Күнделікті қатынайтын автобусқа мойнына бейдж тағып, қолына жәшік ұстаған жасөспірім кірсе, көбіңізге таныс көрініс шығар. Қоғамдық көлікте де, көшеде де осындай балалар талай рет көзіңіздің қиығына ілінген болар. Жәшіктің бетінде ауыр дертке шалдыққан баланың суреті, диагнозы, көмек сұраған бірер ауыз сөз бен банк QR коды. Қысқа өтініш жатқа айтылады. Бір жолаушы қалтасындағы тиынын тастайды, екіншісі телефонын шығарады. Аяныш алға шығып, күмән кейін шегінеді. Сондай сәтте жәшік ұстаған бала кімге жұмыс істейді, күнұзақ жиналған садақа қай қалтаға түседі, оның қаншасы науқасқа жетеді деп сұрап көрдік пе? Сыртындағы мәлімет сайрап тұр. Ішіне түскен теңгенің кейінгі жолы көмескі. Садақаның сауабы бар. Есебі қайда?
Бұрын мұндай жәшіктердің қабырғасы мөлдір болатын. Қазір сырты қапталған, түбі қара. Оны кім ашады, ақшаны кім санайды, қай есепке енгізеді, жолаушыға беймәлім. Жәшікті арқалаған бала келесі автобусқа мінгенде теңгенің ізі де үзіледі. Осы жұмыстың ішкі тәртібі маған таныс. Студенттік кезеңімнің алғашқы жылында жатақханадағы өзге студенттермен бірге біз де жәшік ұстап көрдік. Таңертең науқас баланың суреті жапсырылған жәшік беріледі. Белгілі бағыттағы автобустарды аралаймыз. Кешке жәшікті өткіземіз. Кәдімгі жұмыс күні. Табыс – өзің жинаған садақаның 10 пайызы. Қазір бұл үлес өскен де шығар. Кешкі санақта қағаз ақша ғана есепке алынды. Біздің ақымыз да содан шығарылатын. Ал 100 және 200 теңгелік, 50, 20, 10, 5 теңгелік монеталар есептен тыс қалатын. Жолаушы үшін оның бәрі садақа. Ұйымдастырушылар үшін ше? Тиынның қайда жұмсалғанын түсіндірген жан болмады. Біз де сұрамадық. Бүгін ойласам, түбі көрінбейтін жәшіктің ең күңгірт тұсы сол тиындардың тағдыры екен.
Біз көрген тәртіп жалқы жағдай болып шықпады. 2018 жылы «Казахстанская правда» газеті Шымкент көшелерінде ақша жинаған жасөспірімдер туралы зерттеу жариялады. Бір қор түскен соманың 20 пайызын төлеген. Өзге ұйымдарда 10 және 30 пайыздық үлес жүрген. Бір бала үш-алты сағатта 7-10 мың теңге жинаған. Бес және он теңгелік ұсақ ақша кеңсе шығынына қалдырылыпты. Ал 2025 жылы тамызда Астана прокуратурасы саябақтарда, сауда орындарында, қоғамдық көлікте және көшелерде тексеру жүргізді. Рейд кезінде 2008-2010 жылдары туған 8 жасөспірім анықталған. Оларды үш қайырымдылық қоры ешқандай шартсыз жұмысқа тартқан. Қорлар қайырымдылықты желеу етіп, 340 миллион теңгеге жуық қаражат жинап үлгерген. Істің соңы алаяқтық бабы бойынша тергеуге ұласты.
– Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартқан қор басшыларының іс-әрекетіне бөлек құқықтық баға беріледі, — деп ескертті Астана прокуратурасы.
Сегіз бала мен 340 миллион теңге. Қабыспайтын екі сан. Көшедегі қайырымдылықтың есебі осы кереғарлыққа сүйенеді. Жәшікті ересек адам ұстаса, жұрт құжатын сұрауы мүмкін. Баладан сұрауға көбінің ары жібермейді. Ұяң жүз бен науқастың суреті күмәндануға мұрша бермейді. Ақшаны ұйымдастырғандар – тасада, жұрт алдында – бала. Парадокс емей немене?!
Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылы күмәнді жинаққа пайдаланылған 138 банк картасын анықтады. Оларға 660 мыңнан астам қазақстандық 6 миллиард теңге аударған. Соның 2 миллиард теңгесінде алаяқтық белгісі бар. Агенттік төрағасы Дмитрий Малахов мұндай қаржының қымбат көлікке, баспанаға, тұрмыстық шығын мен букмекерлік кеңселерге кеткен деректерін алға тартты. Телефондағы жеке шот пен автобустағы жабық жәшіктің ұқсастығы осында. Ақшаны көңілмен береміз, кейінгі қозғалысы тұйық.
– Қазақстанда бұл салада бірыңғай реттеуші орган жоқ. Ұйымдар қоғам алдында ашық есеп беруге құштар емес, — деген уәж келтірген еді бұрынғы Мәжіліс депутаты Динара Наумова. Оның байламынша, ортақ талап пен бақылау тетігі болмайынша, адал қорды алаяқ топтан ажырату қиындай бермек.
Тотақановтар ісі осындай саңылаудың миллиардтық айналымға жол ашатынын көрсетті. Тергеу дерегінде ерлі-зайыптының 2020-2024 жылдары баласының еміне деп 1,3 миллиард теңгеден астам ақша жинағаны жазылған. Емге жұмсалғаны – 6,4 миллион теңге. Қалған қаржыға пәтер, жер телімдері мен көліктер алынған, бір бөлігі құмар ойынға кеткен. Тағы 481 миллион теңге Facebook жарнамасына құйылыпты. Садақа жарнаманы көбейтті, жарнама жаңа аударым әкелді. Қайғыдан құрылған айналым.
– Мұндай схемаларға тап болған адамның көмектесуге деген ықыласы жоғалады. Жанашырлық – қоғам үшін құнды ресурс, — деп бағалады Астана прокуратурасының өкілі Елдар Ракишев.
2026 жылғы қаңтарда сот Толқын және Дәулет Тотақановтарды жеті жылдан бас бостандығынан айырып, он жыл бойы қайырымдылық жинағын өткізуге тыйым салды.
Біздегі бақылау көбіне ақша жоғалғаннан кейін қозғалады. Астанадағы үш қор жүздеген миллион теңге жинап үлгерген соң қылмыстық іс ашылды. Тотақановтардың миллиардтық айналымы да бірнеше жылдан кейін сотқа жетті. Үкім кінәліні жазалайды. Бірақ ем күткен адамның жоғалтқан уақытын, қолды болған қаржыны және алданған жұрттың сенімін қайтарып бере ме? Сондықтан қадағалау залал туғанға дейін қимылдауы тиіс. Қорлардың есебі де көңіл көншітпейді. Әділет министрлігінің мәліметі бойынша 2023 жылы елде 1071 қайырымдылық ұйымы болса, 2024 жылы саны 1371-ге жеткен. ҮЕҰ дерекқорына есеп тапсырғандар керісінше азайды. 2023 жылы 341 ұйым, келесі жылы 176 ұйым. Қор көбейген. Есеп кеміген. Мәдениет және ақпарат министрлігі жарияланған есептердің шынайылығын тексеруге өкілеттігі жоғын мойындады. Ендеше жәшіктегі қолма-қол ақшаның есебін кім түгендейді?
– Қайырымдылық қорларының қызметінде ашықтық пен бақылау қажет. Халықаралық стандарттар қаржыға қатысты күмәнді азайтады, — дейді экономист Марат Әбдірахманов.
Сарапшы қордың әкімшілік шығыны, жарнамаға бөлген қаржысы мен мұқтаж адамға жеткізген көмегі жеке-жеке көрінуі керек деп санайды.
Реттеу шын мұқтаждың жолын бөгемеуі керек. Кей отбасына ем үшін ақша шұғыл қажет. Құжат жинап, ұзақ рұқсат күткенше қымбат уақыт сырғып өтеді. Әр жеке жинаққа тұтас тыйым салу да тығырықтан шығармайды. Оның орнына тіркелуі жеңіл, ақшаның қозғалысы көрініп тұратын тәртіп керек. Жинақ ашқан адам қажетті соманы, мақсаты мен мерзімін көрсетсін. Қаражат толық жиналғанда аударым тоқтатылып, ем аяқталған соң кіріс пен шығыс жариялансын. Адал адам ашық есептен ұтылмайды. Қайта сөзіне салмақ қосады.
2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заң мемлекеттік қайырымдылық платформасын құруға құқықтық негіз қалады. Жүйеде қорлар, көмек алушылар, қайырымдылық жобалары мен жиналған қаражат туралы мәліметтер топтастырылмақ. Алайда қолма-қол ақша жиналатын жәшіктер платформаға тіркелмесе, автобустағы садақаның есебі бұрынғыдай бақылаудан тыс қалуы мүмкін. Сондықтан әр жәшікке жеке нөмір беріліп, сыртындағы банк QR коды платформада тіркелген нақты көмек алушының нысаналы шотына байланыстырылғаны жөн. Жәшіктің бетінде емге қажетті сома, жиналған қаражаттың мөлшері мен науқанның аяқталатын күні көрсетілсе, жолаушы мәліметті сол жерде тексере алады. Жәшік ашылған сайын акт жасалып, қолма-қол ақша ресми шотқа өткізілгенде оның кейінгі қозғалысы да есептен көрінеді. Жинаушыға төленетін ақы мен пайыздың мөлшері де сол есепте жазылуы қажет.
Қолма-қол садақаны бақылаудың мұндай тәртібі өзге елдерде бұрыннан қолданылады. Ұлыбританияда көшеде ақша жинайтын адам арнайы рұқсат алып, жеке куәлігін көрсетуге міндетті. Оның жәшігі нөмірленіп, пломбаланады және жауапты адамдардың қатысуымен ашылады. Ресейде тасымалы жәшікті қор ұйымдастырған іс-шараның белгіленген орны мен уақытында пайдалануға рұқсат берілген. Жиналған ақша үш жұмыс күні ішінде ұйымның банк шотына өткізіледі. Екі елдегі тәртіптің ортақ тұсы бар. Жәшікті кімнің алып жүргені, қашан ашылғаны және ішіндегі қаражаттың қай шотқа түскені құжатпен бекітіледі. Қазақстанға да жәшікті тұтас тыйғаннан гөрі, оның иесін және ақшаның бағытын анық көрсететін осындай тәртіп қажет.
Кәмелетке толмағандарды мұндай жұмысқа тартуға нақты шектеу керек. Жасөспірім қордың есебін білмейді, науқасты танымайды, жолаушының сауалына толық жауап бере алмайды. Соған қарамастан күмәнді істің көрінетін беті болып қала береді. Қайырымдылық баланы қорғауы тиіс. Оны жұрттың аяушылығын оятатын құралға айналдыру сол ұғымның қадірін кетіреді.
Қазақ мұқтаж жанға қолындағысын бөліп береді. Әлдекімдер сол кеңпейілдікті күндік жоспар мен пайызға айналдырып отыр. Мұның ең ауыр салмағы жоғалған миллиардпен өлшенбейді. Бір рет алданған адам келесі жолы шын мұқтажға да сенбей қалады. Ақшамен бірге мейірім ұрланады. Сондықтан жәшік ұстаған балаға жолықсаңыз, қордың атауын, ресми шотын, есебін және жәшіктің нөмірін сұраңыз. Жауабы жоқ жәшікке түскен теңгенің де сұрауы табылмай қалуы ғажап емес. Өйткені мейірімділік есептен қорықпайды.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!