Қазақстандық шахматшы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, қаржыландыру мәселесіне назар аударуды сұрады, деп жазады penalty.kz.
Спортшының айтуынша, жақында аяқталған Norway Chess Women халықаралық турниріне дайындық өз қаражаты мен ата-анасының қолдауымен жүргізілген. Сондай-ақ шахматшы 2025 жылдан бастап өзіне тағайындалған ай сайынғы төлем мөлшері қысқартылғанын айтты.
«2023 жылдан бері Спорт министрлігі арқылы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып келдім. Алайда 2025 жылдан бастап бұл төлем үш есеге қысқарды. Сонымен қатар Қазақстан шахмат федерациясынан жалақы алып көрген емеспін.
«Sport Qory» қоры арқылы көмек сұрап өтініш бергенімізбен, қажетті қаржының тек бір бөлігі ғана берілді. Соның салдарынан маңызды жарыстарда секунданттарым қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Сондай-ақ маған 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлықпен ІІ дәрежелі «Барыс» ордені берілгенімен, марапат әлі күнге дейін табысталған жоқ. Сіздің атыңызға e-өтініш арқылы бірнеше хат жолдадық, алайда бүгінге дейін жауап алмадық. Алда маңызды жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары тұр. Осындай жағдайда не істеуім керек?», — делінген бейнеүндеуде.
Жақында ғана Норвегияда өткен Norway Chess Women 2026 турнирінде Бибісара Асаубаева 16,5 ұпай жинап, беделді жарыста жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық шахматшы атанды.
Бану ӘБДІҒАЛИЕВА,
спорт шолушысы
Фото: ФИДЕ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!