Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана мейірімі қайда жоғалды?

23.07.2026, 7:00 52

Ана… Осы бір ғана сөздің өзінде мейірім, жылулық, жанашырлық пен шексіз махаббат жатыр. Қазақ «Жұмақ – ананың табанының астында» деп бекер айтпаған. Өйткені, сәби үшін ана күллі әлемге тең. Ол алғаш рет ананың жүрек дүрсілін естиді, ананың әлдиімен ұйықтап, ананың құшағында өзін қауіпсіз сезінеді. Алайда бүгінгі қоғамда сол қасиетті ұғымға көлеңке түсіретін  ащы  шындық  бар. Бұл – өз  құрсағынан  шыққан сәбиін  тағдырдың  тәлкегіне тастап  кететін «көкек» аналардың  көбеюі. Осы  мәселе қанша  уақыттан  бері  өзегін  жоймай  келеді…

Ең  ауыры – баланы дүниеге әкелу қиын емес, ал оған өмір бойы ана болу – үлкен жауапкершілік. Ана бір сәттік қорқынышпен, жоқшылықтың әсерінен немесе шарасыздықпен шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ сол шешімнің салдарын сәби өмір бойы тартып өтеді. Балалар үйінің қабырғасында өскен әр бала санасында бір ғана сұрақ тұрады: «Мені неге тастап кетті?». Бұл сұрақтың жауабын ешбір тәрбиеші де, ешбір заң да, ешбір мемлекет те толық  бере  алмайды.

Шыны керек, «көкек» аналар мәселесіне тек айыптау немесе кінә тағу тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Бұл – тұтас қоғамның әлеуметтік ахуалын, отбасылық құндылықтарын, жастар тәрбиесін, әке жауапкершілігін және анаға көрсетілетін қолдау жүйесін ойлануға мәжбүрлейтін, жай-жапсары күрделі мәселе. Өйткені,  бүгін  тасталған бір  сәби – ертеңгі  қоғамның мүшесі.  Ал  оның  жүрегіндегі  жетімдік  жарасы тек  өз  тағдырына  ғана  емес,  тұтас  қоғамның  болашағына  әсер  етуі  мүмкін.

Көпшілік «көкек» ананы көрсе, кідірместен айыптайды. Бұл заңды да. Өйткені тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүниеге әкелген баласынан безу – адам санасына сыймайтын эгоистік әрекет. Алайда мамандар мұндай оқиғаларды тек моральдық тұрғыдан бағалау жеткіліксіз екенін айтады. Себебі, әрбір тастанды сәбидің артында әлеуметтік, психологиялық және экономикалық  факторлар  қатар  жүретінін де  ескергеніміз  жөн.

Қазақстанда балалардың басым бөлігі тұл жетім емес. Сарапшылардың мәліметінше, жетім балалардың едәуір бөлігінің ата-анасы тірі, бірақ түрлі себеппен ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Бұл мәселенің тек отбасы емес, тұтас қоғам алдындағы жауапкершілік  екенін  айқын  көрсетеді.

Психологтардың пікірінше, нә­рестеден бас тартқан әйелдердің бір бөлігінде босанғаннан кейінгі психологиялық күйзеліс байқалады. Меди­цинада бұл құбылыс пост­партум депрессия деп аталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының бағалауынша, босанған әйелдердің шамамен 10-20 пайызы босанғаннан кейінгі депрессия белгілерін бастан кешіреді. Ауыр жағдайда бұл ана мен сәби арасындағы эмоционалдық байланыстың әлсіреуіне, тіпті баладан бас тарту қаупінің артуына әсер етуі мүмкін. Дегенімен, мамандар мұны ешқашан ана әрекетін ақтайтын себеп емес, керісінше дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетуді қажет  ететін жағдай деп есептейді.

Тағы бір маңызды фактор – әлеу­меттік жағдай. Жұмыссыздық, тұ­рақты баспананың болмауы, жалғыз­басты аналардың күнкөріс қамы, ер адамның жауапкершіліктен қашуы көптеген әйелді тығырыққа тірейді. Әсіресе, жоспарланбаған жүктілікке тап болған жас қыздар үшін қоғамның көзқарасы мен жақындарының қысымы кейде өмірлік шешім қабыл­дауға итермелейді. Осындай кезде кейбірі баланы тәрбиелеудің орнына, одан бас тартуды жалғыз амал  деп  санайды.

Психология ғылымында баланың ата-анамен алғашқы эмоционалдық байланысы ерекше маңызға ие. Британ психиатры әрі психолог Джон Боулби негізін қалаған байланыс тео­риясы (attachment theory) бойынша сәби өмірінің алғашқы айларында қауіпсіз эмоционалдық байланыс қалыптаспаса, оның кейінгі өмірінде өзіне деген сенімсіздік, адамдарға сенбеу, мазасыздық, күйзеліс және әлеуметтік қарым-қатынас орнатуда қиындықтар жиі кездеседі. Яғни анасының жоқтығы – баланың тек бүгінгі емес, ертеңгі тағдырына да әсер  ететін  фактор.

Бұл пікірді кейін америкалық психолог Мэри Эйнсворт жүргізген зерттеулер де растады. Оның еңбектерінде ата-ананың тұрақты мейірімі мен қам­қорлығын көрген балалардың эмоциялық тұрғыдан әлдеқайда тұрақты, ал ерте жаста қамқорлықтан айырылған бала­лардың  күйзеліске бейім келе­тіні  көрсетілген.

Балалар үйінде өскен балалардың барлығы бірдей бақытсыз болады деу қате. Олардың арасында білім алып, қоғамда өз орнын тапқан, елге қыз­мет етіп жүрген азаматтар аз емес. Дегенімен, халықаралық зерттеулер институционалдық тәрбиеде ұзақ уақыт болған балалардың эмоция­лық және әлеуметтік дамуында қауіп­тің жоғары екенін көрсетеді. Себебі ешбір мекеме, қанша жерден жағдайы жақсы болса да, туған ананың мейірімі мен отбасының жылуын  толық  алмастыра алмайды.

Демек, «көкек» аналар мәселесін тек «арсыз ана» немесе «тәрбие­сіз әйел» деген бір ғана анықтамамен түсіндіру мәселенің тамырына үңілмеумен тең. Бұл – кедейшілік, психологиялық денсаулық, отбасы институтының әлсіреуі, әке жауапкершілігі, жастар тәрбиесі және мемлекеттік қолдау тетіктері тоғысқан күрделі әлеуметтік мәселе. Сондықтан қоғамның міндеті – тек кінәліні іздеу емес, сондай қайғылы жағдайлардың алдын алатын орта қалыптастыру.

Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа туған нәрестелердің қоқыс жәшіктерінен, кәріз құдықтарынан немесе даладағы дәретханалардан табы­луы туралы суыт хабарлар жиілеп кетті. Мұндай ақпараттар әлеуметтік желіде бірнеше күн тал­қыланғанымен, уақыт өте ұмытыла­ды. Ал сол оқиғалардың артында үзіліп кеткен бір тағдыр, орны толмас бір өмір жатыр, оны ескермей жатамыз.

2025 жылдың ақпанында Өскемен қаласында қоқыс контейнерінен жаңа туған нәрестенің денесі табыл­ды. Полиция анасының кім екенін анықтап, қылмыс­тық іс қозғады. Тергеу мәліметінше, әйел жүктілігі кезінде дәрігерлердің бақылауына тұрмаған және медициналық көмекке жүгінбеген.

2026 жылдың ақпанында дәл осындай қайғылы оқиға Семей қаласында қайталанды. Қоқыс контейнерінен орамалға оралған жаңа туған сәбидің мәйіті табылып, Абай облысының полициясы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл қазіргі «көкек» аналардың тұтас қоғамның жанайқайына айналған мәселе екенін көрсетті.

Ал 2026 жылдың жазында Ақтөбеде екі мектеп оқушысы ағаш түбіне тасталған жаңа туған сәбидің дауы­сын естіп, үлкендерді шақырып, оның өмірін аман алып қалды. Ке­йін сәби ауруханаға жеткізіліп, біраз уақыттан соң оны асырап алуға ниет білдірген отбасы табылды. Бір ғана адамның қатыгездігіне екінші адамның  мейірімі  қарсы  тұрды.

Мұндай деректер бір қарағанда жеке  адамның  әрекеті  болып көрінуі мүмкін. Алайда криминолог­тар мұндай қылмыстардың ортақ белгілері бар екенін айтады. Көп жағдайда әйел жүктілігін жасырады, босануға медициналық көмек алмайды, қоғамның айыптауынан қорқады немесе психологиялық күйзелісте болады. Соның салдарынан дүрбелең жағдайда ақылға сыймайтын  сүреңсіз  әрекетке  барады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде жаңа туған баланы анасының өлтіруі жеке құрам ретінде қарастырылған. Бұл мемлекет мұндай оқиғаларды тек моральдық мәселе емес, адам өміріне қарсы ауыр қылмыс ретінде бағалайтынын  көрсетеді.

Әрине, тағы бір маңызды әрі күрделі мәселе – жоспарланбаған жүктілік. Қазақстанда аборт заңмен рұқсат етілген медициналық қызмет болғанымен, оның саны әлі де аз емес. Денсаулық сақтау саласының деректеріне сәйкес, жыл са­йын елімізде ондаған мың жүктілік жасанды жолмен тоқтатылады. Бұл көрсеткіш әйелдердің репродуктивтік денсаулығы, жыныстық сауаттылық, әлеуметтік қолдау және отбасы институты төңірегіндегі мәселелердің әлі де өзекті екенін аңғартады. Дегенімен, абортқа қатысты қоғамдық және этикалық пікірлер әртүрлі болғандықтан, оны жаңа туған нәрестені тастап кету немесе оған қасақана зиян келтіру фактілерімен теңестіруге болмайды. Бұл – құқықтық және медициналық тұрғыдан  екі  бөлек  мәселе.

ТҮЙІН. Ең ауыр сұрақ бәрібір жауап­сыз қалады: адам өз құрсағынан шыққан тірі сәбиді қоқысқа тастауға қалай барады? Бұл сұрақтың жауабын бір ғана заңнан, бір ғана психологиядан немесе бір ғана әлеуметтік жағдайдан іздеу мүмкін емес. Оның түбінде қорқыныш, жалғыздық, жауапсыздық және кейде қоғамның өзі қалыптас­тырған үнсіздік  жатыр.

Перизат  ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: