Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Сырдария өзені үстінен жаяу көпір салынады

28.07.2026, 20:26 37

Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жартыжылдық қорытындысында абаттандыру мен тазалық жұмысына, жаңа әлеуметтік нысандарға тоқталды.

– Биыл аймақ басшысының тікелей қолдауымен қаланы және елді мекендерді абаттандыруға 11 млрд. 648 млн. теңге бөлінді. Оның басым бөлігіне Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл демалыс аймағында мыңдаған ағаш көшеттері, бұталар мен көпжылдық гүлдер егіліп, заманауи спринклерлік және тамшылатып суару жүйелері орнатылды, – деді ол. Саябақтағы жұмыстың 90 пайызы аяқталған.

Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайтуға 2,9 миллиард теңге қаралды. Бөгет жиегінде екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолы салынып жатыр.

– Осындай игі істің жалғасы ретінде, дария үстінен Астана мөлтек ауданы мен Президент саябағын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Кеше ғана осы жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді нақты жұмыстар басталатын болады, – деп хабарлады қала басшысы. Жоба құны 12,9 миллиард теңге.

Қала бойынша 26 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында абаттандыру басталған, оған 1,9 миллиард теңге бөлінген. Балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы мен воркаут аймағы салынады.

Тазалық мәселесінде әкім қаламгерлерге ерекше өтініш білдірді.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қызылорда — еліміз бойынша ең таза қалалардың қатарына енді. Бұл темірдей талап пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Осыдан он жыл бұрын «Қызылорда тазалығы» мекемесі қаладағы 240-қа жуық көшенің тазалығын реттеп, күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізсе, қазір жұмыстардың ауқымы еселеп артты. Бүгінде тазалық мекемесі күнделікті қаладағы 826 көшеде санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, кейбір тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы тазалық тәртібіне, мекемеге қатысты негізсіз сыни пікірлерін айтып жатады. Сондықтан Сіздерден бұл салаға ақпараттық қолдау білдірулеріңізді сұраймын, – деді ол.

Жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында «Достық үйінің» жаңа ғимараты пайдалануға берілген. Құны 3,5 миллиард теңге. Қазақстан Халқына қоғамдық қорының демеушілігімен салынған Инклюзивті спорт орталығы ашылды, оған 2,9 миллиард теңге жұмсалды.

– Елімізде баламасы жоқ, бірегей ғимарат — «Құзыреттілік орталығы» республика бойынша алғашқы болып аймағымызда бой көтерді. Орталық бизнес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған ортақ алаң. Екі қабатты, 1000 орындық жаңа ғимарат кезінде заңсыз сыртқа кеткен активтер есебінен қаржыландырылды, – деп атап өтті әкім. Нысанның құны 5,1 миллиард теңге.

10 миллиард теңгеге салынған 300 орындық «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Лагерь жанынан 5 миллиард теңгеге Ботаникалық бақ пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау саласында 300 орындық көпбейінді ауруханаға 36,4 миллиард, сол жағалаудағы 500 орындық емханаға 14 миллиард 780 миллион, Президент саябағы аумағындағы 200 орындық перинаталдық орталыққа 48,5 миллиард, Титов ықшамауданындағы 400 орындық емханаға 9,8 миллиард теңге қаралған.

Президенттік кітапхананың құрылысы басталды, жоба құны 20 миллиард теңге. Жаңа Драма театрының іргетасы қаланды, оған 22 миллиард теңге бөлінген. 19,7 миллиард теңгеге салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Аумағы 26 мың шаршы метр, 50 метрлік жүзу бассейні, 2 500 орындық әмбебап спорт залы және 300 орындық конференц-залы бар кешен халықаралық деңгейдегі жарыс қабылдауға бейімделеді.

– Алдымызда әлі жүзеге асырылатын жобаларымыз бар. Қазіргі таңда 108 млрд. теңгені құрайтын 101 жоба әзірленіп, республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды. Бұл қаражаттар қолдау тапқан жағдайда, тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – деп түйіндеді Нұржан Ахатов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: