Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тыл ардагерін мерейтойымен құттықтады

12.06.2026, 12:05 66

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Сарбұлақ ауылындағы халықпен өткен кездесуден кейін ауданның дамуына зор үлес қосқан тыл ардагері, көпбалалы ардақты ана Ажар Байсалованың шаңырағына барып, 90 жас мерейтойымен құттықтады, деп жазады баспасөз қызметі.

Кездесу барысында аудан әкімі мерейтой иесіне Қазалы ауданының ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасын» табыстап, камзол мен жаулық жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, ақжарма тілегін жеткізіп, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасының амандығын тіледі.

Ажар Байсалова – 1936 жылы дүниеге келіп, қиын-қыстау кезеңдерде ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен жандардың бірі. Жастайынан еңбекке араласып, өмірдің талай сынағынан сүрінбей өтті. Ақсуат ауылының тумасы Жанділда Байсаловпен шаңырақ көтеріп, Қазалы қаласына қоныс аударған соң балық зауытында еңбек жолын бастады. Арнайы мамандығы болмаса да, еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында ұжым арасында сый-құрметке бөленіп, зауыттың «Құрмет тақтасынан» түспеген. Бір мекемеде табан аудармай 30 жыл еңбек етіп, 1986 жылы зейнеткерлікке шықты.

1989 жылы Сарбұлақ ауылына қоныс аударған соң да еңбек жолын тоқтатпай, жолдасымен бірге мал шаруашылығына араласып, шопанның сенімді көмекшісі болды. Саналы ғұмырын туған жердің өсіп-өркендеуіне арнаған Ажар ана – нағыз еңбек адамының жарқын үлгісі.

Ажар ана – тек еңбек майданының ардагері ғана емес, берекелі әулеттің алтын діңгегі. Жолдасымен бірге 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, барлығын өмірден өз орнын табар азамат етіп жеткізді. Бүгінде 25 немере, 41 шөбере және 1 шөпшек сүйіп отырған ардақты әже ұрпағына өнеге, әулетіне тірек болып отыр

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: