Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемге танымал блогерлер Қызылордадағы Президент саябағымен танысты

07.06.2026, 22:00 61

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, қала әкімі Нұржан Ахатов Қызылорда қаласына арнайы келген әлемге танымал блогерлер Дастан Мұхамедрахым мен Джо Хаттабқа (HATAB JEHAD JAMAL TAWFIQ) қайта жаңғыртылған Президент саябағын таныстырды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған Президент саябағының аумағында заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, би және шахмат аймақтары, баскетбол мен футбол алаңдары орналасқан. Сондай-ақ мұнда биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер салынған.

Жалпы аумағы 31 гектар саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген.

Саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 300 орындық заманауи балалар лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы пайдалануға берілген. Сонымен қатар 8,2 гектар аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық, жаңа драма театр және заманауи Президенттік кітапхана бой көтеруде.

Кездесуде қонақтарға өңірдің туристік әлеуеті, Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны және қаладағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды.

Айта кетейік, Джо Хаттаб – халықаралық деңгейде кеңінен танылған араб тревел-документалисі, режиссер, бейнеграф және YouTube блогері. Қазіргі уақытта оның әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 25 миллионнан асады.

Ол жай ғана туристік орындарды таныстыратын блогер емес, деректі фильмдер түсіретін контент авторы ретінде танымал. Шығармашылығының негізгі бағыты – сирек мәдениеттер мен әлемнің шалғай өңірлеріндегі адамдардың өмірін көрсету. Джо Хаттаб Эверест тауларындағы шерпалардың тұрмысы, Амазонка джунглилеріндегі тайпалардың өмір салты, сондай-ақ әлемдегі ең оқшауланған мемлекеттердің бірі саналатын Солтүстік Корея мен Куба туралы бірегей жобалар әзірлеген.

Сонымен қатар ол түрлі елдегі ерекше кәсіп иелерінің өмірін, тағдырлы адамдардың оқиғаларын және экология, кедейлік секілді жаһандық мәселелерді арқау еткен деректі фильмдерімен танылған. Блогердің Joe Hattab Production жеке медиа өндірістік компаниясы жұмыс істейді. Ол түсірілім барысында ең заманауи техникалар мен дрондарды пайдаланып, бейнематериалдарына кинематографиялық стиль береді.

Джо Хаттаб халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі компаниялардың, атап айтқанда Sony, Emirates, Samsung, Facebook және Google брендтерінің ресми амбассадоры болған. Оның Қазақстан, Сауд Арабиясы және Жапония туралы түсірген бейнежобалары халықаралық аудиторияның қызығушылығын арттырып, аталған елдерге шетелдік туристер ағынының көбеюіне ықпал еткен.

Алдағы екі күнде танымал блогерлер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне бармақ. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш айлағында деректі фильм түсіруді жоспарлауда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: