Жаңабай Бекішев қызметін Қызылордаға ауыстырды, көптен бергі ой жүзеге асып, ол облыстық ішкі істер басқармасы (БХСС) Социалистік меншікті талан-таражға салумен күрес бөлімінің инспекторы қызметіне тағайындалды. Сол-ақ екен, Жаңабайдың қызмет бабына орай Рсалдының сауда жүйесінде қызмет етуіне болмайтыны бой көрсетіп, ол облыстық байланыс басқармасына бухгалтер болып қызмет ауыстырды.
Осы тұста, қалай дегенде де облыс орталығы, үлкен қала болғасын жас отбасының алдында қиындықтар да көріне бастады. Ол ең алдымен пәтер мәселесі еді. Қолында билігі бар, дүмділерге балалары үшін бұл мәселе шемішке шаққанмен бірдей болуы да мүмкін, алайда жалпы ел үй кезегінде жылдап тұратын. Басқаларға қарағанда көп жеңілдігі болғанмен, әскерилер мен ішкі істер органдары қызметкерлері де бұл кезектен тыс қалған жоқ. Ендігі тығырықтан шығар жалғыз жол жалдамалы пәтер іздеу болды.
Жаңабай бірнеше күн іздеп жүріп, қаланың Жаңа базар аталатын бөлігінен пәтерге үй тауып жалдады, сөйтіп, Жеңіс көшесіндегі №52 үйде жеті-сегіз ай пәтерде тұрды. Тағдыр дегенді қойсайшы, осы Жеңіс көшесіне кейін біраз жылдан соң олар тағы да оралды, осы көше олардың отбасы үшін келер күндерге жол ашқан көше болды. Сол №52 үйде тұрғанда Рсалды тұңғышына аяғы ауыр болып, демалысқа шықты. Не дерің бар, Алланың бергені дейсің ғой, жарының босанар күні жақындаған сайын Жаңабайдың да мазасы кетті. Әйтеуір, қызмет бабы қадалып үстелде отыруды талап етпейді, оған да шүкір, жұмыстың ара-арасында үйге соғып, Рсалдының жай-күйін біліп тұруға мүмкіндік болды.
Жаратушымның құдіретінде шек жоқ қой, осы күндердің бірінде сәті келіп Жаңабайға қаланың 2-ші мөлтек ауданынан күріш зауыты қызметкерлеріне арнап салынған үйден бір бөлмелі пәтер алу мүмкіндігі туды. Сол қуанышпен қабаттаса Рсалды мен Жаңабай қызды болып, атын Марал деп қойды. Бұл 1981 жыл еді.
Үйде іңгәлаған Маралдың дауысы естіле бастағаннан Жаңабай жаңа бір ғажап әлемнің табалдырығынан аттағандай болды. Уақытпен санаспайтын, қажет болғанда жұмыста күн-түні жүретін қызмет болғандықтан, Жаңабай бұрын үйге келісімен, шай қайнаймын дегенше бір ұйықтап алатын. Енді ол сол ұйқының қайда кеткенін де білмей қалды, үйге келгесін беті-қолын жуып алысымен бесіктің жанынан табылатын болды. Оған Маралдың іңгәлағаны да, ұйықтағаны да ғажап, бесік баудан қолын шығарып алуға талпынғаны да керемет. Екі-үш айдан соңғы кісіге көзі түсе бастағаны, мұны көрсе күлетін болғаны жанына нұр сыйлады, ондай сәтте ол әлемде өзінен бақытты жан жоқтай сезінеді. Түскі үзілісте үйге келгенде құндақтаулы нәрестені қасына алып жатқысы келетін де тұратын болды. Әлемде, адам тіршілігінде сәбидің иісінен артық қандай керемет бар дейсің…
Маралдың қадамы құтты болып, сол жылы ол қызметте тағы бір саты жоғарылады, аға инспектор болды. Бұл қызметпен қоса жауапкершілік те артты. Сондай күндердің бірінде бұған аса жауаты іс тапсырылды.
***
1981 жыл. Жаздың өте ыстық болуынан ба, әлде табиғаттың жаратылысы солай ма, әйтеуір, қауын-қарбыз ерте пісіп, қала базарларының шуы аспандап тұрған кез. Тамыз айының соңғы аптасы дегенмен көшедегі адамдар әлі де көлеңке қуалап жүреді. Қызылорда қаласының бір ерекшелігі өзен бойындағы басқа қалалардай қоңыр салқын болмайды, қаланың жан-жағы ашықтықтан болар үнемі аңызақ жел соғады да тұрады, сөйтеді де өзі күйіп тұрған күн ыстығын онан сайын көтеріп жібереді. Сосын таңдайың кеппегенде қайтсін, көлеңке-көлеңкені қуалап, газды су, квас сататын дүңгіршектерді жағалай жүресің.
Бұл кез социалистік меншікті талан-таражға салумен күрес бөлімі қызметкерлерінің табанына сарсылатын кездері, саудагерлер қайтсем ақша табамын деп жанталасады, бұлар алыпсатарлыққа жол бермейміз деп үй көрмейді. Оқу жылы басталуға таяғасын балаларына киім іздеп дүкен жағалаған, базар аралаған ата-ананың талайы алаяқтарға алданып қалып жатқан жағдайлары да бар.
Сондай күндердің бірінде ішкі телефон арқылы бөлім бастығы, полковник Бисембин Жаңабайды кабинетіне шақырды. Ғимаратта басқарма басшыларының кабинеттеріне ғана кондиционер орнатылып, облыстық ішкі істер басқармасының көп кабинетінде ел «вентилятор» атап кеткен қарапайым желдеткіштер қолданылатын. Жаңабай рұқсат сұрап бөлім бастығының кабинетіне кіргенде ең алдымен естігені «фыр-фыр» еткен сол желдеткіштің дауысы болды. Бастық жақын отыруы керектігін көрсете өзіне таяу орындықты нұсқады.
Көпті көрген, тәжірибелі маман саналатын бөлім бастығы ой үстінде. Жаңабай да бастығының сөз бастауын күтіп үнсіз отыр. Тек желдеткіш қана фырылдауын тоқтатпаған… Фыр-фыр… Бейне бөлмені салқындатуға шамасы келмегеніне қынжылғандай желдеткіштің басы ауық-ауық қалтылдап кетеді.
– Жаңабай! Бері… Жақынырақ отыр… Мына бір істі саған тапсырғалы отырмын… Білемін, білемін… Жұмысың көбін білемін… Түсінемін… Бірақ, амалым жоқ, осы істі бір ашса, сен ашар деп отырмын.
Ол алдында жатқан үш том істі нұсқады.
– Мына қылмыстық істің қозғалғанына үшінші жыл болып отыр. Қайта-қайта зерттелген, тәжірибелі деген тергеушілер де қараған, бірақ, бәрі де тығырыққа тіреліп, істі тоқтатып тастап отырған.
Бізде облыстық газ тарату мекемесі барын білесің. Үлкен ұжым. Қызылорда қаласын да «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін солар. КРУ-дің қызметкерлері осы облгаздан сексен мың сом недостача анықтапты. Бұл – өте ірі көлемдегі қаржы, іс үлкен жақтың бақылауында. Не істерімізді білмей отырмыз, іс ашылмай бас қатты. Не қылған іс екенін білмеймін ешкім аша алмайтын. Осыны қолға алып көрсең…
– Үш жыл болған?
– Иә… үш жыл болып отыр… Өзің білесің, мұны дабыра қылуға болмайды, қызметтік құпия қатаң сақталуы керек. Істің барысын маған ғана баяндап отырасың, басқа бірде-бір қызметкер білмеуі тиіс. Ал біреулер қызығушылық танытып жататын болса да маған баянда, бұл істе ұсақ-түйек деген болмауы тиіс. Сосын, ол мекемеге барғаның бәрібір естіледі, сондықтан жұртқа қашырта жауап беруіміз қажет. ГАИ-дың жігіттері газ тарататын машина жүргізушілерінің бірінің көлігі техника қауіпсіздігіне сай келмейді деп, жұмысқа шығармай тастапты. Соны тексеріп жүрген болып көрінуің керек. Ешкім саған «неғып жүрсің, бұл ОБХСС-тің шаруасы емес қой» деп айта қоймас. Ал, егер айтыла қалса, «техниканың ақаулығы кімнен, осы арқылы социалистік меншікке қанша нұқсан келгенін тексерудемін» дегенің дұрыс болар.
Ол үш томды көтере өз кабинетіне келді. Неден бастау керек? Аз-кем ойланып отырды да, бұрынғы дағдысымен жоспар жасап алуға кірісті. «Апырай, анау-мынау емес, сексен мың… Қайда кетуі мүмкін? Кімнің қолынан келуі мүмкін мұның? Әлде есептен жаңылысып тұр ма екен? Жо-жоқ, қайта-қайта тексерілді емес пе… Оның үстіне тексергендер де сол саланың жілігін шағып, майын ішкендер емес пе… Сонда кілтипан неде болып тұр… Ойлан, Бекішев… Полковник мұны қиынға салып жіберді-ау… Иә, сенгеннен шығар… Сенбесе мұндай шаруаны тапсырмас еді ғой…».
***
Қызылорда қаласы сонау 1920-жылдардың соңында Қазақстанның астанасы болғанымен, ежелден әлем назарын аударып, бір кездері Сейхұндария атанып, жағалай өсіп-өркендеген қалалар мәдениеті болған ұлы өзен Сырдарияның жағасында орналасқанымен, қазақ елінің оңтүстіктегі басқа қалаларына қарағанда сәулеті мен өсуі жағынан кенжелеп қалған болатын. Бұл, әрине, сол кездегі облыс басшыларының деңгейі төмен жатқанын көрсетеді. Ол кезде орынтағына мәз болып, басқаны екінші орынға қойған сол басшыларға да «Ойбүй, бұлар деген керемет қой» деп үлкен-үлкен көшелерге есімін беріп, үлкен оқу орындарын солардың есімімен атап, мүсіндерін қойып, қоғам және мемлекет қайраткері атап құрмет көрсетілерін кім білген? Қай заман, қай кезде де зардап шегетін қарапайым халық қой, олар сол тұста бұған мән де бермейтін. Қызылорданың батыс бөлігінен салына бастаған бес қабатты үйлерге қарап мәз болып, «біздің қала өсіп келе жатыр» деп масаттанатын.
Қалада көпқабатты үйлер өте аз, негізінен қаланы құрайтын жер үйлер еді. Кәріз құбыры жүйесі де тек көпқабатты үйлер маңын қамтып, жеке сектор назардан тыс қалған және осы салғырттықтың зардабы елу жылдан соң талайдың мазасын алар қалада газбен қамтамасыз ету тек тасымалдау арқылы ғана жүзеге асатын. Газ көпқабатты үйлердің аулаларынан үлкен қазан шұңқыр қазылып, бетондалып, оған бірнеше елу-алпыс тонналық цистерналар көміліп, соларды сұйық газ таситын арнайы машиналар арқылы толтырып, одан көпқабатты үйлерге трубалар арқылы жеткізілетін. Ал, жеке жер үйлерде ол жоқ, «көгілдір отын» тек арнайы газ баллондары арқылы ғана пайдаланылады, газ плиталары солар арқылы ғана іске қосылатын. Бұл баллондар екіге бөлінеді, бірі – үлкен баллон, ол – елу килограмм, жеке тұтынушы үшін бағасы үш сом тұрады, екіншісі – кішкентай баллон, жиырма бес килограмм, бағасы бір сом елу тиын тұрады. Мұны арнайы газ баллондарын тасымалдауға жабдықталған, ел «клетка» атап кеткен машиналармен тұтынушының тапсырысы бойынша әр үйге жеткізіп береді.
Міне, осы жүйе сыр беріп тұр. Сексен мың сом ақша жоқ. Қайда кеткені белгісіз. Жаңабайдың үш том боп тігілген қылмыстық іспен танысып отырғанына үш күн болды. Барлық құжатты мұқият қарап шықты, кей жайтты қойын дәптерге түртіп ала отырып, енді сол тергеудің ізімен қайтадан өзі жүрмесе болмайтынын түсінді. Әуелі жұмысты «Қазпошта» мекемесінен бастамақ болып шешті. «Әуелі осы жақты нақтылап алайын, облгазға сосын барамын».
Ол облыстық ішкі істер басқармасына жақын орналасқан «Қазпоштаға» келіп, құжаттармен таныса бастады, мекеме басшысына да келген негізгі шаруасын жасырып, бастығымен келісіп алған жобадағы әңгімені айтты. Өзіне келіп-кететін ештеңе жоғын түсінген мекеме басшысы жайылып сала берді. Хатшы қызға бұл керек еткен құжаттарды дер кезінде әкеліп беруді қатаң тапсырды.
Мекеме ғимараты бір қабатты, сонау 50-жылдары салынған үй болатын. «Г» әрпі сияқты қылып салынған ғимарат әбден тозығы жеткен және жиһаздар да талай жылдарды артқа тастағанын байқататын. Бұған, әйтеуір, әзер дегенде жұмыс істеуге бір бөлме тауып берді. Жаңабай әдетте қолтыққа қысып жүре беретін папка ұстағанды ұнатқанымен, мұнда әдейі портфельмен келген болатын. Бастық үстеліне «Т» әрпі тәріздес қылып түйістіре қойылған келушіге арналған ұзынша үстелдің астына қарай сол портфельді ысырыңқырап жіберді. Оны бастық аңғарған да жоқ.
Жаңабайдың бұл мекемеге келуінің, істі осы жерден бастауының себебі мынада еді. Қаладағы жеке секторға, жер үйлерге газ берілуі «Қазпошта» мекемесі арқылы жүзеге асатын. Әр тұтынушының газ пайдалануға арналған кітапшасы болады, онда үйдің мекенжайы, газ баллонының түрі, бет-есеп (лицевой счет) нөмірі болады. Тұтынушы «Қазпошта» мекемесінің кассасына келіп, газ толы баллонға ақша төлейді. Касса тұтынушының ақша төлегені туралы квитанция береді және оның корешогы (түбіртегі) поштада сақталады. Екеуінде де касса аппаратының қай күні, қанша төлегенін көрсететін таңбасы (оттискі) болады. Облгазға тұтынушы тапсырыс берген соң газ таратушы машина газ баллонын әкеліп, таратушы-слесарь оны плитаға қосып, газ шығып тұрған-тұрмағанын тексереді де, ақау болса жөндеп, бос газ баллоны мен әлгі тұтынушы кітапшасындағы квитанцияны қиып алып кетеді. Түскен ақшаны «Қазпошта» облгаз есебіне аударады, ал газ таратушылар қолдарындағы квитанция бойынша күн сайын есеп беріп отырады. Бұл жерде теориялық тұрғыдан қарар болсақ, ешқандай жымқыру, не ақша ұрлануы мүмкін емес. Алайда, сексен мың сом ақша жоғы анық, өйткені «Қазпоштадан» облгазға ақша дұрыс аударылған. Сексен мыңға облгаздан кеткен газ бар, бірақ, келген ақша есебінде шикілік бар.
Жаңабай бума-бума төлем түбіртектерін қарауға біраз уақытын жұмсады, өйткені, бұл ақша жетпеушілігінің басталған кезі белгісіз болатын, бәлкім, соңғы екі-үш жыл, бәлкім, одан әріден басталып, жиналып келе жатқан нәрсе ме, кім білсін. Осы түйінді тарқату енді Жаңабайдың міндетіне айналып отыр.
Мұндағы құжаттар дұрыс екеніне көз жеткізген ол сағатына қарағанда жұмыс аяғы да болыпты, кешкі алтыдан он минут кетіпті. Бастықтың қабылдау бөлмесіне келген ол хатшы қыздың кете алмай, тыпыршып отырғанын сезді.
– Бастық өзінде ме?
– Жоға… О кісіні мана горисполкомға шақыртып, сонда кеткен.
– Онда не істейміз? Кабинетте менің портфелім қалып кетті ғой…
– А… Кабинеттің кілті менде ғой… Ашайын…
– Сөйте ғой…
Хатшы қыз бастық кабинетінің есігін ашып, ішке мұнымен бірге кірді. Бұл мана отырған орындығына отырып, хатшы қызға қарсы отыруды ұсынды. Ондағысы – портфелді оған байқатпай алу. Хатшы қыз орындықты өзіне тартып, назары соған ауған кезде тез портфельді өзіне жақындатып алған Жаңабай:
– Қарындас! Мені тыңдаңыз. Бастығыңыз да айтқан шығар… Менің не шаруамен келгенімді ешкім білмеуі керек. Бұл – құпия. Түсінікті ме, — деді.
– Түсінікті… Ешкімге айтпаймын.
Ол хатшы қыздың мұның осында тексеру жүргізіп жатқанын талай адамға хабарлап үлгіргенін сезсе де, сенген болып көрінді.
– Жақсы онда. Қайтайық.
Кабинетіне келгесін құжаттар бойынша жазып алған пайымдарын бір қарап шықпақ болды да, қызығушылығы басым түсіп, портфельді ашты. Ол мана бірнеше папкамен бірге портфель ішінде қосулы диктофон қалдырып кеткен еді. Бастықтың мұның тексеруіне қатысты біреулермен сөйлесуі мүмкін ғой деп ойлап, соны білмек болған. Диктофон кассетасы бір сағат қана жазба жасай алады, ал бұл оған жеткілікті еді, себебі, мұндай жайтты адам бір сағат бойы ішінде ұстамасы анық.
Диктофон жазуды тоқтатқан екен және қуаты да өлімсіреп, кассетаны айналдыруға шамасы жетпеді. Енді қайтсін, қайта төрт сағатқа шыдағанын айт, ол батереяларды ауыстырды да диктофонды қосты.
Міне, мұның есіктен шығып бара жатқан дыбысы. Есік жабылысымен бастық қоңырау басып, хатшыны шақырды.
«Мені біреулер сұраса, Министерствамен сөйлесіп жатыр де. Есікті дұрыстап жап».
Сонан соң, оның бір жөткірініп алып, телефон нөмірін тергені естілді. Сосын бастықтың дауысы…
«Ау, қалайсың? Біз аманбыз… Бүгін түстен бастап ОБХСС-тан бір жас жігіт келіп, оны-мұны, құжаттарды қараған болып жатыр, өзі тіпті жап-жас. Бұл милицияның бастықтарында сәпсім ес жоқ екен ғой, осындай баланы да тексеруге жіберіп. Өзін аға инспектормын деп қояды, шамасы бір мықтының сүйретпесі де, әйтпесе, мұның әкесіндей адамдар учасковойдан аса алмай жүрген жоқ па… Немене? Неге звондап отырсың дейсің бе? Ой, милау… Бұл жігіт ана сендердегі машинасын ГАИ тоқтатып тастаған шофер бойынша жүр. Мемлекетке оның қанша шығын әкелгенін анықтамақ. Соны сен біліп отырсын деп звондағанмын да… Сендерге бар ғой осы, жақсылық істеуге болмайды… Бастықтарың – анау, жан-жағында не болып жатқанын білмейді, главбухың – анау, сексен мың жоқ дегенге жүрегі шыдамай капут болып кеткен… Өздері қағып түспесе, ол ақша қайда кетуші еді… Қой… давай… Жұмыс көп… Сендер құсап «Газбен жұмыс істеу денсаулыққа зиян» деп арақ ішіп отыр дейсің бе бізді… Давай…».
Диктофон өшті. Осылай болатынын бұл білді де, тек өз болжамын тексеріп көрмек болған еді. Енді облгаздағылар да мұны күтіп отыратын болды. Қайтеді, енді бәрібір сол мекемеге баруы керек қой.
Жұмыстарды, топшылаулар мен фактілерді салыстыра келе Жаңабай ойлануда. «Барлық ақша «Қазпошта» арқылы облгазға аударылады. Олар заявка бойынша таратады. Сонда… Газ таратылмай тұрып ақша олардың есебіне түсіп тұрған жоқ па… Бұл жүйеде хищение болуы мүмкін емес қой… Сонда қалай сексен мың кем болып тұр… Тіпті, ақылға қонбайды… Бар гәп газ таратушыларда болмасын… Мұны да тексеру керек…».
Жаңабай енді бұл сексен мың сомның жоқ болуы қайдан шықты деген мәселенің төңірегінде ойлана бастады. «Так… Бақылау-тексеру (КРУ) басқармасындағылар анықтаған бұл жайтты. Олар барлық мекемені жоспарлы түрде тексеріп, социалистік меншік, қаржы мен мүліктің жағдайын бақылап отырады. Облгазды осыдан екі жыл бұрын тексеру кезінде сексен мың сом жоқтығы анықталған. Бұған дейін ОБХСС-тің бірнеше қызметкері, одан соң бірнеше тергеуші істі жүргізген екен, неге олар ізге түсе алмады… Қай жерде жіп ұшынан айырылып қалып тұрмыз…».
Алдажар ӘБІЛОВ
(Жалғасы бар)
Коллаж: А.Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!