«Ақ сиса, қызыл сиса, сиса» деп басталатын әнді «әу» деп ән салатындар әндетіп, ондай өнері жоғы ысқырып болса да, ырғағын келтіреді ғой. Қазіргі кезде жүн сабағындай тарсылдап, ортасында ит үріп, мысық мияулап, иду-қиду болып аласұрып жататын шуылдақ әндер көбейіп кеткеннен бері сиректеу айтылғанымен, бұл әнді әлі де сүйіп айтатындар бар. Әсіресе, Шонай! Япырай, аузына тентек судан титтей тисе, зар еңіретеді ғой… Жаяу Мұса көкеміз бұл әнді өзіне зорлық жасап, күн көрсетпеген бұрынғы рэкеттерге «нервничит» етіп шығарса керек. Ал Шөкеңнің қай перісінің буып жүргенін білмедік. Әйтеуір, аты осы әнмен шықты.
Жақында клубта аудандағы дәу бастықтың бірі келіп, жиналыс өткізді. Ауыл тұрғындары жапа-тармағай жиналыпты. Соның алдында ғана киномеханик екеуі кинобудкада отырып-ақ бірер бөтелкені асқазанға жөнелтіп жіберген Шонекең де келіп, бір бұрышқа жайғасты. Хабарлама бітіп, жұрт шарт-шұрт шапалақ ұрған кезде иығына салмақ сала қисайып тұрған басын көтеріп алды.
– Күн тәртібіндегі мәселе бойынша кәне кім сөйлейді? — деп жиналыс басқарушы жұртқа шола көз салғанда Шонайдың қолы шошаң ете қалмасы бар ма. Қызу қалпын біреулер байқап, біреулер байқамай да қалған.
– Сөз Шонай мырзаға берілді, — деген жиналыс басқарушы орнына отыра бере-ақ, Шонекең жоғары шығып, жел қайыққа мінгендей мінбердің екі ернінен мықтап ұстап алды. «Хм, хм» деп дауысын кенеп, тілін жылпылдатып, екі езуін кезек-кезек тазалап, әбден дайындалып алған соң, тарғыл дауыспен:
– Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса, — деп екпіндете шырқап қоя берді дейсіз.
Тосыннан шыққан оқыс дауыстан манадан бері самарқаулана маңғаз отырғандар астарынан су шыққандай апақ-жапақ, жан-жақтарына жалтаңдап, одырайысып қалысты. Тіпті, жайбарақат көзілдірігін сүртіп отырған өрден келген кісі шошынып, селк ете қалғанда, қолындағысы сарт етіп, ұшып түссін. Ал, Шонай болса өз малы өзіне түгел, әншілік қалпына енді енгендей көзін тарс жұмып, бар дауысымен ышқынып тұр еді. Әннің қайырмасын аяқтай бере қой қайырғандай «қияқ, қияқ» деп қиқулап алып, екіншісіне көшеді. Алғашында аңтарылысып қалған залдағылар ду-ду күліп, мәз болып қалысты. Көптен әртіс келмей қаңырап тұрған клуб үйіне жан кіргендей абыр-сабыр.
«Әнші» басын кекжитіп, үшінші куплетті әңкілдетіп тұрғанда ғана есін жинаған стол басындағылардың біреуі Шонайдың қолынан сүйрелеп, екіншісі ышқырынан тартып төменге түсіріп тынды-ау, әйтеуір.
– Жоқты айтып жылай бересіңдер, араларыңнан ән салатындарың шыққан соң, жағдайларың шыли жаман болмауы керек, — деген өкіл өкпелеп кетіп қалды.
Ұзынқұлақ сыпсың-сыпсың әңгімеден естуімізше ондай-ондайға жүгері жегендей де қиналып жүрген Шонекең жоқ көрінеді. Қайта репертуарын молайтып, келесі жиналысқа ынталылықпен дайындалып жатқан сыңайлы. Көп көпірме сөзден бір ауыз болса да ән жақсы-ақ. Салатын жағдай, шырқайтын кісі болса, енді оған не жетсін!
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлде лауреаты.
Шиелі ауданы
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!