Әсілі, әр адам – әз-табиғаттың құрамдас бөлшегі. Көз ашқаннан жанарымыз жұмылғанша, осы ұлы құдіретке табыну мен тамсанудан тоят табамыз. Арманға арбалтып, парызға жүгіндіретін мәңгі заңдылық аясында балқимыз, шалқимыз, бас иеміз.
Ақиқат таразысы естелік парағының өзіне мысқалдай шаң, ылғал жолатпайды. Егделік есігінің сықырлауық топсасына артық күш салғым келмейді. Ашық қалдырсам, заманның сұғанақ желі өн бойымды тінткілей жөнелетін сияқты. Шабыт шамының пілтесіне сезім оттығын жалата беріп, өткен шақ үңгіріне түскен күңгірт сәуле сызығымен ой шеңберін ұлғайта түсемін.
Желдірме көңіл шашуына ұқсаған бұл сілтеме бір қарағанда жыршы әлқиссасын еске салар. Саусақтарымды саналы түрде қаламға байлап қойып, осылайша сыр ашуым әсте әсіреқызыл мақтанға жатпайды. Мұның астарында Сырдария мен Аралдың арналас ұшаны мен ұлтанын таудай толқын, сарқырама ағысымен көмкергендей көрінетін әдебиет пен журналистикаға қатар қол созуым алақайлап менмұндалайды.
Атақты ақын Қасым Аманжолов «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп ұқтырғандай, бізді біліңкіремейтін қауымға шағын авторлық анықтаманың артығы болмас. Теңіздің тостағандай қолтығындағы Жалаңаш ауылының түлегімін. Күнделігіме бестіктен басқа баға түспеген. Қызыл галстуктілердің дружинасын басқарғам. Ауыл кітапханасының кілтін ұстадым. Қатарыма шахмат ойнауды үйреттім. Домбырадан күй төгілтіп, ауыл сахнасында көпшіліктің көңілін көтердім. Ұстаздар сүйікті шәкірті ретінде даралады.
Білім бұлағынан бас алмадым. Көркем әдебиет бірден еліктіріп әкетті. Мектеп, ауыл кітапханасының барлық сөресіне қол создым. Жаңа кітаптарды елдің алды болып оқитынмын. Түрлі ұлт жазушыларының әңгіме, повестер жинағы, романдары көкейімде көркемдік шұғыласын арайлатты. Жағалауда, ойын арасында қызықты кітаптар жайлы оқырмандық әсерімді асыға күтетін тыңдаушыларым жеткілікті еді. Есептен шығарылған кітаптарды қайта түптеп, бәкене тамдағы шкаф үстіне сым бойындағы қарлығаштардай тізбектейтінмін. Алғашқы табысым да, талабым да кітап әлемінен күтілді.
Әдебиетке іңкәрлік мықты мұғалім Әбдірейім Есендіковтің қолтаңбасынан бастау алды. Тақтадағы, дәптер тексерудегі жазбалары сөз сұлулығына сұқтандырды. Ағайымыз редакторлық жасайтын қабырға газеті үнемі жұтынып тұрады. Шымшымалары да керемет! Әжуалық суреті де кейіпкерінен айнымайды. Ол жазған мақалалар қандай тартымды! Табиғатты, кейіпкердің жан дүниесін суреттеу үйлесімділігі керемет. Дәмі кетпес тәттідей, табадан жаңа ғана дастарқанға қойылған ыстық күлшедей.
Құдая тәуба, сондай сұңғыла ұстаздан шығармашылық нәр жұғысты болғаны мұратымды айқындады. Менің де ұстаздық ұлағатым дәл өзіндей қайтарымға жетті. Баспасөз беттеріндегі өзіндік қолтаңбамды ешкім шатастыра алмайды. Кітапханашы Жалғас Көпжанов, байланыс бөлімшесіндегі Кішкене Құтмамбетов ағалар да менің сөз өнеріне табандауыма кәдімгідей ықпал етті. Бірі кітабын сыйлап, екіншісі газет-журналдардың жаңа санына еркін көз жүгіртуіме мүмкіндік жасады.
Енді тақырыпқа төтелейік. Менің тұңғыш мақалам «Жаңа газет» деген атпен 1965 жылы аудандық «Толқын» газетінде жарық көрді. Ол кезде Арал қаласындағы № 13 орта мектептің 9-сынып оқушысы едім. Мектеп бітірген соң, бір жыл ауыл тынысына араластым. Жастар жетекшісі фельдшер Жалғас Жантекеевтің көземелімен шағын оркестр құрдық. Бокстан спорт үйірмесін бастандырдық. Дикторлық әуезі басым Әлдірза Жолдасов ағамен ауыл радио торабы арқылы балықшылар өмірінен репортаждар дайындадым. Аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жолдай бастадым. Оқырмандар конференциясын ұйымдастыруға атсалыстым.
Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінде әдебиет пен тіл ғылымы көкжиегіне көз талдырдым. Белгілі түрколог, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың қопара қаузайтын әпсанасы, тіл тереңіне бойлатқан доцент Әли Байжоловтың Орхон–Енисей жазулары, диалектология жайындағы тосын лекциялары, ғылым кандидаты Талғат Сайранбаевтың қазіргі қазақ тілі турасындағы зерттеу айналымына қанықтырған талдаулары мамандыққа ғылым көзімен қарауға төселдірді. Шетел әдебиетінен дәріс оқыған жас маманның жер жүзін шарлата жөнелген қызғылықты хикаяттары кітапханаға қарай төтелетті.
Осы кезден бастап сөз сиқыры баурап алды. Көркемдегіш құралдарды ұста сайманы секілді қабылдауға машықтандым. Жазу стиліме әдеби һәм ғылыми реңк қосуға зейілім ауды. Кітапты бұрғынғыдай мазмұн қуаламай, көз ойнатып, жүректі шым еткізер композициялық құрылымына баса назар аударатын кейіпке көштім. Әдебиет теориясына айналсоқтап, төрелік күттім.
Қызылорда білімін, танымын Алматыдағылар эрудициясымен теңестіре алмайтын өтпелі кезеңдер әлі күнге естелік өрімімен қамшылайды. Әрине, академиктер алдын көрген жоқпыз. Есесіне, академиялық жинақтардан алтын құмшық іздегендей тырбанып, ғылыми елеуіш ұстау дағдысына бейімделдік.
Қалай дегенмен, облыс орталығы ақпарат айдынына ептеп жақындатты. «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне институт өмірінен жаңалықтар жаза бастадым. Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың соңғы курсында оқитын Тынымбай Нұрмағамбетов пен Бахыт Сарбалаевтың биік мінбеден әдебиет әлемі жайлы делебеңді қоздырар сөз саптаулары еріксіз елең еткізді. Олар кейін қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы мен сыншысына айналды. Сол тәрізді атақты жырау Көшеней Рүстембековтің факультет абыройын асқақтатқан орындаушылық шеберлігі де талант тұғырына көз салдыратын. Осынау танымал тұлғалардың өкше ізін бағдар етіп, шығармашылық еліктеуге біржолата мойын бұрғанымды әлі күнге мақтан тұтамын.
Кейін танымал жазушы болған Жақсылық Түменбаев тапсырмасымен өндіріс орнынан мақала дайындадым. Қарауылбек Қазиевтің «Ақ бантик» жинағы туралы тұңғыш рецензиям жылы қабылданды. Драматург Оразбек Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» атты пьесасы облыстық театрда сахналанғанда, актер шеберлігін тілге тиек еттім.
Қаламгер ағалар Досмағанбет Тасекеев, Адам Мекебаев, Дархан Сапаров, Қомшабай Сүйенішевтердің лебізін көкейіме қондырдым. Сырттай сүйсінетін тамаша жазушылар Нәсіредин Сералиев пен Саид Баязитов сағыныш суретіне айналды. Өкінішке қарай, жыр сұңқары Зейнолла Шүкіров ағамызбен дидарласу бұйырмады. Әлі күнге сан соғатын әттегенайым – осы.
Жетпісінші жылдарғы әдебиетке еркелегендер бүгінгілерге қарағанда әлдеқайда бақытты сияқты енді. Облыстық газет жанындағы әдеби бірлестікті қабырғалы қаламгер Асқар Тоқмағамбетов басқаратын. Кезекті талқылауда ұстаз ақын Сәнімкүл Желдербаеваның топтама жырларын ризалық пейілде мақұлдаған әдебиет ақсақалының жылы жымиысы күні кешегідей жадымда жаңғырады. Балалар әдебиетіне жаңа леп әкелген жас жазушы Сайлаубай Жұбатыровтың сырттайғы қаламгерлік қолтаңбасы делебемізді қыздырғаны неге ұмыт болсын?!
Шығармашылық қайнарының қос арнасына ұқсайтын жазушы және журналист ағайындардың екі бірдей бөлімшесі де «Ленин жолының» кең қолтық түкпірінен менмұндалайтын. Қазір мұндай қанаттас қауышу ұстатпайтын сағым секілді көрінетінін тіл ұшына түсірудің өзі еріксіз күрсінтеді.
Түпкі мамандығым бойынша 20 жылдай аудан мектептерінде шәкірттерді қазақ тілі мен әдебиетінен сусындаттым. Мектеп директорының орынбасары, аудандық білім бөлімі методикалық кабинетінің меңгерушісі болдым. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда мақалаларым дүркін-дүркін жарияланып жатты.
«Толқын» газетімен түпкілікті байланыс 1990 жылы редакцияның аға тілшісі атандырды. Бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқардым. 20 жылдай аудан өмірінің рухани жаршысы, елдің жоқшысы міндетіне арқа тостым.
Әу бастағы арман әдебиет есігін еркін ашу әлі толық шешілген жоқ. Студент кезде жазған «Кешір, жаным!» дейтін әңгімем қолжазба күйінде жатақхана бөлмелерін аралап жүріп қолды болды. «Толғаныс», «Пендеге тыным керек», «Кеш қалыппын» дейтін шағын әңгімелерім де менімен жасырынбақ ойнағандай ғайып болды. «Қызғалдақтар», «Тыңдашы, Жәудір», «Теңіз исі», «Емен ескек» деген әңгімелерім «Толқында» басылды. Жаңа кітаптарға рецензияларым әдеби ысқыға бейімдеді.
Кейінгі кездерде «Алғашқы асу» хикаятым мен «Шөлдеген шағала» атты әңгімем халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінде жүлдеге ілікті. Бірқатар шығармаларым ұжымдық жинақтарға енді. Сиясы кеппеген «Менің жағалауым» атты хикаятым, бірнеше әңгімелерім үй тартпасында. Әлі де бірде-екілі хикаят нобайы көңіл сандығында жібектей суситын сәтін күтулі. Әлемдік деңгейдегі даңқты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Украинаның ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко шығармашылығы туралы әдеби эсселерім оқырман көкейіне қонғаны сенім ұялатады.
Журналистика – сөз өнерінің шолғыншы, шабарман саласы. Жазушылардың дені осы Жиренше жеркепесінен шыққандар. Мені газетке әкелген бейнелі сөзге құштарлық. Сыр бойы талапкерлерін түгел елеңдеткен Шәкизат Дәрмағанбетов, Байжігіт Әбдіразақов, Айжарық Сәдібеков ағаларымыздың өршіл публицистикасы, өлеңдеткен очерктері проблематикалық сараптамалары таңдай қақтыратын. Сол рухани ықылас ақ параққа төнген сайын қалам ұшын қытықтағандай әсерге бөлейді.
Аралдың әдеби ортасын қалыптастырған Әмірадин Әленов, Мешітбай Құттықов, Сағындық Тұрдалиев, Серік Сейітмағанбетов сынды аға буынның іш тартуы да үкілі үміт сыйлады.
Баспасөздің бәйтерегі іспетті Шәкірат Дәрмағамбетов пен Омар Әбдуәлиев көкелеріміздің көшірмесі жоқ қолтаңбалары таңырқата табындырды. «Толқынның» табалдырығынан төріне дейін оздырған редактор Сағынжан Ермағанбетов ағамыздың қамқорлығы алабөтен, дүлдүл журналистер Өмірбек Төлепов пен Кеңес Өмірзақовтың қалам сілтесі баспасөз аламанында еркін көсілуімізге тебінгі терлеткен тәлімгерлігіне дән ризамыз.
Мені қазақ баспасөзіне етене еткен қос басылымды құрмет төрінде әрдайым қатар атаймын. Оның біріншісі, әрине Арал аудандық «Толқын» газеті болса, екіншісі – тәуелсіз «Халық» газеті. Биыл «Толқынның» шыға бастағанына – 90, ал «Халықтың» көпшілік көкейінен шыққанына 20 жыл толады. Екеуінің де таңдауы маған түскені бөтен болмаса керек. «Халықтың» осынау жігіттік кезеңді жұлқына бейнелеген шабыт шалқымасында менің де қолтаңбам сайрап жатқаны анық. Арал өңірінің өтпелі де өкпелі шақтарын сын самалымен желпігенімді оқырман қауым ұмыта қоймаған шығар. Әуелгіде осы отты басылымның аудандағы меншікті тілшісі қызметін атқардым. Кейін «Толқындағы» қызметім жауапты хатшылыққа ойысқанда, «Халықтың» тілеулес авторы ретінде қалам сілтедім. Басқаша айтқанда, бұқарамен етене басылымның саптан шықпаған сыралғы сырласымын. «Халықтың» 10 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған ашық бәйгеде «Қоғам қалғып кетпесін» деген публицистикам басты жүлдені қанжығаға байлады.
Шығармашылық бәйгесінде біз де құралақан емеспіз. Екі мәрте «Аралдың үздік журналисі» атандым. Облыстағы аудандық газет журналистері арасында топ жардық. «Аллажар – қолдау» қоры ұйымдастырған республикалық конкурста «Арал өңіріндегі үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуы және даму беталысы» атты сараптамалық мақалам бірінші орын иеленді. Орта Азия экологиялық журналистикасы ІІ, ІІІ фестивальдерінің лауреаты болдым. Еріктілер жайлы еңбегім де еленді. Облыстық деңгейдегі мемлекеттік тілді насихаттау конкурстарында «Тілде таса жоқ», «Даналардан жеткен сөз дәуірлесін», «Талқы жоқ жерде тіл керең» атты мақалаларым бәйге басын бермеді. Салалық министрліктің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер Одағының дипломымен марапатталдым.
«Толқынға» деген ықыласым шексіз. Қолыма алғаш қалам алдырған да осы басылым. Қоғамдық тілші кезімде-фақ редакция қолғанатына жарадым. Тұрақты құрамда жаңа айдар, соны тақырып, аудан өмірін түгел қамту, проблема қозғау қарбаласында жаңашылдық жалауын желбіреттім.
Әдебиетке сағынышымды ақ өлең түріндегі публицистикалық толғаулармен ақтауға тырыстым. Кейіпкер табиғатын кәсіби әрі адами қырынан ашуға ұмтылдым. Он жылдан бері құрметті демалыстамын. «Толқыннан» да, «Халықтан» да бір елі ажырап көрген емеспін. Редакцияның жаңа құрамына ұтымды кеңестер қосамын. Сиясы кеппеген туындыларымды алдымен құшағын айқара ашатын қос басылымға тарту етемін. Оның үстіне менің сырлы сөзімді күтетін сыралғы оқырмандарымның қатары қалың. Өлеңдеріме де ден қоятын әлеумет ықыласы тебірентпей қоймайды.
Алғаш «Екпінді балықшы» деген атпен баспасөз әлеміне қадам басқан «Толқынның» тұңғыш редакторы Әуелбек Қоңыратбаевтан дәріс алғанымды ерекше тебіреніспен жүрек түкпіріне ұялатамын. Газет беделін биіктеткен және бір көрнекті тұлға, жазушы Тойбазар Елемесовтің редакторлық қағидаты әлдеқашан көркемдік кілтін ұсынған. Сүйікті басылымдарым арқылы шығармашылық тайқазанынан мыңдардың таңдайына татитын тың дүние ұсыну, әлбетте, жан рахатына бөлейді.
Болашақ түгіл бүгіннің өзі қай саладан да уақытпен үндесуді қалайды. Жаттандылық ауызекі тілдің де, жазба сөздің де құтын қашырады. Баспасөз арамшөптей қаулаған жадағай баяндаудан арылуы тиіс. Редакциялық екшеу де әділетті һәм бейнелі болуы шарт. Әйтпесе, өз еркі өзінде андағайлаған әлеуметтік желі аласапыраннан бар артықшылығы жоғалтады. Журналист барынша қырағы, батыл әрі әділ болғанда ғана ақ сөйлейді. Ел үшін елжіреп, жеке мүддеге маталмай, атар таңдай арайлап, батар күндей қимастықпен Отан үшін жақұт сөз, жалынды үнімен заман көшінің жалаугері болса, нұр үстіне нұр.
Ақпараттық өтімділік оқиғаны жедел екшеуді, иланымды қорытынды жасауды өткірлейді. Өзін сөз ұстасы санайтын барлық қаламгер аймаңдай арудай ақ параққа ешқашан обал жасамайды.
Бәріміз де өмір академиясының тыңдаушысы, заман сыншысымыз. Газет-журнал, телеарналар мен радио толқындардан қаламы ұштаулы уақыт шабандоздарының жорғалатқан, арындатқан, лапылдатқан, нөсерлеткен, дауылдатқан бейнелі сөз топжарғаны атануына қошеметпен көз тігейік!
P.s. әлбетте, қалам ұшындағы құрмет толып жатқан матаулы мақтау қағаздарымен өлшенбейді. Ондайлар менде де бір-екі қоржынға жүк салады. Сөз өнеріне бағалау жетіспейтіндігі бұрын да, бүгін де айтылумен келеді. Алайда, «баяғы жартас – бір жартас» дегендей, таланттарды дер кезінде тану мен бағалау үнемі кешеуілдеп жатуы көз үйренген келеңсіздікке айналды.
Саусақтарымнан сыбызғы сазын аңдатқан хикаяттарым мен әңгімелерім, әдеби сын және эсселерім, очерктерім және жалынды публицистикамның бір жастыққа әзер сыйысқан назын әлі ешкім ұға қойған жоқ. Кейде осыншалық татымды дүниелерім күлшедей бір кітапқа айналмағанына ызам келеді. Көркем шығармаларым кітап сөресінде қашан күлімсірейтінін бір Құдай біледі. Берекеті де берері мол билік пен бизнестегі мықтыларға ретсіз қолқа сала алмайсың. Сөйтіп жүріп ашулы өмірдің өкпесіне қалғандай өзіңді-өзің кінәлайсың. Бұдан арғысы әмбеге аян дәме ғой: «Айран сұрай барып, шелегіңді жасырма!» деген ежелгі уәжге біз де амалсыз бас шұлғимыз.
Жаңабай КЕМАЛ,
Халықаралық «Дарабоз»
әдеби бәйгесінің жүлдегері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!