Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдіс қалыптасып, өңір экономикасының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілді. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы аймақтың өндірістік әлеуеті артып, инвестициялық белсенділік пен құрылыс қарқынының жоғарылағанын көрсетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.
Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы Мырзабек Сәкен Салхадинұлының айтуынша, жыл басынан бері экономиканың жетекші салаларында өсім байқалады.
«Алты айдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығында оң динамика қалыптасты. Бұл өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 2,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 13,8 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,9 пайызға өссе, құрылыс жұмыстарының көлемі 31,3 пайызға ұлғайды. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 1,3 пайызға, сауда 2,6 пайызға артты. Экономикаға инвестиция тарту көрсеткіші де жоғары қарқын көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,1 пайызға өссе, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 20,6 пайызға артқан. Сонымен қатар көлік және қоймалау саласындағы қызмет көлемі 19,8 пайызға, байланыс қызметтері 8,5 пайызға ұлғайды», – деді басқарма басшысы.
Экономикалық белсенділіктің артуына жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы да серпін беруде. Биыл өңірде 21 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет кірістерін арттыруға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!