Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент Қатар Әмірімен кездесуде не талқылады?

14.07.2026, 9:27 55

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға жұмыс сапарымен барып, Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Бұл туралы Ақорда жазды.

Президент Дохаға Қатар Әмірі мен оның әулетіне Әмір-Әке Шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту үшін барды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Хамадтың қуатты әрі өркендеген Қатар мемлекетін қалыптастыруға зор үлес қосқанын атап өтті.

– Ол көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасуы мен табысты дамуына шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни елеулі еңбек сіңірген. Ол Қазақстанға екі мәрте ресми сапармен келген. Оның алғашқы сапары 1999 жылдың сәуір айында өткен болса, сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сыртқы саясат ведомствосын басқарған.

Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қолдауымен Астанада алғашқы ірі мешіттердің бірі – әл-Фараби мешітінің салынғанын, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асқанын ризашылықпен еске алды.

– Осындай қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қолдау білдіріп, арнайы келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Оның айтуынша, бұл Қазақстан мен Қатар халықтары арасындағы бауырластық байланыстардың айрықша сипатын көрсетеді.

Қатар тарапының бастамасымен кездесу барысында қазіргі халықаралық ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай да талқыланды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бұл шақыруды ықыласпен қабыл алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: