Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалам ұшындағы құрмет

16.07.2020, 13:40 637

Әсілі, әр адам – әз-табиғаттың құрамдас бөл­шегі. Көз ашқаннан жанарымыз жұмыл­ғанша, осы ұлы құдіретке табыну мен там­санудан тоят табамыз. Арманға арбалтып, парызғ­а жүгін­діретін  мәңгі заңдылық аясында­ балқимыз, шалқимыз,  бас иеміз.

Ақиқат таразысы естелік парағының өзіне мысқалдай шаң, ылғал жолатпайды. Егделік  есігінің сықырлауық топсасына артық күш салғы­м келмейді. Ашық қалдырсам, заманның сұғанақ желі өн бойымды тінткілей жөнелетін сияқты. Шабыт шамының пілтесіне сезім оттығын­ жалата беріп, өткен шақ үңгіріне түскен күңгірт сәуле сызығымен ой шеңберін ұлғайта  түсемін.

Желдірме көңіл шашуына ұқсаған бұл сілтеме­ бір қарағанда жыршы әлқиссасын еске салар. Саусақтарымды саналы түрде қаламға байлап қойып, осылайша сыр ашуым әсте әсіреқызыл мақтанға жатпайды. Мұның астарында Сырдария мен Аралдың арналас ұшаны мен ұлтанын таудай толқын, сарқырама ағысымен көмкергендей көрінетін  әдебиет пен журналистикаға қатар қол созуым алақайлап менмұндалайды.

Атақты ақын Қасым Аманжолов «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп ұқтырғандай, бізді біліңкіремейтін қауымға шағын авторл­ық анықтаманың артығы болмас. Теңіздің  тостағандай  қолтығындағы Жалаңаш ауылының түлегімін. Күнделігіме бестіктен басқа баға түспеген. Қызыл галстуктілердің дружинасын басқарғам. Ауыл кітапханасының кілтін ұстадым. Қатарыма шахмат ойнауды үйреттім. Домбырадан күй төгілтіп, ауыл сахнасын­да көпшіліктің көңілін көтердім. Ұстаздар сүйікті шәкірті ретінде даралады.

Білім бұлағынан бас алмадым. Көркем әдебие­т бірден еліктіріп әкетті. Мектеп, ауыл кітапханасының барлық сөресіне қол создым. Жаңа кітаптарды елдің алды болып оқитынмын. Түрлі ұлт жазушыларының әңгіме, повес­тер жинағы, романдары көкейімде көркемдік шұғыласын арайлатты. Жағалауда, ойын арасын­да қызықты кітаптар жайлы оқырмандық әсерімді асыға күтетін тыңдаушыларым жеткілікті еді. Есептен шығарылған кітап­тарды қайта түптеп, бәкене тамдағы шкаф үстіне сым бойындағы қарлығаштардай тізбектейтінмін. Алғашқы табысым да, талабым да кітап әлемінен күтілді.

Әдебиетке іңкәрлік мықты мұғалім Әбді­рейім Есендіковтің қолтаңбасынан бастау алды. Тақтадағы, дәптер тексерудегі жазбалары­ сөз сұлулығына сұқтандырды. Ағайымыз редак­торлық жасайтын қабырға газеті үнемі жұтынып тұрады. Шымшымалары да керемет! Әжуалық суреті де кейіпкерінен айнымайды. Ол жазған мақалалар қандай тартымды! Табиғатт­ы, кейіпкердің жан дүниесін суреттеу үйлесімділігі керемет. Дәмі кетпес тәттідей, табадан  жаңа ғана дастарқанға қойылған ыстық  күлшедей.

Құдая тәуба, сондай сұңғыла ұстаздан шығарм­ашылық нәр жұғысты болғаны мұратымды айқындады. Менің де ұстаздық ұлағатым дәл өзіндей қайтарымға жетті. Баспасөз бет­те­ріндегі өзіндік қолтаңбамды ешкім шатас­тыра алмайды. Кітапханашы Жалғас Көпжанов, байлан­ыс бөлімшесіндегі Кішкене Құтмам­бетов ағалар да менің сөз өнеріне табанда­уыма кәдімгідей ықпал етті. Бірі кітабын сыйлап, екіншісі газет-журналдардың жаңа санына еркін көз жүгіртуіме мүмкіндік жасады.

Енді тақырыпқа төтелейік. Менің тұңғыш мақалам «Жаңа газет» деген атпен 1965 жылы аудандық «Толқын» газетінде жарық көрді. Ол кезде Арал қаласындағы № 13 орта мектептің 9-сынып оқушысы едім. Мектеп бітірген соң, бір жыл ауыл тынысына араластым. Жастар жетекшісі фельдшер Жалғас Жантекеевтің көземелімен шағын оркестр құрдық. Бокстан спорт үйірмесін бастандырдық. Дикторлық әуезі басым Әлдірза Жолдасов ағамен ауыл радио­ торабы арқылы балықшылар өмірінен репортаждар дайындадым. Аудандық, облыс­ты­қ газеттерге мақалалар жолдай бастадым. Оқырмандар конференциясын ұйымдастыруға атсалыстым.

Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінде әдебиет пен тіл ғылымы көкжиегіне көз талдырдым. Белгілі түрколог, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың қопара қаузайтын әпсанасы, тіл тереңіне бойлат­қан доцент Әли Байжоловтың Орхон–Енисей  жазулары, диалектология жайындағы тосын лекциялары, ғылым кандидаты Талғат Сайранбаевтың қазіргі қазақ тілі турасындағы зерттеу айналымына қанықтырған талдаулары мамандыққа ғылым көзімен қарауға төселдірді. Шетел әдебиетінен дәріс оқыған жас маманның жер жүзін шарлата жөнелген қызғылықты­ хикаяттары кітапханаға қарай төтелетті.

Осы кезден бастап сөз сиқыры баурап алды.  Көркемдегіш құралдарды ұста сайманы секілді қабылдауға машықтандым. Жазу стиліме әдеби һәм ғылыми реңк қосуға зейілім ауды. Кітапты бұрғынғыдай мазмұн қуаламай, көз ойнатып, жүректі шым еткізер композициялық құрылымына баса назар аударатын кейіпке көштім. Әдебиет  теориясына айналсоқтап, төрелік  күттім.

Қызылорда білімін, танымын Алматыдағылар эрудициясымен теңестіре алмайтын өтпелі кезеңдер әлі күнге естелік өрімімен қамшылайды. Әрине, академиктер алдын көрген жоқпыз. Есесіне, академиялық жинақтардан алтын құмшық іздегендей тырбанып, ғылыми елеуіш ұстау дағдысына бейімделдік.

Қалай дегенмен, облыс орталығы ақпарат айдынына ептеп жақындатты. «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне институт өмірі­нен жаңалықтар жаза бастадым. Н.В.Гоголь­ атындағы педагогикалық институттың соңғы курсында оқитын Тынымбай Нұрмағамбетов пен Бахыт Сарбалаевтың биік мінбеден әде­биет әлемі жайлы делебеңді қоздырар сөз саптаулары еріксіз елең еткізді. Олар кейін қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы мен сыншы­сына­ айналды. Сол тәрізді атақты жырау Көшеней Рүстембековтің факультет абыройын асқақтатқан орындаушылық шеберлігі де талант­ тұғырына көз салдыратын. Осынау таным­ал тұлғалардың өкше ізін  бағдар етіп, шығармашылық еліктеуге біржолата мойын бұрғанымды әлі күнге мақтан тұтамын.

 Кейін танымал жазушы болған Жақсылық Түменбаев тапсырмасымен өндіріс орнынан мақала дайындадым. Қарауылбек Қазиевтің «Ақ бантик» жинағы туралы тұңғыш рецен­зиям жылы қабылданды. Драматург Оразбек Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» атты пьесасы­ облыстық театрда сахналанғанда, актер­ шеберлігін тілге тиек еттім.

Қаламгер ағалар Досмағанбет Тасекеев, Адам Мекебаев, Дархан Сапаров, Қомшабай Сүйенішевтердің  лебізін көкейіме қондырдым. Сырттай сүйсінетін тамаша жазушылар Нәсіредин Сералиев пен Саид Баязитов сағыныш­ суретіне айналды. Өкінішке қарай, жыр сұңқары­ Зейнолла Шүкіров ағамызбен дидарла­су  бұйырмады.  Әлі  күнге  сан  соғатын­ әттеге­найым  – осы.

Жетпісінші жылдарғы әдебиетке еркелегендер бүгінгілерге қарағанда әлдеқайда бақыт­ты сияқты енді. Облыстық газет жанындағы әдеби бірлестікті қабырғалы қаламгер Асқар Тоқмағамбетов басқаратын. Кезекті талқыл­ауда ұстаз ақын Сәнімкүл Желдер­баеваның топтама жырларын ризалық пейілде­ мақұлдаған әдебиет ақсақалының жылы жымиы­сы күні кешегідей жадымда жаңғырады. Балалар әдебиетіне жаңа леп әкелген жас жазушы Сайлаубай Жұбатыровтың сырттайғы қаламгерлік қолтаңбасы делебемізді қыздыр­ғаны неге ұмыт болсын?!

Шығармашылық қайнарының қос арна­сына ұқсайтын жазушы және журналист ағайын­дардың екі бірдей бөлімшесі де «Ленин жолының» кең қолтық түкпірінен менмұн­далайтын. Қазір мұндай қанаттас қауышу ұстатпайтын сағым секілді көрінетінін тіл ұшына  түсірудің  өзі  еріксіз  күрсінтеді.

Түпкі мамандығым бойынша 20 жылдай аудан мектептерінде шәкірттерді қазақ тілі мен әдебиетінен сусындаттым. Мектеп дирек­торының орынбасары, аудандық білім бөлімі методик­алық кабинетінің меңгерушісі болдым. Аудандық, облыстық, республикалық басылы­мдарда мақалаларым дүркін-дүркін жарияла­нып  жатты.

«Толқын» газетімен түпкілікті байланыс 1990 жылы редакцияның аға тілшісі атан­дырды. Бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқардым. 20 жылдай аудан өмірінің рухани жаршысы, елдің жоқшысы міндетіне  арқа  тостым.

Әу бастағы арман әдебиет есігін еркін ашу әлі толық шешілген жоқ. Студент кезде жаз­ған «Кешір, жаным!» дейтін әңгімем қолжазба күйінде жатақхана бөлмелерін аралап жүріп қолды болды. «Толғаныс», «Пендеге тыным керек», «Кеш қалыппын» дейтін шағын әңгімелерім де менімен жасырынбақ ойнағандай  ғайып  болды. «Қызғалдақтар», «Тыңдашы, Жәудір», «Теңіз исі», «Емен ескек» деген әңгімелерім «Толқында» басылды. Жаңа кітаптарға рецензияларым әдеби ысқыға бейімдеді.

Кейінгі кездерде «Алғашқы асу» хикаятым мен «Шөлдеген шағала» атты әңгімем халық­аралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінде жүлдеге ілікті. Бірқатар шығармаларым ұжымдық жинақт­арға енді. Сиясы кеппеген «Менің жағала­уым» атты хикаятым, бірнеше әңгімелерім үй тартпасында. Әлі де бірде-екілі хикаят­ нобайы көңіл сандығында жібектей суситын сәтін күтулі. Әлемдік деңгейдегі даңқты жазушы­ Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Украинаның ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко шығармашылығы туралы әдеби эсселерім оқырман  көкейіне  қонғаны  сенім  ұялатады.

Журналистика – сөз өнерінің шолғыншы, шабарман саласы.   Жазушылардың дені осы Жиренше жеркепесінен шыққандар. Мені газетк­е әкелген бейнелі сөзге құштарлық. Сыр бойы талапкерлерін түгел елеңдеткен Шәкизат­ Дәрмағанбетов, Байжігіт Әбдіразақов, Айжарық Сәдібеков ағаларымыздың өршіл публицистикасы, өлеңдеткен очерктері проблематикалық сараптамалары таңдай қақтыратын. Сол рухани ықылас ақ параққа төнген сайын қалам ұшын қытықтағандай әсерге бөлейді.

 Аралдың әдеби ортасын қалыптастырған Әмірадин Әленов, Мешітбай Құттықов, Сағын­дық Тұрдалиев, Серік Сейітмағанбетов сынды аға буынның іш тартуы да үкілі үміт сыйлады.

Баспасөздің бәйтерегі іспетті Шәкірат Дәр­мағамбетов пен Омар Әбдуәлиев көкелеріміз­дің көшірмесі жоқ қолтаңбалары таңырқата табындырды. «Толқынның» табалдырығынан төріне дейін оздырған редактор Сағынжан Ермаға­нбетов ағамыздың қамқорлығы ала­бөтен, дүлдүл журналистер Өмірбек Төлепов пен Кеңес Өмірзақовтың қалам сілтесі баспа­сөз аламанында еркін көсілуімізге тебінгі терлеткен тәлімгерлігіне дән ризамыз.

Мені қазақ баспасөзіне етене еткен қос басыл­ымды құрмет төрінде әрдайым қатар атаймын. Оның біріншісі, әрине Арал аудандық «Толқын» газеті болса, екіншісі – тәуелсіз «Халық» газеті. Биыл «Толқынның» шыға бас­тағанына – 90, ал «Халықтың» көпшілік көкейі­нен шыққанына 20 жыл толады. Екеуі­нің де таңдауы маған түскені бөтен болмаса керек.­ «Халықтың» осынау жігіттік кезеңді жұлқына бейнелеген шабыт шалқымасында менің де қолтаңбам сайрап жатқаны анық. Арал өңірінің өтпелі де өкпелі шақтарын сын самалымен желпігенімді оқырман қауым ұмыта қоймаған шығар. Әуелгіде осы отты басыл­ымның аудандағы меншікті тілшісі қызметін атқардым. Кейін «Толқындағы» қызметім жауапты хатшылыққа ойысқанда, «Халық­тың» тілеулес авторы ретінде қалам сілтедім. Басқаша айтқанда, бұқарамен етене басылымның саптан шықпаған сыралғы сырласымын. «Халықтың» 10 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған ашық бәйгеде «Қоғам қалғып кетпесін» деген публицистикам басты жүлдені қанжығаға байлады.

Шығармашылық бәйгесінде біз де құралақан емеспіз. Екі мәрте «Аралдың үздік журналисі» атандым. Облыстағы аудандық газет жур­нал­истері арасында топ жардық. «Аллажар – қолдау» қоры ұйымдастырған республикалық конкурста «Арал өңіріндегі үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуы және даму беталысы» атты сараптамалық мақалам бірінші орын иеленді. Орта Азия экологиялық журналис­тикасы  ІІ, ІІІ фестивальдерінің лауреаты болдым­. Еріктілер жайлы еңбегім де еленді. Облыстық деңгейдегі мемлекеттік тілді насихаттау конкурстарында «Тілде таса жоқ», «Данал­ардан жеткен сөз дәуірлесін», «Талқы жоқ жерде тіл керең» атты мақалаларым бәйге басын бермеді. Салалық министрліктің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер Одағыны­ң  дипломымен  марапатталдым.

«Толқынға» деген ықыласым шексіз. Қолыма алғаш қалам алдырған да осы басылым. Қоғамдық тілші кезімде-фақ редакция қолғанатына жарадым. Тұрақты құрамда жаңа айдар, соны тақырып, аудан өмірін түгел қамту, проб­лема қозғау қарбаласында жаңашылдық жалауын­  желбіреттім.

Әдебиетке сағынышымды ақ өлең түріндегі публицистикалық толғаулармен ақтауға тырысты­м. Кейіпкер табиғатын кәсіби әрі адами­ қырынан ашуға ұмтылдым. Он жылдан бері құрметті демалыстамын. «Толқыннан» да, «Халықтан» да бір елі ажырап көрген емеспін. Редакцияның жаңа құрамына ұтымды кеңестер қосамын. Сиясы кеппеген туындыларымды алдымен құшағын айқара ашатын қос басылы­мға тарту етемін. Оның үстіне менің сырлы сөзімді күтетін сыралғы оқырмандарымның қатары қалың. Өлеңдеріме де ден қоя­тын әлеумет ықыласы тебірентпей қоймайды.

 Алғаш «Екпінді балықшы» деген атпен баспа­сөз әлеміне қадам басқан «Толқынның» тұңғыш редакторы Әуелбек Қоңыратбаевтан дәріс алғанымды ерекше тебіреніспен жүрек түкпіріне ұялатамын. Газет беделін биіктеткен және бір көрнекті тұлға, жазушы Тойбазар Елемес­овтің редакторлық қағидаты әлдеқашан көркемдік кілтін ұсынған. Сүйікті басылым­дарым арқылы шығармашылық тайқазанынан мыңдардың таңдайына татитын тың дүние ұсыну, әлбетте, жан рахатына бөлейді.

Болашақ түгіл бүгіннің өзі қай саладан да уақытпен үндесуді қалайды. Жаттандылық ауызекі тілдің де, жазба сөздің де құтын қашырады­. Баспасөз арамшөптей қаулаған жадағай баяндаудан арылуы тиіс. Редакциялық екшеу де әділетті һәм бейнелі болуы шарт. Әйтпесе, өз еркі өзінде андағайлаған әлеумет­тік желі аласапыраннан бар артықшылығы жоғалт­ады. Журналист барынша қырағы, батыл­ әрі әділ болғанда ғана ақ сөйлейді. Ел үшін елжіреп, жеке мүддеге маталмай, атар таңдай арайлап, батар күндей қимастықпен Отан үшін жақұт сөз, жалынды үнімен заман көшінің жалаугері болса, нұр үстіне нұр.

Ақпараттық өтімділік оқиғаны жедел екшеу­ді, иланымды қорытынды жасауды өткірлейді. Өзін сөз ұстасы санайтын барлық қаламгер аймаңдай арудай ақ параққа ешқашан­  обал  жасамайды.

Бәріміз де өмір  академиясының тыңдаушысы, заман сыншысымыз. Газет-журнал, телеар­налар мен радио толқындардан қаламы ұштаулы уақыт шабандоздарының жорғалат­қан, арындатқан, лапылдатқан, нөсерлеткен, дауылдатқан  бейнелі сөз топжарғаны атануы­на­ қошеметпен  көз  тігейік!

P.s. әлбетте, қалам ұшындағы құрмет толып­ жатқан матаулы мақтау қағаздарымен өлшенбейді. Ондайлар менде де бір-екі қор­жын­ға  жүк  салады. Сөз  өнеріне  бағалау  жетіс­пейтіндігі  бұрын  да, бүгін де айтылумен келе­ді. Алайда, «баяғы жартас – бір жартас» дегендей­, таланттарды дер кезінде тану мен бағалау­  үнемі  кешеуілдеп  жатуы көз үйренген­ келеңсіздікке  айналды.

Саусақтарымнан  сыбызғы  сазын  аңдат­қан хикаяттарым мен әңгімелерім, әдеби сын және эсселерім, очерктерім және жалынды публицистикамның бір жастыққа әзер сыйысқан­ назын­ әлі ешкім ұға қойған жоқ. Кейде осыншалық татымды дүниелерім күлшедей бір кітап­қа айналмағанына ызам келеді.­ Көркем  шығармаларым  кітап  сөре­сінде қашан күлім­сірейтінін бір Құдай біледі. Берекеті­ де берері мол билік пен бизнестегі мықтыларға ретсіз қолқа сала алмайсың. Сөйтіп жүріп ашулы өмірдің өкпесіне қал­ғандай өзіңді-өзің кінә­лайсың. Бұдан арғысы әмбеге аян дәме ғой: «Айран­ сұрай барып, шелегіңд­і  жасырма!» деген­ ежелгі  уәжге  біз де амалсыз  бас  шұлғимыз.

Жаңабай  КЕМАЛ,

Халықаралық  «Дарабоз» 

әдеби  бәйгесінің  жүлдегері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: