Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Берік Асылов 1964 жылы дүниеге келген.
1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын прокуратура саласында бастап, 1992-2001 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасында аға тергеуші, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы аса маңызды істер жөніндегі тергеуші және аға тергеуші, сондай-ақ Алматы авиациялық көлік прокурорының орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Бас прокуратураның жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімін басқарды.
2001-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасында түрлі басшылық лауазымдарда еңбек етті. Осы кезеңде Шымкент қаласының прокуроры, облыс прокурорының орынбасары және бірінші орынбасары болды. 2006 жылдан бастап Батыс өңірлік көлік прокуроры, кейін Ақтөбе облысының прокуроры қызметтерін атқарды.
2010 жылдың 28 шілдесінде ҚР Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалды. 2011-2017 жылдары Алматы қаласының прокуроры, 2017-2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры болды. Ал 2019-2022 жылдары Бас прокурордың бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылғы 3 наурыздан бері Қазақстан Республикасының Бас прокуроры лауазымын атқарып келеді. 2024 жылғы 6 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен оған 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді.
Берік Асылов қызметтік міндетін адал атқарғаны, заңдылықты нығайтуға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға қосқан үлесі үшін бірқатар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие. Олардың қатарында «Ерен еңбегі үшін» медалі, І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері, сондай-ақ «Мінсіз қызметі үшін» медальдары бар.
Фото: Бас прокуратура
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!