Адамзат өркениеті дамыған сайын табиғат пен қоғам арасындағы байланыс бұрынғыдан да күрделене түсуде. Кеше ғана шексіз байлықтың көзі болып көрінген табиғи ресурстар осы күні ұқыпты пайдалануды қажет ететін құндылыққа айналды. Өнеркәсіптің өркендеуі, урбанизация үдерісі, халық санының артуы мен тұрмыстық тұтынудың көбеюі қоршаған ортаға түсетін салмақты еселейді. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінде бүкіл адамзатқа ортақ жауапкершілік жүктейтін жаһандық күн тәртібінің өзекті бағытына айналып отыр. Қазіргі уақытта әлем елдері экономика өсімі мен экология қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылуда. Өйткені, қоршаған ортаның тазалығы – халық денсаулығының, өмір сүру сапасының және болашақ ұрпақтың әл-ауқатының кепілі. Табиғатқа жасалған әрбір ықпал түптің түбінде адамның өзіне қайтып оралатыны бүгінде дәлелдеуді қажет етпейтіні ақиқат. Мемлекетіміз үшін де экологиялық қауіпсіздік мәселесі стратегиялық маңызға ие. Ел аумағының кеңдігіне қарамастан, өндірістік жүктеме, су ресурстарының тапшылығы, климаттың өзгеруі, қалдықтарды басқару мәселелері өңірлердегі экологиялық саясаттың өзектілігін арттыра түсуде.
Сыр өңірі де бұл үрдістен шет қалып отырған жоқ. Бір жағынан, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа өндірістердің ашылуына жол ашса, екінші жағынан табиғи тепе-теңдікті сақтау міндеті күн тәртібінен түскен емес. Қызылорда қаласының бүгінгі экологиялық ахуалы қандай? Қоршаған ортаны қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жұмыстары қалай жүргізілуде? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеу мақсатында Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті және Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (ТКШ) бөлімімен байланысып, қаладағы экологиялық жағдайға қатысты ресми мәліметтерге зер салдық.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
Экологиялық ахуалды бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі – атмосфералық ауа сапасы. Расымен де, адамның денсаулығына тікелей әсер ететін факторлардың басым бөлігі ауа құрамымен байланысты.
Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі ауа сапасына бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жұмыстарды Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы жүзеге асырады.
– Бүгінде облыс аумағында атмосфералық ауаның жай-күйін бақылайтын сегіз бақылау бекеті жұмыс істеуде. Оның ішінде автоматтандырылған станциялар тәулік бойы үздіксіз мониторинг жүргізіп, мамандар ауа құрамындағы ұсақ қалқыма бөлшектерді, азот пен күкірт қосылыстарын, көміртегі оксидін және өзге де ластаушы заттарды бақылап отырады. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі Қызылорда қаласындағы атмосфералық ауа сапасының тұрақты екенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ауа ластануының кешенді индексі 1,19 деңгейінде тіркелген. Бұл көрсеткіш экологиялық бағалау шкаласы бойынша төмен деңгей санатына жатады. Сондай-ақ, өңірде атмосфералық ауа сапасын жақсарту және өндірістік шығарындыларды бақылау мақсатында бірқатар кәсіпорында автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілген. Атап айтқанда, «Гежуба Шиелі Цемент», «СКЗ-Ю» және «Orda Glass LTD» кәсіпорындарында автоматтандырылған бақылау жүйелері толық орнатылып, іске қосылған. Аталған жүйелер өндірістік көздерден шығатын эмиссия көлемін үздіксіз бақылап, мәліметтерді нақты уақыт режимінде Ұлттық деректер банкіне жолдап отырады, — дейді департамент мамандары.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері өңірде жоғары немесе экстремалды жоғары ластану жағдайлары тіркелмеген. Бұл қоршаған орта мониторингінің тиімді жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Экология мәселесі қозғалғанда өндірістік кәсіпорындардың қызметі де назардан тыс қалмайтыны рас. Себебі де сол, өнеркәсіп саласы экономиканың қозғаушы күші болғанымен, қоршаған ортаға әсер ететін негізгі факторлардың бірі саналады. Мәселен, облыстағы бірінші санаттағы кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығаратын эмиссия көлемі 47,6 мың тоннаны құраған. Алайда, нақты шығарындылар көлемі белгіленген лимиттен төмен болып, 38,9 мың тонна деңгейінде қалыптасқан. Сонымен қатар, қала көлеміндегі негізгі экологиялық бақылауда тұрған нысандар қатарынан тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны, кәріз суларын биологиялық тазарту станциясы, кірпіш шығаратын өндірістер, мұнай өңдеу және шыны өндіру кәсіпорындарын көруге болады.
Департамент дерегінше, соңғы жылдары кәсіпорындарда өндірістік шығарындыларды азайтуға бағытталған жаңа технологиялар енгізіле бастаған. Мәселен, кірпіш зауыттарында шаң тұндыру камералары мен шаң басу жүйелері орнатылып, атмосфераға таралатын зиянды заттардың көлемі едәуір қысқарған. Ал мұнай өңдеу кәсіпорындарында зиянды буларды ұстап қалатын арнайы қондырғылар іске қосылған. Экология саласының мамандары мұндай технологиялық жаңғыртулардың қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуда маңызды рөл атқаратынын айтады.
ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ МӘСЕЛЕСІ – МӘЖІЛС МІНБЕРІНДЕ
Бүгінде әлем елдерінің алдында тұрған басты экологиялық сын-қатерлердің бірі – тұрмыстық қалдықтар мәселесі. Сарапшылардың сөзінше, болашақта қалдықтарды тиімді басқару жүйесін қалыптастыра алған мемлекеттер ғана экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады.
Қалдықтарды басқару және қайта өңдеу мәселесі тек өңірлік деңгейдегі міндеттердің қатарында емес. Бұл тақырып бүгінде республикалық деңгейде де өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұған жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртазаның ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Н.Нәлібаевқа жолдаған депутаттық сауалы дәлел. Депутат өз сауалында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы түйткілдердің көп жылдар бойы жүйелі шешімін таппай келе жатқанын атап өткен. Оның пікірінше, қолданыстағы заңнамалық нормалар мен мемлекеттік саясатқа қарамастан, қалдықтарды басқару мәселесі еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды инфрақұрылымдық проблемалардың бірі болып қалып отыр.
Шынында да, қолданыстағы Экология кодексінде қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру, оларды жинау инфрақұрылымын дамыту және қайта өңдеу жүйесін қалыптастыру мәселелері нақты қарастырылған. Алайда депутаттық сауалда көрсетілгендей, бұл талаптардың орындалу деңгейі барлық өңірде бірдей емес. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 4,5-5 миллион тоннаға дейін коммуналдық қалдық түзіледі. Алайда оның тек 24-26 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 45-50 пайыздан асып жығылады. Яғни қайта өңдеу саласында әлі де болса пайдаланылмай жатқан мүмкіндік аз емес. Сауалда қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішінің төмен болуына әсер етіп отырған бірнеше негізгі себеп аталады. Соның ішінде қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің толық қалыптаспауы, арнайы контейнерлер мен қабылдау пункттерінің жеткіліксіздігі, қайталама шикізат жинау желісінің нашар дамуы және өңірлердегі жұмыстың бірізді жүргізілмеуі ерекше назарға алынған.
Депутаттық сауалда сондай-ақ, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірқатар нақты сұрақ қойылған. Атап айтқанда, қалдықтарды бөлек жинау жөніндегі заңнамалық нормалардың толық орындалмау себептері, осы бағыттағы инфрақұрылымды дамыту үшін қабылданған шаралар, бірыңғай нормативтердің әзірленбеу себептері және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мәселелері көтерілген. Сонымен қатар, халық қалаулысы қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамытудың міндетті нормативтерін әзірлеуді, қайталама шикізат қабылдау пункттерінің желісін кеңейтуді, саладағы реттеуші рәсімдерді жеңілдетуді және уәкілетті органдардың жауапкершілігін нақтылауды ұсынған.
Бұл мәселелердің көтерілуі қалдықтарды басқару жүйесінің экология саласындағы басым бағыттардың бірі екенін көрсетеді. Ашығын айту керек, қазіргі күні қалдықтарды қайта өңдеу жаңа өндірістерді дамытуға, инвестиция тартуға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін экономикалық тетік ретінде қарастырылады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қызылорда облысында қолға алынған қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобаларының маңызы арта түседі. Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, өңірде жүзеге асырылып жатқан жаңа өндірістік бастамалар қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыруға, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға және өңірдің экологиялық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.
ҚАЙТА ӨҢДЕУ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Облыс орталығында да бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Оған дәлел, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 307,6 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 103,2 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілген. Бұл жалпы көлемнің 33,6 пайызын құрайды. Кейінгі жылдары қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішінің артуы аймақта сұрыптау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында да бұл үрдіс жалғасып, қайта өңдеу деңгейі 34,5 пайызға жеткен. Сондай-ақ, Қызылорда қалалық ТКШ бөлімінің мәліметінше, қатты тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру мақсатында 2026 жылға әкімдік тарапынан 92 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Аталған қаражат есебінен полигон аумағында арнайы котлован қазылып, сұрыптаудан өткен, яғни қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Қалдықтар арнайы орынға орналастырылып, тапталғаннан кейін көму жұмыстары атқарылуда.
– Қала аумағында пластик, қағаз, шыны және өзге де қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлерді орнату бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды. Қаржы қаражаты бөлінген жағдайда, аталған контейнерлер тұрғындар көп шоғырланатын аумақтарға кезең-кезеңімен орналастырылатын болады. Қазіргі уақытта тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу барысында елеулі қиындықтар мен кедергілер жоқ. Алдағы уақытта арнайы экобокстар орнатылғаннан кейін тұрғындар арасында қалдықтарды бөлек жинаудың маңыздылығы, оларды дұрыс пайдалану тәртібі және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша кең көлемде түсіндіру және ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілетін болады, — дейді қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Шөкенов.
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүгінгі күні тек қоршаған ортаға келетін залалды азайтумен шектелмейді. Бұл – қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруды, өндірісте заманауи технологияларды енгізуді және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды талап ететін кешенді үдеріс. Осы тұрғыдан алғанда, Қызылорда қаласында жүзеге асырылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық жоба өңірдің экологиялық келбетін жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың қатарынан орын алады.
ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ ҚАЛЫПТАСПАҚ
Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласында ауқымды жобалар қолға алынуда. Соның ішінде ерекше назар аударатын бастамалардың бірі – Оңтүстік Корея технологиясы негізінде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытын салу жобасы. Бұл жоба қалдықтарды көму тәжірибесінен біртіндеп бас тартып, оларды экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Жоспар бойынша зауыт бірнеше кезең арқылы іске асырылмақ. Алғашқы кезеңде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жолға қойылса, кейін оларды өңдеу және қайта пайдалану бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылады. Ал үшінші кезеңде жылыжай кешенін іске қосу қарастырылған. Жалпы құны 37,8 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орны жылына 300 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптауға қауқарлы. Бүгінде нысан орналасатын аумақта қажетті инженерлік және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны ашылып, қалдықтарды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Мамандардың есебінше, өндірілетін қуат көлемі 20 мегаваттқа дейін жетуі ықтимал.
Қаламыздағы қолға алынған тағы бір маңызды бастама – шыны қалдықтарын қайта өңдеу өндірісін дамыту жобасы. «Seven Rivers Technologies» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі германдық технология негізінде шыны қалдықтарын қайта өңдеп, шыны ыдыстарын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Құны 60 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс орны Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақта орналасады деп күтілуде. Жоба жүзеге асқан жағдайда кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 240 миллион дана шыны бөтелке шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру кезеңдеріне дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Мамандардың мәліметінше, мұндай өндірістердің іске қосылуы шаһардағы қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, қайталама шикізатты пайдалану мәдениетінің қалыптасуына серпін береді. Сонымен қатар, қайта өңдеу үлесінің артуы табиғи ресурстарға түсетін салмақты азайтып, өңірдің экологиялық және экономикалық әлеуетін нығайтуға жол ашады.
Осылайша, Қызылордада жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалар қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады. Қалдықтарды қайта өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту арқылы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар алдағы жылдары өз нәтижесін бермек.
Перизат ЗАХРАДИН
Коллаж: Ашық дереккөздер арқылы дайындаған А.Құрманқызы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!