Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаруасы шираған шаһар

13.08.2026, 6:40 40

Қызылордаға  жылда  бір  соғатын  жанның  таңданары  анық. Шаһар  күн  санап  қалыбын  өзгертіп  барады. Кешегі  бос  алаң бүгін  іргетасқа  айналған. Кран  көтерілген  жерден  зәулім үй  бой  түзейді. Дария жағасында да, Президент  саябағында да,  сол жағалауда да техника гүрілі басылмайды. Күн шықпай  жұмысқа кіріскен  құрылысшының  қарбаласы  кешке  дейін  тынбайды.

Санға салсақ, шаһар халқы 368,9 мың адамға жетті. Өсу қарқыны – 1,2 пайыз. Жұмыс күші – 150,7 мың адам. Осынша жанның тірлігі бір қаланың қоржынына тіреледі. Қуанарлығы сол, ол қоржын да биыл бұрын-соңды  болмаған  деңгейге  көтерілді.

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Нұржан Ахатов  БАҚ  өкілдерімен жүздесіп, алты айдың есебін тарқатқан еді. Сол жиында  айтылған  дерек шаһардың бүгінгі бейнесін де, ертеңгі бағдарын  да  айқын  аңғартады.

Ең  әуелі  қаржы  жағы. Өткен жылы қала бюджеті 73 млрд 100 млн теңгемен бекітіліп, жыл соңында 154 млрд 200 млн теңгеге дейін өскен болатын. Биыл  94 млрд  200 млн  теңге болып бекітілді. Облыстық трансферттердің арқасында нақты көлем 226 млрд 632,3 млн теңгеге жетті. Қазақ  мұндайда  «қанжыға  майланды»  дейтіні  бар.

– Сыр  елінің бас шаһарында негізгі макроэкономикалық көрсеткіш­тердің өсімі қамтамасыз етіліп келеді. Қаржылар негізгі салаларға, атап айтқанда құрылыс, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздан­дыру және кенттер мен ауылдық округтерді дамытуға бағытталуда. Инвес­тиция  ел  игілігі  үшін екенін жақсы білесіздер. Біз бұл бағытта кешен­ді шараларды жүзеге асырудамыз. 1-ші жартыжылдықта негізгі капит­алға салынған инвестиция көлемі 168 млрд теңгені құрады. Оның ішінде  жеке инвестиция 116 млрд 124 млн теңге, ол өткен жылдың салыстыр­малы  кезеңімен 116,9 пайызға артты, — дейді  қала  әкімі.

Инвестицияның ізі көрініп тұр. Өнеркәсіп 276 млрд 183 млн теңге­нің өнімін берді. Өңдеуші сала 127,5 пайызға өсті. Шағын және орта бизнес 868,2 млрд теңгеге өнім өндірді. Қаладағы кәсіпкер саны 32 мыңнан  асты, жұмыспен қамтылғандар 63 мың адамнан ұзады. «Марал Нұр» серіктестігі вагон жөндейтін кешенін ашып, 100 адамды нанға кенелт­ті. Мамыр айында испаниялық «Рока Қазақстан» мен «Seven Rivers Technologies»  жобаларының  капсуласы  салынды. Екеуінің құны – 104,1  млрд  теңге,  беретін  жұмыс  орны – 600.

Ал күріш өлкесінің қамы бөлек. Биыл 7819 гектарға дақыл орна­ласты, күріш 2681 гектарға түсті, көкөніс пен бақша 2450 гектарды алды.

– Ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі драйвері саналады. Сондықтан бұл салаға ерекше екпін беріледі. Вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу шаралары жүйелі жүргізілуде, шаруа­шылықтарға аяқ су жеткілікті деңгейде беріліп отыр. Аяқ суды үнемдеуге бағытталған тағы бір қадам – «Қызылжарма» каналының науа құрылысы. Ұзындығы 9 шақырымды құрайтын науаның жұмысы жоспарлы түрде жүзе­ге  асырылуда, — деп  түсіндірді  Нұржан  Ахатов.

Әлеуметтік бағыттағы шаруа да қатар жүріп жатыр. Жыл басынан 4216 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылды, оның 1492-сі – тұрақты жұмыс. Қоғамдық жұмысқа 1256 адам жіберілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,4  пайызда  тұр.

– Әлеуметтің ең әлеуетті әрі өзекті мәселесі баспана екенін жақсы білеміз. Биылғы жылы бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салу­шылардан 4 919 пәтерді сатып алуға 101 млрд 45,7 млн теңге бөлінді. Бұл үйлердің жалпы ауданы 318,4 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде ипотека бойынша 1 113 пәтерді құрайтын көпқабатты 17 үй және әлеумет­тік осал топтарға 3 806 пәтер болатын 155 үй бар, — дейді  шаһар басшысы.

Биыл есік ашқан әлеуметтік нысан да жетерлік. «Достық үйі», Инклюзивті спорт орталығы, республикада алғашқы «Құзыреттілік орталығы», 10 млрд теңгеге салынған «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталы­ғы мен Ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Алда 300 орындық көпбейінді аурух­ана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық тұр. Президенттік кітапхананың құрылысы басталып, жаңа Драма театрының іргетасы қаланды. «Қызылорда Арена» спорт кешені де  аяқталуға  таяу.

– Алдымызда қаламызды дамыту жолында атқарар міндеттеріміз бен бағындырар  белестеріміз  әлі көп. Осы игі мақсаттарға тек бірлескен еңбек пен ортақ жауапкершілік арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Мұның бәрі – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың және әрбір қызылордалықтың қаламыздың өсіп-өркендеуіне қосып жатқан ортақ  үлесінің  нәтижесі, — деп  түйіндеді  Нұржан  Ахатов.

Республикалық  және  облыстық бюджетке 108 млрд теңгені құрайтын  тағы 101 жоба ұсынылды. Қаржы қолдау тапса, шаһардың шаруасы ширай  түседі.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: