(Жақында шетелдің бір баспасынан ағылшын тілінде «Адамға ұқсаған адам» сатиралық романымның екі томы жарық көреді. Бірінші томы басылып жатыр. Мынау сол романымнан үзінді)
Миллиардердің бар ойы Францияның Парижіндегі атақты Эйфель мұнарасын сатып алу еді.
– Мен миллиардермін… Мен миллиардермін… Бірақ байлығымның жартысы – блеф! — деді ол күбірлеп. Ол орынбасары Ордабайды шақырып алды.
– Шақырған екенсіз, — деп сұрады Ордабай өтірік жымиып. Ол өмірінде шынайы жымиған емес. Бастығы қандай болса, бұл да сондай.
– Сені шақырдым ба?
– Иә.
– Қашан?
– Осы қазір ғана.
– Былтыр шақырмадым ба?
– Жоқ.
– Бірдеңе айтқым келіп еді. Есіме түспей қалды. А, иә, Парижден атақты Эйфель мұнарасын сатып алуым керек. Үкіметке хат жолда. Астананың қай жеріне орналастыруымыз керегі жөнінде.
Ордабай құлап қала жаздады. Өзін әрең ұстап тұр. «Басекең жындана бастаған-ау! Әлде, ақшаның буы ма? Әлде, атақ пен мансап қуып кетті ме?» деп ойлады. Сосын міңгірлеп:
– Басеке, компаниямыздың атына ұят. Ол мүмкін емес, — деді.
– Неге мүмкін емес?
– Ол – Францияның жылжымайтын құндылығы.
– Мен әлемді сатып аламын керек болса! Не деп тұрсың? Ақшаға сатылмайтын не бар дүниеде? Эйфельді көріп пе едің?
– Көрдім.
– Францияға бардың ба?
– Жоқ, суреттен.
– Суреттен дейді, ха-ха-ха! Енді Астанадан көретін боласың!
– Ол мүмкін бе? Биік қой…
– Кесіп, кесіп әкелеміз! Бастысы Эйфельдің бір бастығы бар шығар? Соны айламен түсіруім керек.
– Басеке, басқа нәрсе сатып алуға болмай ма?
– Нені?
– Мысалы, Қытай қорғанын…
– Қытай қорғаны?
– Иә, біздің елге жақын ғой дегенім еді…
– Жоқ, мен атақты Эйфельді сатып аламын! Сосын дүниежүзіне әйгілі боламын! Әлем басылымдары, әлем блогерлері тек мен туралы жазады! — деген ол орынбасарын құшақтап, сілкіп-сілкіп қойды. Осы сәтте кабинетке кірген хатшы қыз жабысып тұрған «көгілдір сияқтыларды» көріп, сасқанынан кофесін түсіріп алды. Екеуі жалт қарады. Төргебасар кофе ыдысының сынықтарын жинап жатқан хатшы қызға:
– Ештеңе етпейді! Құдай қаласа, Эйфель мұнарасында кофе ішіп, қамырлы ет жейтін боламыз! — деді.
…Ордабай үкіметке хат жолдау үшін асығыс шығып кетті. Ол хатты жай ғана «өтініш» емес, Төргебасардың ғана емес, бүкіл халықтың «арманы» ретінде жазды. Өйткені ол жақсы білетін: билікке құрғақ дерек емес, сорпасы бетіне шыққан қою мақтау сөздер де керек. Хат былай басталды: «Еліміздің гүлденгені сондай, енді даламызға еуропалық биіктіктер керек бола бастады…» деп басталған еді. Ал бір аптадан соң, үкіметте дәл осы «биіктік пен тереңдікті» өлшей алмай қалғандардың мәжілісі өтіп жатты. Бір кезде премьер-министр:
– Бір корпорацияның ақымақ бастығы Эйфель мұнарасын сатып алмақ екен. Соған Астанадан жер алуға рұқсат сұрайды. «Ақымақ болма, елдің абыройын түсірме» деп ақыл айтуды Мәдениет министріне тапсырамын, — деді.
Министрлер таңғалып, Астанадағы «Бәйтерек» монументі жанынан биік Эйфель мұнарасын елестетіп отырды…
Мұхтар ШЕРІМ.
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!