысатын ақындарды қалай  таңдап  алдыңыздар?

– Бұл жоба алғаш рет ұйымдас­тырылып жатқандықтан, үлкендер­дің батасын алайын деп Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ағамызға бардым. Ол кісінің және Одақтың өңірлердегі филиал төрағаларының келісімімен, әр өңірден 3 ақыннан  таңдап  алдық.

Бұйырса, бұл жоба келесі жылы да жалғасын табады. Ол кезде «мынау қатысады, мынау қатыспайды» демей, кез келген үміткерге мүмкіндік береміз. Мейлі ол базардағы сатушы, құрылыстағы сылақшы немесе цехтағы тігінші болсын, алдымен өлеңдеріне  онлайн  іріктеу  жасаймыз.

Арнайы өңірлерге барып, іріктелген 10 ақынға шағын сахна ұсынып, аймақтық сайыс өткіземіз. Сол жерден оза шапқан 3 ақынды Алматыға шақырып, «Мөлдір өлең» жобасына қатыстырамыз. Бірақ бұл – келесі жылдың жоспары. Алдымен осы жылды  абыроймен  аяқтап  алайық.

– Алғашқы өлеңіңіз қандай тақырыпта жазылды? Есіңізде бар ма?

– Алғашқы жазған дүнием есімде, бірақ оны ол кезде өлең деп те ойламаған едім. Анам Қазына – белгілі журналист, ақын. Анамның үнемі жазу жазып отырғанын көріп, жанында мен де қағазға бірдеңелерді шимайлайтынмын. Соларды анам газетке жариялап жіберіпті. Ең алғашқы жазғаным пародия сияқты бірдеңе еді. Нақты егжей-тегжейлі есімде  қалмапты.

– Өзіңіздің де әнге сөз жазатыныңызды білеміз. Бір өлеңді немесе ән мәтінін жазуға қанша  уақыт  кетеді?

– Бір өлеңді жазуға 3 минут,  3 сағат, 3 апта, тіпті 3 ай кетуі де  мүмкін. Ол тікелей көңіл күйге де байла­нысты. Мен есеп шығармаймын, өлең шығарамын. Сол себепті көңіл күйім, жанымның жағдайы мен айналамдағы оқиғалардың бәрі әсер етеді. Содан да болар, кейбір әншінің өлеңін тез арада жазып бере­мін, ал  кейде  айлап күттіріп алатын  кездерім  болады.

Осы жоба басталғалы көп әнге сөз жазуға уақытым болғанымен, миымда тыныштық болмай жүр. «Келесі аптадағы жобаны қалай ұйым­дастырамын? Келетін ақын­дардың жол шығынын қалай жаба­мын?» деген сияқты уайыммен бас қатып жүргенде, өлең жазуға мүмкіндік болмай жатады. «Өлеңге нақ­ты мынадай уақыт кетеді» деп айта алмаймын, себебі бұл – қамыр илеу немесе үй салу сияқты механикалық  жұмыс  емес.

– Қазіргі  қазақ поэзиясының ба­ғытына  көңіліңіз  тола  ма?

– «Қазіргі қазақ поэзиясының бағыты» деген белгілі бір қатып қал­ған шеңбер жоқ. «Оңға немесе солға қарай» дейтіндей де арнайы бағыт тағайындалмаған.

Жалпы, көңілім толады. Қазір поэ­зия  жақсы  дамыды. Ақындардың деңгейі жоғары, бірінен-бірі өтеді. Мен әр апта сайын таңғаламын, ақындардың кем дегенде бір өлеңіне ғашық болып, рухани ләззат аламын. Осы жобаны жүргізу барысында кездесіп жатқан қиындықтар мен жанкештіліктің бәрін де сол сәттегі руха­ни ләззат үшін кешіп жүрмін десем болады. Бұл – рухымның  қалауы.

– Ал  қазіргі  оқырман  қандай  өлеңді  іздейді?

– Бүгінгі оқырман шынайы өлең­ді іздейді.  Баяғыдай медаль немесе атақ алу үшін жазылатын туындыларды қазіргі  көрермен қабылда­майды. Сарай ақындары да қызық емес. Қазір ақынның жүрегінен шынайы түрде қағазға түскен, тыңдарманның жүрегіне жетіп, оның өмірімен астасып  кететін  тірі  өлең  керек.

Жуырда өткен іріктеудің соңғы аптасында Ақмола мен Қостанай облыс­тарының сайысы өтті. Сонда қонаққа келген Бақытгүл Бабаш «Ана» деген өлеңін оқыған еді. Қазір соның қаралымы 300 мыңға жуықтап қалды. 200-300-ден астам адам сол өлеңнің сүйемелдеуімен аналарына арнап бейнежазба түсіріпті, пікірлер де өте көп. Бұл – Бақытгүлдің анасына арнаған өлеңі қаншама адамның жүрегіндегі айтылмай жүрген ішкі сырын  дөп  басты  деген  сөз.

Сол кеште Ақмоланың ақыны Манарбек Қыдырбайдың «Ақтабан» деген өлеңі де көпшіліктің көңілінен шығып, жоғары қаралым жинады. Демек, қоғам дәл осындай сезімдерді бастан кешіп отыр. Қазіргі оқырман жүрекке жақын, шынайы  жырларды іздейді.

– Өзіңіз  үлгі  тұтатын  ақын  кім?

– Мен Күләш Ахметованы ерекше үлгі тұтамын. Мен үшін поэзия­ның тағы болса, сол тақта Күләш Ахметова отыруы керек сияқты. Үлгі тұтатын ақыным – Күләш Ахметова, жақсы көретін ақыным – Мөлдір Айтбай.

– Жаңа жыр жинағын шығару немесе шығармашылық  кеш  өткізу  жоспарыңызда  бар  ма?

– Жеке жыр жинағым мен шығармашылық кешімді кейінге шегеріп қойдым. Менің қазіргі барлық жұмысым да, мақсатым да, абыройым мен азабым да – осы «Мөлдір өлең» жобасы. Бұйырса, осы жобаға қатысқан 60 ақынның ұжымдық жинағын шығару жоспарда бар. Тек оған қаржылай демеуші керек, қазір соны  іздестіріп  жатырмыз.

– Айтысқа түсіп жүргеніңізді де білеміз. Айтыстың  бүгінгі  беталысына  қандай  баға бересіз?

– Иә, айтысқа  шығып  жүрге­німді  білесіздер. Ал  айтыстың  бүгін­гі беталысына баға бермей-ақ қояйын. Мен  баға  беретін  әулие емеспін  ғой.

– Сынға көзқарасыңыз қалай? Мақтауды ұнатасыз  ба?

– Орынды әрі шынайы айтылған сынды әрқашан қабылдаймын. Ал мақтауды мүлде жақсы көрмеймін. Мақтау – адамды дамудан қалдырудың ең оңай жолы. Биікке бет алған адам әлі ол шыңға жетпесе де, жөнсіз мақтаудан кейін «мен мықты екенмін» деп тоқмейілсіп қалуы мүмкін. Сондықтан мен де басқаларды көп мақтай бермеймін. Жобаға қатысып жатқан ақындардың өлеңінде кемшілік болса, сол жерде суытпай өзімнің сынымды айтамын. Өзіме айтылған салмақты сынды да ашық қабылдаймын.

– Бұған дейінгі сұхбатыңызда спортпен де айналысатыныңызды білдік. Қыз бала үшін оңай соқпайтын жекпе-жектің грэпплинг түрін таңдауыңызға  не  себеп  болды?

– Спорт туралы тақырыпты қазір қозғағым келмейді, ол – өткен кезең. 2016 жылы Азия чемпионы атанып, грэпплингтен «Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері» куәлігін алдым. Бұл бала күнгі арманым еді. Сол арманымды аяқсыз қалдырғым келмеді, ішімдегі өкініш  өртін  өшіру  үшін  барымды  салдым.

– Алматыдағы шығармашылық  ортадан туған жеріңіз – Сыр өңіріне біржола оралу ойыңыз­да  бар  ма?

– Алматыдан Қызылордаға біржола оралғым келмейді, сағынып барып тұрғанның жөні бөлек. «Қыз – жатжұрттық» дейді ғой. Әйел заты жарының, жұмысының немесе өз қалауының ыңғайына қарай елге жақын болғаны дұрыс деп ойлаймын. Оның үстіне, ол жақта мені ерекше күтіп отырған ешкім жоқ. Алматыда тұрып, анам үшін туған жерге сағынышпен  барып-қайтып  тұрамын.

– Ашық  әңгімеңізге  көп  рақмет! Жобаңыздың  ғұмыры  ұзақ,  қаламыңыз  қуатты  болсын!

Сұхбаттасқан 

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: