Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құмарлық эпидемиясы

06.08.2026, 8:00 52

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділігі бар 9 адам ресми тіркелгенімен, 700 мың адам тұрақты түрде бәс тігеді. Жақында Finprom.kz бизнес және қаржы сараптамалық порталының мамандары құмар ойындар нарығына жүргізген талдауында осындай  жаға  ұстатарлық  деректі  жария  етті.

Сарапшылардың бағалауынша, елі­міздегі онлайн-беттинг нарығы жоғары қарқынмен өсіп келеді. Оған дәлел, өткен жылы  интернет  арқылы жасалған  бәс тігулердің көлемі  34,8 млрд теңгеден 370,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылдың ішінде 10 еседен астам көбейген. Алайда дәстүрлі сауықхана мен ойын автоматтары қызметінің көлемі керісінше, қысқарған. Сауықхана табысы 16,2 па­йызға – 24,9 млрд теңгеге дейін, ал ойын автоматтарының табысы  17 пайыз­ға – 4,4  млрд  теңгеге  дейін  азайған.

Енді салыстырып  қарайық: 2024 жылы онлайн бәс тігудің үлесі небәрі  6 пайызды құраса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 62,6 пайызға дейін өсіпті. Демек, онлайн бәс тігу құмар ойындары нарығының негізгі бөлігіне айналды деген сөз. Сарапшылар соңғы 1,5 жылда қазақстандықтар букмекерлік кеңселер арқылы  1,6 трлн теңге көлемінде бәс тіксе, соның ішінде 1,2 трлн теңгесі ұтыс ретінде  ойыншыларға  қайтарылған. Ал шамамен 400 млрд теңге букмекерлік компаниялардың  үлесінде  қалған.

Зерттеуден мәлім болғанындай, 2025 жылдың қорытындылары бойынша еліміздегі құмар ойындар мен бәс тігу қызметтерін көрсету нарығының көлемі 592,2 млрд теңгені құраған. Бұл – осы саладағы ең жоғары көрсеткіш. 2017-2019 жылдармен салыстырғанда букмекерлік қызметтер көлемі 30 есеге дейін ұлғайған. Бір таңғаларлығы, құмар ойын­нан ерікті түрде бас тартуға шешім қабылдағандардың саны да өсіпті. 2024 жылдың наурызынан 2026 жылдың мамырына дейін қазақстандықтар құмар ойындарға қатысуға өз еркімен тыйым салу үшін 457,4 мың өтініш берген. Соның ішінде 223,6 мыңы әлі де күшінде.

Құмарлық эпидемиясының ауқымы көз ілеспес жылдамдықпен өсіп барады. Алаңдататын сауал: ресми статистика мен тәуелсіз сарапшылардың бағалауында  үлкен  айырмашылық бар. Тәуел­сіз қаржы мамандары Қазақстанда 350 мыңнан аса адам құмарлық дертіне шалдыққан дейді, ал 2026 жылдың басындағы ресми есепте осындай  диагноз  қойылған  бар-жоғы 9  адам  тіркелген. Кімге сенеміз: ресми мәліметке ме, әлде, тәуелсіз талдауға ма? Мұндай  жағдайдың  туындауының өзі  құмар  ойын­дарға  тәуелділікті анықтау  мен  зерттеудің, дертті  емдеу мен  алдын  алудың  әлі  де  жеткілікті деңгейде  дамыма­ғанын   көрсетеді.

Расында да елімізде құмар ойын­ға тәуелді 9-ақ адам бар дегенге ешкім сенбейді. Бұл жердегі нақты ста­тис­тиканы іздейтін болсақ, құмар ойын­ға шалдыққандарды емдейтін жекеменшік емханалардағы бөлмелер­ді, құпия топтарды және емдеу-сауық­тыру ор­та­лықтарын түгел аралауы­мыз керек. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің өкілдері де ресми есеп­тегі сан тек диспансерлік бақылаудағы адамдардың қанша екенін білдіретінін айтады. Бұл жерде құпия қабылдау туралы сөз жоқ. Құзырлы ведомствоның ресми сайттарын шолып отырып мынадай ақпаратты көзіміз шалды: 2025 жылы елімізде 98 емделуші ерікті түрде стационарлық ем-дом алыпты. Сол емделген адамдардың 72-сі Алматыда­ғы  Рес­публикалық ғылыми-­практикалық психикалық денсаулық­ты қалпы­на келтіру орта­лығында емделген. Одан бөлек, Астанада – 10 адам, Солтүстік Қазақстан облысында –  4 адам, Ақ­төбе облысында – 3 адам, Шымкент қаласында – 3 адам, Жамбыл облысында – 2 адам, Қарағанды, Қостанай  және Маңғыстау облыстарында 1 адамнан емханаларда  ем-дом  қабылдаған.

Бұл жердегі статистиканың шындыққа сәйкеспейтінін дәрігерлердің өздері де растайды. Өйткені, еліміздің аумағындағы барлық психикалық денсаулықты қалпына келтіру орталық­тарында құмар ойыннан жасырын емделу тетігі қарастырылған. Ол жерде емделушілерге құмар ойын­дарға паталогиялық тәуелділіктен арылуға жәрдемдесу ем-рәсімдерін қоса ал­ғанда, дәрігерлік-әлеуметтік, психотерапевтік және сауық­тыру рәсімдері жасалады. Кейбір адам құмар ойыннан тегін ем-дом алуға болатынын да білмеуі мүмкін. Ал құмар ойыннан  емделу Кепілдік берілген тегін дәрігерлік көмек жүйесіне кіреді. Себебі, «F63 диагнозы» әлеуметтік маңызы зор аурулар тізіміне енгізілген. Яғни, мемлекеттік емханаларда ем-дом ал­ған адам тегін тексеріліп, қаралып, емделуге құқылы деген сөз. Мысалы, Астана қаласындағы Хусейн бен Талал көшесіндегі №7 үйде орналасқан Психикалық денсаулық орталығынан осындай ем-домды тегін алуға бо­лады.

Зерттеуші мамандардың пайым­дауынша, Қазақстанда негізінен құмар ойындарына тәуелділік дертіне шалдыққандардың 90 пайызы – ер-­азаматтар. Мұндай дерек өткен жылы ресми жарияланған «Қазақстандағы лудомания феномені және оны дамытуға  ықпал ететін факторлар» атты сараптамалық баяндамадан алынып отыр. 2025 жылы елімізде шамамен 442,5 мың адам бәс тіксе, солардың дені – 18-30 жас аралығындағылар. Сарапшылардың айтуынша, елдегі әрбір 10 лудоманның 9-ы – қазақ ұлты­ның  өкілдері.

Бір таңғаларлығы, бұрын бәс тігу­мен орта жастағы адамдар көп айна­лысса, қазір бұл дерт «жасарып» кетті. Мәселен, жоғарыдағы зерттеу­ден мәлім болғаны, еліміздегі лудоман­ның орташа жасы 29-да деп жазыл­ған. Құмарлық эпидемиясының құрбандарының 71,6 пайызы – жоғары білімі бар азаматтар. Ал лудомандардың жартысынан көбі – үйлі-баран­ды (арасында ажырасқандары да жетерлік) және  балалары  бар  ер-­азаматтар.

«Сараптамалық зерттеудің сұрақ­тарына жауап бергендердің (лудомандар) арасында құрылыс пен өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндер (ойынға беріліп, жұмыстан шығып кеткендері де бар) 18,7 пайызды құ­райды. Одан кейінгі орында қаржы саласының өкілдері тұр: 13,3 пайыз. Бұл жерде лудомандардың арасында тікелей мемлекеттік қызметке қатысы бар адамдардың үлесі 11,7 пайыз­ды құрайды. Одан бөлек, лудомандардың тағы 11,7 пайызын бұрын кәсіпкерлікпен айналысқандар және өзін-өзі асыраушы азаматтардың тобы­на жататындар құрайды» делінген  аталған  зерттеуде.

Алайда әлеуметтанушы-мамандар нағыз лудоманның әлеуметтік және психологиялық портретін жасап шығару мүмкін еместігін алға тартады. Егер сондай портретті жасауға мүмкіндік болса, құмар ойынға есі кеткендерді алдын ала анықтап, емдеудің тиімді жолдарын да табуға болар еді. Әлеуметтанушы Сәбина Шаймерденова лудоманның нақты портретін жасайтын көмескі критерийлер  ғана  бар  екенін  айтады.

«Лудомандардың арасында ер-­азаматтар көп кездеседі. Бұл жерде әйелде­рдің үлесі аз болғанымен, мәселе жоқ емес. Меніңше, нағыз лудоманның белгілі бір жасын бекіту мүмкін емес. Өйткені, іс жүзінде өмірде 14 жастан бастап 60 жасқа дейін­гі жас санатында құмар ойын­ға құмартқандар бар. Тіпті 60 жастан асқан адамдар да бұл дертке шалдығуы әбден мүмкін. Күнделікті тірлікте ақшаның жетіспеушілігі, банктен алған қарызды қайтару, от­ба­сылық шығындарға қаражат табу сияқты қаржылық мәселелерден шаршаған жандар құмар ойынның құрығына тез түсіп қала­ды. Мұндай кезде жақын адам­дарының жанашыр­лығы, мейірім­ділігі және қаржылай қолдауы бәрінен  де  маңызды»  дейді  ол.

2026 жылдың басындағы есеп бо­йынша психобелсенді заттарды қол­дануға  байланысты психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 108 мыңнан  астам адам  динамика­лық тіркеуде тұр. Соның ішінде  18 мыңға жуығы – нашақор,  90  мың­нан астамы – маскүнем. Ал ойын­құмарлық белгілері бар азаматтардың саны 450 мың адамға жуықтайды. Мұндай ақпарат биыл көктемде елордадағы Психикалық денсаулық сақтау орта­лығында өткен жиында айтылды. Парламенттің экс-депу­таты Айна Мысырәлімова ең бастысы проб­леманың ауқымында емес, құмарлықтан емдеудің тиімділігінде жат­қанын  айтады.

«Нашақорлыққа шалдыққан нау­қастардың 70-80 пайызы алғашқы жылы қайтадан есірткі тұтына бас­тайды. Қазақстанда олармен жұмыс істеу жүйесі кешігіп әрекет етеді. Іс жүзінде адам стационардан шығып, кейін жұмыстың және қолдаудың жоқтығынан бұрынғы ортасына қайтып барады. Нақты нәтижеге жетеміз десек құмарлықтың алдын алу, ерте анықтау, емдеу, оңалтуды және қайта әлеуметтендіруді біріктіретін біртұтас «көмек континуумы» моделіне көшкен абзал. Ауырған адамды жазалау мен есепке алу тәсілінен гөрі оңалтуға баса назар аударайық. Ол үшін орталықтарды міндетті лицензиялау және бақылау арқылы инфрақұрылымды дамыту, емделуден кейін пациенттерді  ұзақмерзімді қолдау жүйесін енгізу  керек»  дейді  ол.

Парламенттің тағы бір экс-депутаты Асхат Аймағамбетов лудомания­мен күрестегі бүгінгі тәсілдер тиімсіз екенін  айтады.

«Лудоманияға ерекше назар аударып, оны дербес бағыт ретінде алып, жедел желілерді құрып, клиникалық хаттамаларды қайта қарау қажет. Өйткені бұл саладағы қазіргі қолданылып жүрген тәсіл тиімсіз» дейді ол.

Мәжілістің экс-депутаты Нұрлан Әуесбаев құмарлық эпидемиясының ұлттық мәселеге айналып бара жат­қанына  алаңдайды.

«700 мыңнан астам ойынға тәуел­ді азаматтардың артында күйреген отбасы, жоғалған уақыты, қыруар қаржысы мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де қордаланып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Біз ойынханаларды заңдастырып, табыс табамыз деп жүргенде талай тағдырдың тамырына балта шабылып, сан мыңдаған бала ата-анасының қамқорлығына мұқтаж күйде қалып қойды. Енді мәселені ауқымды зерделеп, азаматтарымызды құмар ойыннан құтқаратын уақыт жетті деп ойлаймын. Біздің елде құмар ойынға тәуелді азаматтарға көрсетілетін медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмектің көлемі мен қолданылып отырған шектеу іс-шараларының арасында үлкен теңгерімсіздік бар. Атап айтқанда, 2024 және 2026 жылдарға арналған лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарда, азамат­тарды оңалту мен көмектесуге мемлекет тарапынан қамтылатын азаматтардың саны бар болғаны 300 адам деп белгіленген екен. Бұл мәселені одан сайын ушықтырмаса, оңалтуға қауқарсыз сан екені айдан анық. Сондықтан азаматтарды оңалту мен ойынқұмарлықтың алдын алатын іс-шараларды шұғыл түрде қолға алма­сақ, ұлтымыз­дың ұлдары мен қыздарын түпсіз құрдымнан сақтап қалу өте күрделі болып кетері анық» деді ол маусым айында Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, криптовалюталарды пайдаланатын заңсыз шетелдік онлайн-платформалардың қызметі де елімізге  үлкен  қатер  төндіруде.

«Қазақстанда «дроп-карталар» мен жалған төлем шоттары арқылы жүзеге асырылатын қаржылық схемалар жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақша қаптап келеді. Сарапшылардың бағамдауынша, осындай заңсыз ойын бизнесіндегі қаржы айналымы 500 миллиард теңгеден асыпты. Қала берді бұл мемлекеттің қаржылық қауіп­сіздігіне орасан зор қатер төндіріп, көлеңкелі эконо­миканың дамуы­на ықпал етуде. Осы мәселелерді ескере отырып, елімізде азаматтарға медициналық және психологиялық көмектің қолжетімділігі мәселесіне ерекше назар аудару керек. Өзінің ойынға тәуелді екенін түсінген сан мыңдаған азамат әлеуметтік салдарлар мен түрлі шектеуден қауіптеніп, мемлекеттік медициналық ұйымдарға жүгінуге батылы бармайды. Ал жекеменшік оңалту орталықтарының қызметтері қымбат екені анық. Өзі де қаражаттан таршылық көріп жүрген бұл азаматтардың арқасындағы ауыртпалықты жеңілдетіп, мемлекет тарапынан қолдап жіберу аса қажет екені анық. Сондықтан оңалту орталықтарын мемлекет тарапынан субсидиялап, ел азаматтарының қалыпты өмірге оралуына қолдау көрсету дәл қазіргі уақытта аса қажет деп ойлаймын» дейді  экс-депутат.

Ол Үкіметке мынадай нақты ұсыныстарын жолдады: оңалту орталық­тары ойынға тәуелділіктен емделу кезінде толық құпиялылықты қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді әзірлеуді және енгізуді талап етеді. Егер емделушінің жағдайы айналасындағыларға тікелей қауіп төндірме­се, оны автоматты түрде шектеу есебіне қою тәжірибесі қолданылмауы тиіс; ойынға тәуелділіктен емделіп шыққан азаматтарды оңалтудан кейін қолдау тетіктерін әзірлеп, соның ішінде банк несиелері бо­йынша төлемді уақытша кейінге қал­дыру мүмкіндігін қарастыру; Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесе отырып заңсыз ойын алаңдарына қаражат шығаруға пайда­ланылатын төлем жүйелері мен «дроп-карталарды» анықтау және олардың жолын кесу іс-шараларын күшейтуі қажет; білім беру мен әлеу­меттік нысандарда психологтардың лудоманияны анықтау және оның алдын алу мәселелері бойынша тәуекелдерді ерте кезеңде анықтай алатын жүйе құру және жастар мен отбасылар арасында тиімді профилактикалық жұмыс жүргізетін мамандар желісін құру маңызды  болмақ.

«Лудоманиямен күрес – ең алды­мен Қазақстанның экономикалық және демографиялық қауіпсіздігі мәселесі. Бізге бұғатталған сайттардың саны туралы есеп емес, ойын­құмарлықтан құтқарылған тағдыр­лар мен қоғамға қайта оралған отбасы­лардың саны аса қажет» деп сөзін түйін­деді Н.Әуесбаев.

Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Коллаж: qazdauiri.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: