Бүгін Жаңақорған ауданындағы «Руханият» орталығында елге еңбегімен танылып, саналы ғұмырын туған жердің өсіп-өркендеуіне арнаған еңбек ардагері Машбек Сапарбайұлының 100 жылдығына арналған «Еңбекпен биіктеген тұлға» атты тағылымды еске алу кеші өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Игі іс-шараға аудан әкімі Мажит Самитов, облыстың зиялы қауым өкілдері, ел ағалары Нажмадин Мұсабаев, Бақыт Нұртазаев және ауданның ардагерлері мен жастары қатысты.
Кеш барысында алдымен Машбек Сапарбайұлының өмір жолы мен еңбек жолын арқау еткен «Еңбекпен өрілген ғұмыр» атты тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, «Ел құрметтісі – Машбек ата» атты арнау кештің тағылымдық мазмұнын аша түсті.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Мажит Самитов Машбек Сапарбайұлының туған өлкенің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін, еңбекқорлығы мен азаматтық болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
– Қазақ халқы – қашанда елге еңбек сіңірген азаматтарын төріне оздырған халық. Себебі елдің шынайы байлығы – ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтарында. Солардың қатарында Машбек Сапарбайұлының орны ерекше. Адалдықты, жауапкершілікті және елге қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырды. Машбек Сапарбайұлының жарқын бейнесі, елге сіңірген еңбегі, адамгершілік қасиеттері ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Елінің құрметіне бөленген азаматтың есімі туған жерімен бірге жасай береді, — деді аудан басшысы.
Кеште сөз алған «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарының Құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаев Машбек Сапарбайұлының еңбекке адалдығы мен адамгершілік келбеті жөнінде әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Бақыт Нұртазаев тұлғаның ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Тағылымды іс-шара барысында Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Ерғали Оразбеков, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова арнайы баяндама жасап, Машбек Сапарбайұлының елдік мүдде жолындағы қажырлы еңбегі мен тағылымға толы өмір жолына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Алмас Нәлібаев естеліктерімен, тұлғаның қарапайымдылығы мен кісілік келбеті жөнінде пікірімен бөлісті.
Тағылымды кешке модераторлық еткен аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы Машбек Сапарбайұлының ғибратты ғұмыры, елге сіңірген еңбегі, азаматтық ұстанымы мен адами қасиеттері туралы мазмұнды ойлар айтылғанын атап өтіп, мұндай тағылымды кездесулердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екенін жеткізді.
Кеш барысында тұлғаның өмір жолын бейнелейтін архивтік деректер мен фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға таныстырылды.
Машбек Сапарбайұлының есімі мен өнегесі туған жер тарихымен бірге жасап, келер ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!